Жаңалықтар

Нашар оқушылар тоғызыншы сыныптан кейін колледжге кетеді деген түсінік өзгерген – мектеп директоры

Нашар оқушылар тоғызыншы сыныптан кейін колледжге кетеді деген түсінік өзгерген – мектеп директоры
Фото: Жеке мұрағат 24.05.2023 13:44 1546

Биыл мектептердегі соңғы қоңырау 25 мамырда емес 1 маусымда соғылады. Өйткені оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды. Мектептегі осындай өгерістердің оқу барысына қалай әсер еткенін Алматыдағы Қожа Аxмет Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназияның директоры Бағила Мәсімақынқызы Әшімбаевадан сұрап білген едік.

El.kz: Бағила Мәсімақынқызы, биылғы оқу жылының 36 аптаға ұзартылғанын білеміз. Бұған не себеп болып еді?

Бағила Әшімбаева: Орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы №363 бұйрығы негізінде 2-11-сыныптарда 36 оқу аптасы нақтыланған. Сонымен байланысты Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 10 сәуірдегі №88 бұйрығы негізінде меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталуы жөніндегі бұйрықтардың негізінде оқу жылының ұзақтығы 36 аптаға созылды. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл аптасына бұрынғыдай алты күн емес, бес күн сабақ өтуімізге байланысты еді. Енді бұрынғыдан өзгеше болған биылғы оқу жылының қалай өткенін толық аяқталған соң ғана біле аламыз.

El.kz: Иә, оқу аптасының 5 күндік болуына байланысты күніне өтетін сабақ саны да көбейді. Мысалы, бір күнде жеті сабақ өту қиындық тудырмады ма? Бұл мұғалім мен оқушыға, жалпы сабақ барысына қалай әсер етті?

Бағила Әшімбаева: Өткен жылы біздің саланың министрі: «Келесі жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Біз осыған қатысты шешім қабылдадық. Бұл мектеп директорларына, оның орынбасарларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерге қатысты. Мұғалімдер сенбі күні демалып, балаларының қасында болуы керек деп есептейміз. Бұл оқу жылының созылуы және оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады» деген болатын.

Осы мәлімдемеге байланысты «Мектеп қызметкерлерінің еңбек жағдайларының өзгеруі туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 71-бабы 3-тармағына сәйкес мектеп қызметкерлерінің еңбек жағдайлары өзгерді. Яғни 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектеп қызметкерлеріне мынадай жұмыс және демалыс уақыттары белгіленді: жұмыс – дүйсенбі-жұма, демалыс – сенбі, жексенбі.

Оқыту мен оқу үдерісі өткізілгенімен оқушының білімге деген ынтасы, оқу сапасы түсіп кеткені байқалады. Өйткені бір күнгі 6-7 сабақтан оқушының есте сақтау қабілеті мен тыңдауы, ақпаратты қабылдауы төмендеп кетеді. Ал мұғалімнің кәсіби, әдіснамалық тұрғыдан, жаңашыл оқыту үдерісін ұйымдастыруға мүлдем уақыты болмай қалады. Десе де, ұстаздар мен шәкірттер бұл жағдайды да өз деңгейінде игеріп жүр.

El.kz: Қазіргі оқу бағдарламасы онсыз да тым күрделі, баланың миын ашытып жібереді деген пікір бар. Сіз бұған не дейсіз?

Бағила Әшімбаева: Жыл өткен сайын оқу бағдарламасының жетілдіріліп, күрделеніп отыратыны рас. Бірақ ол соншалықты балалар игере алмайтын деңгейде деп айтуға болмайды. Сондай-ақ бұл мұғалімнің оқушыға сабақты ұғынықты тілмен түсіндіре алуына да байланысты. Ондай шебер ұстаздар бізде баршылық.

Сонымен қатар әр мұғалім мына нәрсені түсінуі керек: Оқыту бағдарламасында қарастырылып жатқан тақырыптар оқушыны болашақ өмірге бейімдеуге, бәсекеге қабілетті тұлғаларды тәрбиелеуге  бағыт береді. Ұстаздар сол бағыт бойынша тиісті деңгейде жұмыс істеуі керек.

El.kz: Жақында «соңғы қоңыраудың не қажеті бар?» деген мағынада пікірлер айтылды. Бұған министрліктің жауабы да мәлім. Өткен ғасырдан бері дәстүрлі жалғасын тауып келе жатқан бұл шара алып тасталмайтын болды. Осы тұрғыда сіздің жеке ойыңыз қалай?

Бағила Әшімбаева: Мектепке келгенде оқушылардың барлығында «Алғашқы қоңырау» соғылады. Сол оқушылар 11 жылдан кейін өздерінің «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысқысы келеді. Бұл деген бұрыннан келе жатқан үрдіс. Болашаққа ұмтылған әр баланың өмірінде ұмытылмайтын сәттердің бірі. Бұл олардың кейін өткізілетін 10, 20, 30, 40, 50 жылдықтарында сыныптастарымен кездесулерінің бастамасы десек те болады. Сондықтан соңғы қоңырау тек қана мектеппен қоштасу рәсімі емес, бұл – мектеп түлектерінің жаңа өмірге нық қадам басуының бастамасы.

Біздің мектепте жылда соңғы қоңырауға дейін «Жұлдыздар шеруі» өткізіледі. Онда оқушыларды жыл бойы білім, өнер, спортта жеткен жетістіктерімен марапаттаймыз. Биыл да осы шеруді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

El.kz: Ал мектеп бітіруді барлық сән-салтанатымен тойлауға қалай қарайсыз? Сіздің мектептің түлектері бұл шараны қалай атап өтеді?

Бағила Әшімбаева: Мектеп бітіруші оқушылар, мектептің ішкі тәртіп ережесін біледі.

Ондай ережені бұзатын ата-ана, оқушы бізде жоқ десек те болады. Мектеп  бітіру кешіне лимузин жалдап, ерекше сән-салтанатпен келген оқушылар бізде болған емес. Бәрі тәртіп бойынша жасалуы керек.

El.kz: Біздің оқушы кезімізде мектепте нашар оқитындар 8-ші (қазір 9) сыныптан кейін училищеге (қазір колледж) кетеді дейтін. Сол түсінік әлі де бар ма?

Бағила Әшімбаева: Бұрын ондай түсініктің болғаны рас. Соны тіпті қалыпты жағдай сияқты көрдік. Бірақ қазір ол түсінік өзгерген. Бүгінгі балалардың ойлау жүйесі мүлдем басқаша. Соған сай түсінік те басқа. Қазір оқушылар тоғызыншы сыныптан кейін бір-бір мамандық иегері болу үшін колледждерге түседі. Оның үстіне өмірге ең қажетті мамандықтардың сол жерден табылатынына еш күмән жоқ. Сондықтан оған тоғызды жақсы нәтижемен бітіргендер де барады.

El.kz: Жалпы, баланың болашақ мамандығын таңдау барысына қалай әсер етесіздер? Олар көбіне қандай салаларды таңдайды?

Бағила Әшімбаева: Көп оқушылар мұғалімдік пен дәрігерлікті таңдайды. Кейбірі берілетін стипендиясына қызығатыны байқалады. Бала ғой енді. Оның үстіне бұл мамандықтарға болашақта жұмыс табылатынына кепілдік жоғары. Сонымен қатар жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша пәндер жиі таңдалады. Оған мемлекеттік гранттың көп бөлінетіні себеп деп ойлаймын.

El.kz: Оқушылардың биылғы ҰБТ-ға дайындығы қалай болды? Осы тестілеуден ең жоғары жетістікке жеткен кездеріңіз болды ма?

Бағила Әшімбаева: Бізде дайындық жыл сайын жақсы жүргізіледі. 2018 жылы естен кетпестей керемет жетістікке қол жеткіздік. Сол кездегі Шиара Құдайбергенова есімді түлегіміздің Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 балл жинаған еді. Әрине, қуанышымызда шек болмады. Ұстаз бен шәкірт еңбегінің жемісі деген осы. Бұл мектеп-гимназия ұжымының үлкен жетістігі деп білемін.

Ал биыл оқушылар ҰБТ-ны төрт мәрте тапсыра алады. Яғни оларға бұл тұрғыда жыл өткен сайын барынша жағдай жасалып жатыр.

El.kz: Бірер жыл бұрын әлем бойынша жаппай етек алған пандемия кезеңін бастан өткердік. Сол кездегі оқу барысы сіздерде қалай болды?

Бағила Әшімбаева: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі №123 бұйрығының негізінде, «Алматы қаласы білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі № 99 бұйрығына сәйкес пандемия кезеңінде короновирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқу процессін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар және пандемия кезеңінде короновирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қосымша білім беру процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа ала отырып Қ.А.Ясауи атындағы № 123 мектеп-гимназиясында қашықтықтан білім беру ұйымдастырылды.

Коронавирустық инфекцияның  таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде орта білім беру ұйымдарында оқу процесін іске асыру жөніндегі әдістемелік нұсқаулық мұғалімдерге таныстырылды.

1-11 сыныптардың ата-аналары үшін «Біздің мектепте қашықтықтан оқыту қалай жүргізіледі?» тақырыбында қашықтықтан ата-аналар жиналысы өткізілді, «Мен қашықтықтан қалай оқимын?», «Өзіңді вирустық аурулардан қалай сақтауға болады?» тақырыптарына қашықтықтан сынып сағаттары ұйымдастырылды.

Пандемия кезіндегі қашықтан оқу барысында да мектептің деңгейі төмендеген жоқ. Қайта мұғалімдер осы жүйені тез меңгеріп, балаларды білім нәрімен дәл бұрынғыдай сусындата білді. Тіпті ашық сабақтар да, басқа түрлі шаралар да онлайнмен тиісті деңгейде өткізілді.

El.kz: Мұғалімдерді аттестаттауға қатысты жылда мәселелер туындап жатады. Сіздің ойыңызша бұл тұрғыда қандай түйткілдер бар? Қай жағынан дұрыс болмай жатыр?

Бағила Әшімбаева: Көп жылдық тәжірибесі бар мұғалімдерді Ұлттық біліктілік тестілеуінен өткізудің не қажеті бар деген сұрақтың туындағаны белгілі. Оған осы жылдың басында Оқу-ағарту министрлігі нүкте қойды. Яғни педагогикалық тәжірибесі 30 жылдан асқан, зейнеткерлікке шығуға 4 жыл қалған ұстаздар тест тапсырудан босатылды. Өйткені оларды осы уақытқа дейін мол тәжірибе жинап, біліктіліктің белгілі бір деңгейіне жетті деуге болады.  

Ал кеше ғана жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман мен 30 жылға дейінгі тәжірибесі бар мұғалімдерден тест алу міндетті шарттардың бірі болуға тиіс. Бұл олардың біліктілік санатының жоғарылауы мен жалақысының өсіп отыруына септігін тигізеді. Өз басым бұл тұрғыда ешқандай түйткіл жоқ деп ойлаймын.

El.kz: Соңғы кездері мұғалім мәртебесі туралы жиі айтылып, жазылып жатыр. Білім саласында талай жыл еңбек еткен әрі директорлық қызмет атқарып жүрген тәжірибелі мамансыз.  Ұстаздың шәкірт алдындағы беделін арттыру үшін не істеу керек?

Бағила Әшімбаева: Тәжірибелі директорлар өз мектебіндегі мұғалімнің мәртебесін қорғау үшін ең алдымен оның өзінен мынаны сұрауы керек: «Сіз менің орнымда болсаңыз өзіңізге қандай шара қолданар едіңіз?» Яғни мен оның беделін қорғап қалу үшін ол маған бірнеше уәж айтуға тиіс. Бірақ ол уәжі өзінің мәртебесімен қоса оқушының құқығы да аяққа тапталмайтындай болуы қажет. Сөйтіп, бірлескен кеңестің арқасында ғана баланы оқытудағы кез келген кедергіні жеңе аламыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға