Жаңалықтар

Нұрия Келдібаева: Ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылған емеспін

Нұрия Келдібаева: Ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылған емеспін
05.03.2022 12:42 4672

Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында әскери салада өз міндетін адал атқарып жүрген нәзік жандар туралы қанша жазсақ та артық емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – 19132 әскери бөлімі Инженерлік-авиациялық қамтамассыз ету бөлімінің ұйымдастыру-жоспарлау қызметінің бастығы майор Нұрия Келдібаева.

Нұрия Келдібаева: Ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылған емеспін

18 жыл бойы әскери қызметтің ыстығы мен суығына төзіп, түрлі ортада, әрқилы қызмет атқарған Нұрия ханым Қарулы Күштер қатарындағы қызметін мақтан тұтады. Алғашқы әскери еңбек жолын 2004 жылы Қапшағай гарнизонында бастаған Нұрия Климқызы әскери саланы таңдауына балалық құштарлығы себепші болғанын айтады.

– Әжеміз атамыз туралы көп айтып отыратын. Менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Отбасымызда ағам әскери борышын өтеген. Ата-анам әскери мамандарға үлен құрметпен қарайтын. Бәлкім осы жағдайлар әсер етті ме, әскери форма киген адамдарға қызығушылқпен қарайтын едім,- дейді Нұрия Келдібаева.

Майор ханымның саналы ғұмырын әскери қызметпен байланыстыруына себепші болған тағы бір жәйт болса керек. Кеңес заманында көпшілік сүйіп тамашалаған «Офицеры» атты кинотуынды кейіпкеріміздің ең сүйікті фильмдерінің бірі екен. Режиссері Владимир Роговой. Басты рөлдердің бірін Алина Покровская ойнайды.

Нұрия Келдібаева: Ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылған емеспін

– Фильм кейіпкерлері өрімдей қос жігіт – Алексей Трофимов пен Иван Варав небәрі 20 жасында шекара бекетінде әскери міндетін атқарады ғой. Сонда олардың командирі айтатын бір сөз бар: «Есть такая профессия — родину защищать» деген. Міне сол кино лентадағы бас кейіпкерлердің өмірі, тағдыры маған қатты әсер етті. Олардың Отанға деген қызметі, адалдығы, жанкештілігі маған үлгі болғандай. Әскери қызметке деген сүйіспеншілігімді оятып, маған күш-жігер берді,- дейді кейіпкеріміз.

Нұрия Келдібаева қандай әскери бөлімде, қандай лауазымда болса да, ер адамдармен бірге иық тірестіре қызметін адал атқарып келеді. «Отанымның қорғаныс саласына тамшыдай болса да үлес қосып, еңбек сіңіре алғаныма қуаныштымын. Еліме пайдалы болғаным маған сенім мен күш-қуат береді»,- дейді ол.

Нұрия ханымның жолдасы да әскери маман, ҚР Қорғаныс министрлігінде полковник.

– Адам өз мамандығын мақтан тұтып, шын ниетпен жақсы көріп істесе шығар биігі де зор болады екен. Қатардағы жауынгерден офицер шеніне дейін талай күрделі жолдан өттім. Қызмет талғаған емеспін. Қандай жұмыс атқарсам да жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен атқарамын,- дейді кейіпкеріміз.

Нұрия Келдібаева: Ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылған емеспін

Нұрия Климқызы майор әскери атағын мерзімінен бұрын алғанын айта кеткеніміз жөн. Әскери қызметтің ауыртпалығына қарамастан, тағдырына ризалығын айтып, ең бастысы Отанына қалтқысыз қызмет ете алғанына қуанатынын айтады.

Майор ханым әскери салада жеткен жетістігін, өз бойындағы қайсарлық пен табандылық секілді қасиеттерін әкесінен дарығанын тілге тиек етеді. Перзенттеріне дұрыс бағыт пен тәрбие бере алған ата-ананың ықпалы әр бала үшін болашақта өмірден өз орынын табуына зор ықпалы барын айтады. Қашан да әкесін үлгі тұтып, сол кісінің бойындағы асыл қасиеттерді сіңіре алғанына ризашылығын білдіреді.

– Дабыл берілгенде әскери әйелдерге бөлек іс-қимылдар қаралмаған. Тәртіп пен талап – баршаға ортақ. Әскери дабыл көтерілгенде көппен бірге қолыңа арнайы сөмкеңді алып, иығыңа қаруыңды асынып кете бересің. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі менің жадымда сайрап тұрады. Тәртіпке бағыну – жауынгерлік дайындықтың басты талабы. Саған тапсырылған міндетті жіті біліп, қорғаныс қабілетіңді арттыра білу – күнделікті талапқа жатады. Әскери маман ату дайындығына мығым, дене шынықтыруға ширақ, саптық даярлыққа епті де төзімді болуы тиіс. Мұның бәрінің бір жиынтығы деп – жалпы жауынгерлік даярлықты айтуға болады. Қандай қызметте болсам да жан-жақты болу – менің өмірлік қағидама айналды. Жоғарыда айтылған қасиеттерді жақсы меңгерсең нағыз әскери мамансың,- дейді Нұрия Келдібаева әңгімесін ары қарай сабақтап.

Нұрия Келдібаева: Ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылған емеспін

Нұрия ханымның мақтауға тұрарлық тағы бір жетістігі деп – жауынгерлік даярлықтағы жоғары көрсеткішін айтуға болады. Әуе қорғанысы саласында қызмет етітіндіктен қашан да тыңғылықты дайындықты, жоғары кәсіби біліктілікті қажет етеді.

– Ең басты ұстанған бағытым – қандай лауазымда болсам да қызметімді адал атқаруға, нәтижесін көруге талпындым. «Кез-келген мықты еркектің артында ақылды әйел тұрады» деген қағида бар ғой. Жолдасым әскери маман болғандықтан, жұмыс пен отбасын тең ұстап, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлу отанасына жүктеледі. Үнемі жолдасымның жағдайын жасап, ол айлап оқу-жаттығуға, іссапарға кеткенде қыздарыма әке орнына әке болуға тырыстым. Себебі әскери адамның өмірі маған жат емес. Сол ортада жүргендіктен әскери қызметтің жауапкерішілігі мен ауыртпалығын жақсы түсінемін. Отағасының бабын тауып, қыздарыма аналық мейірім мен дұрыс тәрбие беру де – әйелдің маңызды міндетіне жатады,- дейді майор ханым.

Нұрия ханым ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылмағанын айтады. Қазіргі қызметі де жауапты сала. Аталмыш бөлімнің қозғалысы, құжат айналымы, есепке алу, жоспарлау қызметі тікелей Нұрия Климқызының жауапкершілігіне байланысты. Осы бөлімдегі авиациялық ұшақтар, тікұшақтарға қатысты барлық жұмыстар, қызмет көрсетілетін жұмыстардың түрлері, авиациялық техникаларға қатысты барлық қызмет түрлерін жоспарлау, есепке алу, тиісті адамдардан талап ету олардың негізгі міндетіне кіреді.

Майор Нұрия Келдібаева сол жұмыстардың жоспарға сай орындалуын қадағалайды, есебін шығарады.

Нұрия ханым үйде Дана, Диана есімді екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. «Гарнизондарда қызмет жасадық, қыздарым кішкентай кезінен әскери қызметтің қыр-сырын көріп өсті. Өздеріне жауапты болып бойжетті. Қызметіміздің ауыртпалығын жақсы түсінеді, әскери тәртіптің арқасында тәрбиенің арқасында оқуларын жақсы аяқтап, жоғары білім алып, екеуі де мамандық иесі атанды. Шет мемлекетте білім алып, өз саласында қызмет атқарып жатыр»,- дейді ол.

Нұрия ханым жастайынан бимен шұғылданыпты. Спорттағы жетістігі бимен ұштасып жатса керек. Қандай ортада жүрсе де қоғамдық шараларға белсене араласып, әріптес қыз-келіншектерге би үйретуден шаршаған емес.

Қызы Дана Келдібаева:

Менің анам адам ретінде өте ақылды, шыдамды әйел. Өмірлік тәжірибесі бай деп айтар едім. Ал, ана ретінде, шеше ретінде ашық, жарқын жүзді, жүрегі жұмсақ. Отбасында екі қызбыз. Анамыз әркез қасымыздан табылып, қолдау білдіретін. Бізді жан-жақты қолдап, әрбір ісімізге, шешімімізге құрметпен қарай білді. Үнемі ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөліседі. Әріптестері анамды еңбекқор адам ретінде бағалайды, айтып отырады. Өзіне сенімді, тиіс шешім шығара білетін, ұйымшыл жан.

Нұрия Келдібаева: Ешқашан жеңіл жұмысқа ұмтылған емеспін

Жұмыста өте қажырлы адам болса, анамыз үйде нәзік деп айтар едім. Жалпы әйел адамдар үшін әскери қызмет атқару оңай емес. Әскери ортада өсу, өзіңді дәлелдеу тынымсыз еңбек пен төзімді, ерік-жігерді талап етеді. Анамыз осы салада еңбек ете жүріп, бізге қамқорлығын, махаббатын төге білді, қолдай білді. Отбасына көңіл бөліп, жұмысы мен ошаққасын тепе-теңдікте ұстай білді. Мектепте, университетте, жұмысымда бір шара болатын болса, анам әркез сол ортадан табылып, үлгере алатындығына қайранмын. Тамақты дәмді пісіреді, үй шаруасына пысық жан. Бәрін анамнан үйрендік. Шешеміз үй шаруасына өте тиянақты адам. Сіңілім екеуміз дәл осы күн қандай да бір жетістікке жеткен болсақ, бәрі де анамның арқасы.

Қай жерде, мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні – әйелде.

Мықтымын десең ойыңды,

Әйелге барып дәлелде,- демекші әйелдер қашан да өмірдің мәні әрі сәні болып қала бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға