Жаңалықтар

Нұр-Сұлтандағы Достық үйінде Қолөнер шығармашылығының орталығы ашылды

Нұр-Сұлтандағы Достық үйінде Қолөнер шығармашылығының орталығы ашылды
29.03.2019 05:00 2739

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде «Аналар аманаты» көрмесінің аясында Қолөнер шығармашылығы орталығының ашылу салтанаты өтті.

Көрмені әйелдер кәсіпкерлігін және көпбалалы аналарды қолдау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен Қолөнер шығармашылығының орталығы ұйымдастырды.

Аталмыш көрме Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрінің құндылықтары, патриоттық тәрбие және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жаңғырту мен насихаттауды көздейді.  

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, шығармашылық және ғылым зиялылары, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенділері қатысты.

Көрменің салтанатты тұсаукесу рәсімін мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов жасады.

«Бүгінгі іс-шара ерекше. Достық үйінде халқымыздың қастерлі мұрасына арналған «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылығы орталығы ашылып отыр. Бұл – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған идеяларын орындаудағы басты бастамалардың бірі», – деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар бұл бастаманың жастар үшін қажеттілігін атап айтты. Оның ойынша, қолөнер шығармашылығына жастарды баулап, олардың үйренуіне барлық жағдай жасау керек.

«Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезіндегі тапсырмаларының бірі – көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға ерекше мән беру. Бұл тұрғыда көрменің аясында өткізіліп жатқан шеберлік сыныбында көпбалалы аналарға тегін дәріс берілуде», – деп маңызды тұсын айтып өтті қала әкімі.

Ата-бабамыздан қалған ұлттық мұраны сақтап және көбейтумен айналысып жүрген, елімізден тысқары жерлерде танымал болған қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың еңбегі мен шебердің қолынан шыққан бұйымдардың бағалы тұсын атап өткен Бақыт Сұлтанов, ұлттық қолөнердің туризмді дамытуға да үлесін қосатынына баса назар аударды.

Өз кезегінде «Алтын сапа» республикалық сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушысы, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада көрменің көрсетілуіне қолдау білдірген қала әкімдігіне алғысын білдірді.

«Астанаға алғаш келгенде ұлттық қолөнерге жанашырлық білдіріп, маған қолдау көрсеткен Мырзатай Жолдасбеков болды. Бүгін сіздердің алдарыңызда көрсетіліп отырған көрменің жарық көруіне зор үлес қосқан сол кісі. Мекемемізге он жыл болды, бүгін алғашқы рет көпшіліктің назарына көрме ұсынылып отыр.

Өмірімде тұңғыш рет көне кестені көріп, ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншілігім артты. Бұл менің бар өмірімнің кәсібіне айналды», – дей келе, этнодизайнер көрмені тамашалуға шақырды.

Тақырыптық көрмеде «Кілем – әлем жолы», «Қазақстан халқының ежелгі қолөнері», «Тұрғын үй жабдығы», «Этностардың ұлттық киімі» және қазақ халқының қолөнер бұйымдарының экспозициялары қойылды.

Қолөнер шығармашылығы орталығының ашылу салтанатына орай тегін өткізіліп жатқан шеберлік сыныптарына елуден астам адам қатысты. Оқу барысында бес көпбалалы анаға тегін тігін машиналары тапсырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталықтың ашылуы Қазақстан халқының мәдени дәстүрі мен қолөнерін жаңғыртуға, этностардың ежелгі, жойылып бара жатқан қолөнерінің, өндіріс аспаптары мен көркемөнер бұйымдарын жинақтау бойынша мұражай қорын құруға, сонымен қатар оқыту шеберханалары негізінде әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына және жұмыссыз, көпбалалы әйелдерді қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға