Жаңалықтар

Наурыз мейрамындағы ерекше салт-дәстүрлер

Наурыз мейрамындағы ерекше салт-дәстүрлер
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 16.03.2024 11:36 289

16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Мерекеге орай наурыз мейрамында жасалатын ерекше дәстүрлерге шолу жасадық, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұсаукесер

Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ “баламыз тез жүріп кетсін” деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатын той жасайды.

Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деп пайымдайды. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған. Сондықтан, қаз тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауын кесу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ескі дәстүр. Тіпті, бұл күнге орай кішігім думанды той жасалады.

Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі. Ал малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп ырымдауында. Сондай-ақ, бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдап, тұсауын көк шөппен кеседі.

Бір қызығы, қазақ халқы баланың тұсауын жәйбасар, сүріншек адамдарға кестірмейді екен. Баланың тұсауын жиналған көпшілік арасынан шаруаға икемді, елгезек, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін қағылез, пысық адам таңдалып алынып, соған кестіреді. Болашақта бала сол адам секілді үлгі тұтарлық азамат болсын деген ниетпен пысық адам таңдайды.

Ұйқыашар мен селтеткізер

Ал жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, қыз-жігіттер бір-бірімен ойнап-күліп өткізген. Үлкендері жоқ үйге жиналып, бастаңғы жасап, ақ дастарқан басында емін-еркін қалжыңдасып, ән-жыр айтысып, өздерінше тойлаған. Осы бір көңілді де көрікті түнде жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға асығады. Ал қыздар жағы көңіл-қошы ауған «серісіне» емеурін білдіру үшін, ең тәтті-дәмді тағамын әзірлейді. Мұндай ырду-дырду түнде ұйқы түгілі шаршауды да ойламаған жігітке «Ұйқыңды аш» деген сылтаумен «Ұйқыашар» ұсынады.

Аталған дәмнің «Ұйқыашар» аталуы да бекер емес. Себебі, 21-нен 22-сіне қараған түні халық көз ілмей Жаңа жылдың алғашқы таңын күткен. Күн көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат мезет «Күн сәті» деп саналған. Егер кімде-кім Ұлыс күннің «Күн сәтін» маңдайын тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген дәстүрлі ұғымға сай жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Табиғат оянып, тіршілік атаулыға жан жүгірген көгілдір көктемде «Ұйықашардың» уыз дәмі ер жігіттің үмітін оятқан.

Ару тарапынан көрсетілген осындай қошаметке жігіттің бей-жай қалуы екіталай. Сондықтан олар да қарап қалмай «Селт еткізер» деген ниетпен әлгі аруға айна-тарақ, алқа-сырға, шолпы-шашбау сыйлайды. Осылайша, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүректері де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасалады.

Саумалық

Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:

Саумалық, саумалық,
Наурызымның көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы
Жібіді ме көрдің бе?
Саумалық, саумалық,
Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,
Ескі жыл есіркей кет,
Жаңа жыл жарылқай кел — деп бір ескі ыдысты сындырып, “жамандық кетсін” деп ырым жасайды.

Сәлем беру, сәлем ету

Алыс жолдан келген жолаушы немесе сол елдің адамы ауыл ақсақалдарына немесе белгілі адамдарға әдейі іздеп келіп сәлем беру – қалыптасқан ұлттық дәстүріміз. Кейде «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» дегендей жөн білетін ақсақалдарымыздың өзі амандасуды да ұят көрмеген. Егер сәлем ер азаматтарға байланысты болса, сәлем берді деп айтылады.

Сондай-ақ, ақ жаулық тағып, келін деген асқақ атты иемденген нәзік жандыларымыз да үлкендерге сәлем салған. Ондайда, жанындағылар үлкендерге «пәленшенің келіні сәлем беріп жатыр» деп жеткізеді. Мұндайда көне көз қарияларымыз «Көп жаса, бақытты бол» деп бата қайырған. Егер сәлем әйел затына қатысты болса, сәлем етті деп айтылады.

Асар

Ауылға асар жасататынын хабарлайды. Бір жанұяның қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін бір ауылдың адамдары «асарға» шақырылады. Мысалы: үй көтергенде, егін салғанда, шөп шабуға тағы сол сияқты көлемді, ауыр жұмыстарға шақырылады. Асарға шақырушылар еңбегі үшін ақша талап етпейді. Оның есесіне  асарға шақырушы адам оларға май сойып, қымыз құйып, жақсы ас әзірлейді. Асар- қазақ елінің ұжымдық топта жұмыс істеуінің бір көрінісі деп қарауға болады.

Асату

Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалармен жігіттерге асатуы тиіс. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз» деп қонақ келген үйдің маңайында жүретін болған. Мұндай халықтық дәстүрді жазушы С. Мұқанов кең насихаттап қолданып, жалғастырып отырған.

Аяғына жығылу

Кешірім сұраудың ең үлкен және кішіреюдің ең ауыр түрі аяғына жығылу болып  табылады. Айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп, тиісті адамның үйіне барып кешірім сұрайды. Егер іс қиындап кетсе, айыпкер қарсы адамның алдына жығылып, аяғын құшып, жылап кешірім сұрауы керек. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегендей мұндайда кешірім етіледі. Аяғына жығылу жазамен бірдей есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға