Жаңалықтар

Нан зауытының иесі: «Өнімдерімізді Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізсек деймін»

Нан зауытының иесі: «Өнімдерімізді Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізсек деймін»
Фото: Кәсіпкердің жеке мұрағаты 16.09.2024 15:30 385

Ерінбеген адам табыстың көзін табады. Бұл сөз Түркістан облысы Кентау қаласында тұратын кәсіпкер Роза Ердесоваға арналып айтылғандай. 60 жасқа жақындаған тұрғын жарты ғасырлық тарихы бар нан зауытын дөңгелетіп отыр. «Ердес-наны» деп аталатын зауытта бүгінгі таңда сонау Кеңес заманынан қалған пештер іске жарап тұр. 40 жылдық ғұмырын медицина саласына арнаған кейіпкеріміздің нан бизнесіне келуіне не түрткі болды? Наубайхана ісінің нендей қызығы мен шыжығы бар? Зейнет жасына жақындаған шақта кәсіпкерлікке бет бұрған Роза Ердесованың арманы не? Осы ретте El.kz тілшісі нан бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкермен сұхбаттасты.

El.kz: Алдымен оқырмандарыңызға өзіңізді аз-кем таныстырып өтіңізші. Білуімізше, негізгі мамандығыңыз медицина саласы екен. Дәл қай бағыт бойынша еңбек еттіңіз? Бизнеске қалай келдіңіз?

Роза Ердесова: Мен Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғынымын. Жолдасым екеуміз екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде тәп-тәтті немерелеріміздің сүйікті ата-әжесіміз (күліп). Негізі өзім акушер мамандығы бойынша білім алып, 1984 жылдан 1990 жылға дейінгі аралықта аудандық орталық аурухананың жансақтау бөлімінде, 1990 жылдан биыл жыл басына дейінгі уақытта перзентханада жұмыс істедім.

Бизнес саласына кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. «Ердес-наны» зауытының тарихы тереңде жатыр. Өндіріс орны 1972 жылы құрылған. Зауыт 1994 жылдан бастап жекенің қолына өткен. Содан бері жұмыс істеп тұрды. Ердес деген біздің әулеттегі үлкен атамыздың есімі. Ол кісі кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы қан майданында қаза тапқан.

Біз өндіріс орнын биыл ақпан айынан бастап отбасылық бизнес ретінде дөңгелетіп отырмыз. Негізі зауытты бұған дейін туыстарымыз жүргізіп келген, кейін өзге біреулер сатып алмақ болған. Жарты ғасырдан астам тарихы бар, оның үстіне өзіміздің атамыздың атымен ашылған өндіріс орны болғандықтан жолдасыммен, балаларыммен ақылдаса келе зауытты өзіміз сатып алайық деп шештік. Бүгінде күнделікті тұтынатын нан түрлерінен бөлек кондитерлік, кулинарлық өнімдерді пісіріп, нарыққа шығарып отырмыз.  

El.kz: Бизнесті бастар сәтте қорқыныш болған жоқ па?

Роза Ердесова: Аса бір қорқыныш болды деп айта алмаймын. Бірақ нар тәуекел деп іске кірістік қой. Жоғарыда айтып өткенімдей, екі ұл мен бір қыздың анасымын. Бизнесті бастайтын болған соң Алматыда тұратын ұлым мен келінім қолымызға келді. Ал бір ұлым мен қызым Алматыда тұрады. Ұлым сондағы онкологиялық орталықта реаниматолог болып жұмыс істейді, қызымның мамандығы – бухгалтер.

Отбасылық кәсіп болған соң осы істің басы-қасында жүрейін деп перзертханадағы жұмысымнан шығуыма тура келді. Өйткені жолдасым, балам мен келінім бизнестік кездесулер, тағы сол сияқты шаруалармен анда-мұнда кеткенде зауытта жүретін бір адам керек болды. 

Біз өндіріс орнын сатып алған соң мұнда газ құбырларын өткіздік. Үлкен-үлкен қазандықтарды орнаттық. Өйткені мұндағы жұмысшыларға ыстық су күндіз-түні жеткілікті болуы керек.

Зауытта Кеңес Үкіметінен қалған ескі пеш болатын, бірақ істен шыққан еді. Соны іске қостық. Бүгінде біздегі барлық нан өнімдері электр көзі емес, кәдімгі отпен пісіріледі.  Өздеріңіз білесіздер, отқа пісірілген кез келген өнім ол мейлі нан немесе тамақ болсын, дәмі ерекше дәмді болады. Сондай-ақ осы жақында бөлке нандардың қалыптарына тапсырыс бердік. Бұйыртса, осы қыркүйек айының соңына қарай келіп қалады деп жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік стандартқа сай келетін қалыптар Татарстаннан арнайы жеткізілмек.  Сонымен қатар Тараз, Алматы қалаларынан  білікті технологтарды арнайы шақырып, өзім де, қызметкерлерді де оқыттық. Мамандар өз кеңестерін айтып, барлығын үйретіп кетті. Рас, алғашында аса түсіне бермедім. Нан пісіре салу үйдегі шаруа емес. Стандартты сақтау керек. Ұны, тұзы, өзге де дәмдеуіш қоспалары талапқа сай болу қажет.

El.kz: Демек зауыт іске қосылған 1972 жылдан бергі пеш әлі іске жарап тұр ғой? Және олардың саны нешеу?

Роза Ердесова: Иә, сол ескі пешті қолданып отырмыз. Соңғы 10 жылдан бері бұзылып, істен шығып қалған екен. Біз бірінші кезекте соны жөндеттік.  Тағы өзге де жұмыстарды қалпына келтірдік.  Әзірге пеш саны біреу. Ал өзге пештерді кезінде демонтаж (автор: орнатылған жабдықты немесе оның бөлігін орнынан алу үшін бөлшектеу) жасап тастаған екен. Болашақта олардың барлығын қалыпқа келтіріп, үлкен пеш етіп іске қоссақ деп отырмыз. Барлығының орындары сақталып тұр. Тек әзірге бұл жұмыстар шамалы қаржы мәселесіне келіп тіреліп тұр.

El.kz: Қазір бизнес бастаймын немесе кәсібін ары қарай дамытамын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі гранттар бөлініп, өзге де қолдаулар көрсетіліп жатқаны белгілі. Осындай бір көмек алуға әрекеттеніп көрдіңіздер ме?

Роза Ердесова: Біз нан зауытын банктен несие алып, сатып алған болатынбыз. «Даму» деген бағдарлама бар екен. Соған қатысу үшін өтінім тастадық. Бұйыртса, қолдау табамыз деген үміттеміз. Өйткені бизнес бір орнында тұрып қалмау керек, ары қарай дамуымыз қажет.

El.kz: Бизнестің кез келген түрінде бәсекелестіктің бары белгілі. Ал бәсекелестік – дамудың қозғаушы күші екенін білеміз. Бұл тұрғыда нені басты назарға алып отырсыздар?

Роза Ердесова: Иә, бәсекелестік болған жерде сапа да жақсы болады. Ал сапа жақсы болса, сұраныс бар деген сөз. Біз үшін бірінші кезекте – сапа. Нарыққа шығарып отырған өнімдеріміздің барлығына мемлекеттік стандартқа сай қоспалар қосылады. Көпшілік арасында айтылып кеткен «ГМО», яғни генетикалық түрлендірілген ингредиенттерді қоспаймыз.    

(Фото: Кәсіпкердің жеке мұрағаты)

El.kz: Зауыт пешінде бір мезетте неше нан пісіріледі?  Ал күніне қанша өнімді нарыққа шығарасыздар?

Роза Ердесова: Пешіміз бір мезетте 400-500 нан пісіріуге қауқарлы. Ал күніне  тек бөлке нанды айтатын болсам, 2500-3000 дана арасында нан шығады. Күлше нан саны -  400 данаға жуық, 25 кг печенье мен өзге тәттілер, 25-30 келі тоқаш (булочка) пісіреміз. Аллаға шүкір, өнімдеріміздің саны аз емес. Біздің қаладағы бірнеше балабақша мен тойханалар тұрақты клиенттеріміздің қатарында. Барлық өніміміз балғын әрі мемлекеттік талаптарға сай сертификаттарымыз бар.  

El.kz: Ал нан өнімдерінің неше түрін шығарып отырсыздар?

Роза Ердесова: Бөлке, батон, күлше нан (лепешки) секілді күнделікті тұтынатын нанның 7 түрін шығарамыз. Одан бөлек кондитерлік, кулинарлық өнімдердің 50 түрін пісіреміз. Печенье, коржик, пряники, лакомкалардың 6 түрі бар. Тапсырысқа қарай  «Вупи пай», «Молочные девочки», «Медовый», «Бисквитный» секілді торттардың түр-түрін пісіреміз.

El.kz: Зауытта неше адам жұмыс істейді? Және қызметкерлеріңізді біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберу ойыңызда жоқ па?

Роза Ердесова: Бүгінде зауытымызда 30 қызметкер бар. Әрқайсысыңыз өз міндеттері реттелген. Бекітілген кестеге сай жұмысқа шығады. Ал шетелде оқыту мәселесіне келсем, әзірге ондай жоспарда жоқ. Бірақ алдағы уақытта, әрине, мамандарымызды тәжірибе жинау үшін шетелге жіберу туралы ойымыз бар.

El.kz: Зауыт жұмысшылары бекітілген кестеге сай жұмысқа шығады деп қалдыңыз. Демек ауысыммен жұмыс істейді ғой?...

Роза Ердесова: Ауысым болғанда былай ғой, біздегі қызметкерлер жұмысқа түстен кейін, кейбірі кешке жақын шығады. Өйткені нан өнімдері болған соң таңғы уақытқа дейін пісіп, сатылымға жөнелтілу керек. Азық-түлік дүкендері секілді сауда орындарына ерте жеткіземіз. Себебі клиенттеріміз ыстық нанға тапсырыс береді. Ал торт және өзге де тәтті өнімдерге тапсырыс көптеп түсіп қалған жағдайда кулинар-кондитерлер азанғы уақытта жұмысқа шығады.  Тағы бір айта кетерлік жайт, күнделікті тұтынатын өнім шығаратындықтан біз демалыс немесе мереке күндері дегенге қарамаймыз. Себебі зауыт демалыссыз жұмыс істейді. Ал қызметкерлеріміз кезекпен жұмысқа түседі. 

El.kz: Зауыт қызметкерлерінің бір жұмыс күніне тоқталып өтіңізші...

Роза Ердесова: Бір күніміз екінші күнге ұқсамайды деуге келетін шығар (күліп). Өйткені бізде жұмыс көлемі тапсырысқа қарай өзгеріп отырады. Ал жалпы айтатын болсақ, жұмысқа бірінші операторлар келеді. Шамамен күндізгі сағат 15.00-дерде. Олар келе салып, пешті қосады. Пеш температурасы бір сағат көлемінде қызады. Содан соң мастерлеріміз, кейін қамыр илейтін мамандар келіп, қажетті қамырды илейді. Сағат 16.30-17.00 аралығында түрлі дәмдеуіш қосылып, иі қанып, дайын күлшеленген қамырдың бәрін реттеп, арнайы қондырғыға салатын мамандар жұмысқа кіріседі. Бір жұмыс күні 8 сағат шамасында. Сол аралықта тапсырысқа қарай қыздар үлгереді.   

El.kz: Әр мамандықтың әдетте ешкім бөліспейтін өз құпиялары болады дегенді білеміз. Дегенмен осы ретте сұрағым келіп отырғаны, нан пісірерде қандай ерекше тәсілдерді қолданасыздар?

Роза Ердесова: Аса бір құпиямыз бар деуге келмес (күліп). Ел қатарлы мемлекеттік стандартқа сай жұмыс істеп отырмыз. Біздегі қызметкерлердің әрбірі - өз ісінің маманы, өздеріне жүктелген міндетті біледі әрі жауапкершілікті сезінеді. Наубайхана саласы тек қоспаны өлшеммен салып, қамырды дұрыс илеп, қалыптарға салу емес, пештің температурасына да көп нәрсе байланысты. Пеш осынша температурада қызу керек деген шарт жоқ. Ол ауа райына байланысты болады. Күн қатты ысып кетсе, әрине, өзгеріп отырады. Онымен қоса қосылатын ашытқы, тұз секілді өзге қоспалар да күн райына байланысты. Ұнның да рөлі маңызды. Бизнестің осы түрін қолға аламын, жақсы нан шығарамын деген кез келген кәсіп иесі осы жайттарға мән беру керек.

El.kz: Ұн демекші, оны қайдан алдырасыздар?

Роза Ердесова: Біз отандық өнімдерді қолданамыз. Өзіміздің Түркістан облысы Сайрам ауданының, сосын Солтүстік Қазақстан облысының ұнын арнайы тапсырыспен алдырамыз. 

(Фото: Кәсіпкердің жеке мұрағаты)

El.kz: Бүгінде өнімдеріңізді қай қалаларға жеткізіп отырсыздар?

Роза Ердесова: Қазір біз Түркістан облысының қала, аудандарының барлығын болмаса да бірнешеуін қамтып отырмыз. Тұрақты тапсырыс беретін дүкендеріміз бар. Одан кейін Қызылорда облысының Шиелі ауданына жөнелтеміз. Болашақта олардың санын арттырсақ деген ниет бар.

El.kz: Нан өнімдеріне жылдың қай мезгілінде сұраныс артады? Зауыт жұмысын қолға алғандарыңызға бір жылға жуықтап қалыпты, бір анализ жасап көрдіңіздер ме?

Роза Ердесова: Нан өнімдеріне жаз мезгілінде сұраныс азаятыны белгілі ғой. Көкөніс, жеміс-жидектердің саудасы қызатын шақ. Оның үстіне жаз айларында көбі демалыс алып, үйлерінде бола бермейді. Ал қалған кездерде бұйырғаны болып жатыр. Шүкір, сұраныс жаман емес. Дегенмен бизнес болған соң тапсырыс көлемін тағы да арттыруға барынша жұмыс істеп жатырмыз.

El.kz: Тұтынушылар тарапынан «Кім пісірсе де, адалынан екен» дейтіндер немесе сын айтатындар ара-тұра кездесіп те тұратын шығар?

Роза Ердесова: Негізі қанша жерден сын дұрыс айтылса да, оны дұрыс қабылдамайтындар бар. Бірақ өзім сын дегенге дұрыс көзқарастамын. Өйткені ол жанашырлықпен, осы қырын түзетсін деген жақсы ниетпен айтылды деп түсінемін. Соған қарай түзелуге, сапаны арттыруға тырысамыз. Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген жақсы сөз бар емес пе? Жасыратыны жоқ, біздің өнімдерге «Кішкене қатыңқырап қалыпты», «Бүгін дәмі өзгеше болыпты» деген сияқты сын айтылмады емес, айтылды. Бірақ небәрі 1-2 рет қана-ау деймін. Оның үстіне бір үйде 10 адам тұратын болса, 10 түрлі көзқарас, талғам болады дегендей. Дегенмен біздің өнімдерді мақтап жататындардың қарасы көп. Біздің қызметкерлерге келіп түскен жақсы пікірлерді айтпағанның өзінде өзіме тікелей бірнеше рет хабарласып, мамандарымыз туралы жылы лебіздерін білдіргендер болды. Атап айтар болсам, бізде Гүлмира және Мая деген екі мастеріміз кезекпен жұмысқа түседі. Дәл Гүлмира деген маманымыз жұмысқа шыққан күні сатылымға шығарылған өнімдерімізді  мақтап хабарласқандар болды. Олар бәлкім дүкендердегі сатушылардан сұраса керек, әйтпесе ол күні кімнің кезекшілікке түскенін олар қайдан білсін.

Осы жақында бір үйлену тойына  тапсырыс қабылдап, торт пісірдік.  Ертеңіне той иесі хабарласып, торт өте дәмді болғанын, қонақтардың көңілінен шыққанын айтып рахметін жеткізді. Одан бөлек тойхана иелері де жақсы пікірлерін білдіріп жатады. Соның арқасында тұрақты клиенттеріміздің қатары да көбейіп келеді.  

El.kz: Ауыл-аймақтағы, көпқабатты үй аулаларындағы азық-түлік дүкендері «Ердес наны» өнімдеріне тапсырыс бергісі келсе, қайда хабарласу керек. Жалпы бұл процесс қалай жүргізіледі? 

Роза Ердесова: Бұл тұрғыда жарнамалық хабарландыруларды жариялағанбыз. Зауыттың әлеуметтік желіде ресми парақшасы да бар. Бірақ зауыт жұмысы қауырт болып, Instagram парақшамызға аса көңіл бөле алмай отырмыз. Алдағы уақытта жақсы маманды алып, бұл бойынша тұрақты жұмыс жүргіземіз деп ойлаймыз. Дегенмен халық болған соң бір-бірінен естіп хабарласып, көтерме бағамен алып кетіп жатқандар баршылық. Оның үстіне өнімдерімізді жеткізушілер сауда орындарына біздің байланыс нөмірлерімізді жарнама ретінде қалдырып отырады.

El.kz: Бизнесте сападан бөлек, бағаның да рөлі маңызды екені белгілі. Неғұрлым арзанырақ болса, соғұрлым тапсырыс та артады. Ал сіздерде қалай?

Роза Ердесова: Өз сөзімде айтып өткенімдей, біз үшін бірінші кезекте – жоғары сапа. Өкінішке орай,  қазір қымбатшылық қысқан заман боп тұр ғой. Мынау құмшекердің өзі, ұн, өзге де қажеттіліктер күннен-күнге қымбаттап жатыр. Бірақ соған қарамастан біз өз тұтынушыларымыздың, халықтың қалтасы көтеретіндей етіп бағаны ұстап отырмыз. Әзірге бағаны көтеру туралы жоспарымыз жоқ. 

El.kz: Қайырымдылық шараларына атсалысып тұрасыздар ма?

Роза Ердесова: Әзірге ауқымды шараларға қатысып жүргеніміз жоқ. Бірақ қолдан келгенін жасап отырмыз. Бізде Кентау қаласына қарасты Ащысай деген елдімекен бар. Аталған ауыл тау баурайында орналасқан. Біздің нан өнімдерімізді сол елдімекендегі дүкендерге жеткізіп тұратын көтерме бағамен сатушыларымыз ащысайлықтар құдды бір шет жақта қалып қойған халық іспетті деп қайырымдылық туралы ұсыныс тастады. Ақылдаса келе ол елдімекенге аптасына бір рет тегін нан жіберіп отырмыз. Ондағы халықтың алғысы шексіз. Кеңес Үкіметінде автокөліктермен жылжымалы дүкендер ауыл-аймақтарды аралаушы еді ғой. Тура сол сияқты біздің нан өнімдері жеткізілгенде кәдімгідей тағатсыздана күтіп отырады. Зауытты кеңейтіп, аяқтан тұрып алған соң мұндай қайырымдылық шаралар қатарын арттырсақ деп отырмыз.

(Фото: Кәсіпкердің жеке мұрағаты)

El.kz: Бұдан өзге тағы қандай жоспарларыңыз бар? 

Роза Ердесова: Алла қаласа, алдағы уақытта «Даму» бағдарламасымен несие алып, зауытты ағымдағы жөндеуден өткізсек деймін. Одан бөлек пеш санын арттырып, өнімдерімізді көбейтсек деп отырмыз. Ең бастысы, өз өнімдерімізді еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіп, Қазақстанға әйгілі болғым келеді. Құдай күш-қуат берсе, жоспар көп.

El.kz: Ендеше мақсат пен жоспарларыңыз орындала берсін. Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға