Мыңдаған жыл бұрын адамдар сұлулық үшін нені қолданған?

Мыңдаған жыл бұрын адамдар сұлулық үшін нені қолданған?
Фото: AI көмегімен жасалды

Далап, көз бояуы, айна және косметика сақтайтын арнайы ыдыстарды заманауи сұлулық индустриясының жаңалығы деп ойлауымыз мүмкін. Алайда археологтар мұндай бұйымдардың мыңдаған жыл бұрын да қолданылғанын анықтап отыр. 4000 жыл бұрын адамдар қандай косметика пайдаланған және Қазақстан аумағынан қандай қызықты заттар табылған? El.kz тілшісі анықтап көрді.

4000 жыл бұрынғы қызыл далап

Иранның оңтүстік-шығысындағы Жирофта аймағынан шамамен 4 мың жыл бұрынғы шағын тас ыдыс табылған. Оның ішінде қызыл пигмент сақталған. Зерттеу нәтижесінде ғалымдар бұл заттың ерінді бояуға арналған болуы мүмкін екенін анықтаған.

Қоспаның негізгі түсін гематит берген. Сонымен қатар оның құрамынан марганец минералдары, кварц және өсімдік тектес балауыз табылған.

Гематит ұнтақталған кезде қанық қызыл түсті ұнтаққа айналады. Ежелгі адамдар оны басқа компоненттермен араластырып, қажетті түс пен қоюлыққа жеткізген болуы мүмкін. Ал өсімдік балауызы қоспаны теріге жағуды жеңілдеткен.

Ыдыстың өзі шағын әрі жіңішке болған. Зерттеушілер косметиканы теріге жұқа таяқша немесе қылқалам тәрізді құралмен жаққан болуы мүмкін деп есептейді. Алайда мұндай аппликатор әзірге табылған жоқ.

Фото: AI көмегімен жасалды
Фото: AI көмегімен жасалды

Көзге арналған қара бояу

Ежелгі косметиканың тағы бір түрі қазіргі көзге арналған қарындашқа ұқсайды.

Иранның солтүстік-батысындағы Кани-Котер аймағынан шамамен 2700 жыл бұрынғы керамикалық ыдыс табылған. Оның ішінде қара түсті ұнтақ сақталған.

Зерттеу барысында оның құрамынан марганец минералдары мен табиғи графит анықталған. Ғалымдар бұл қоспаны көзді бояуға арналған кохль деп болжайды.

Графиттің тері бетінде жақсы сақталатын қасиеті бар. Сондықтан ежелгі косметика көз айналасына қанық қара сызық түсіруге мүмкіндік берген болуы мүмкін.

Косметиканы немен жаққан?

Археологтар Кани-Котерден косметика жағуға пайдаланылған болуы мүмкін жұқа құралдарды да тапқан. Олардың бірі күмістен, екіншісі піл сүйегінен жасалған.

Сол маңнан шағын ыдыстар, айна және әшекейлер де табылған. Косметикалық заттардың ыдыстардың ішінде сақталуы олардың не үшін қолданылғанын зертханалық жолмен анықтауға мүмкіндік берген.

Дегенмен ғалымдар мұндай косметиканы тек әйелдер қолданған деп кесіп айтпайды. Ежелгі қоғамдарда кімнің қандай косметика пайдаланғанын нақты анықтауға археологиялық деректер әрдайым мүмкіндік бере бермейді.

Фото: AI көмегімен жасалды
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстандағы ежелгі косметика

Қазақстан аумағынан да адамның сырт келбетіне күтім жасауға байланысты көптеген бұйымдар табылған.

Мәселен, Қарағанды облысындағы Ақбейіт қорымынан археологтар қола айна мен сүйектен жасалған косметикаға арналған футляр тапқан. Олар шамамен 4-5 жастағы баланың қабірінен шыққан.

Зерттеушілердің мәліметінше, айна мен футляр кезінде былғарыдан жасалған шағын сөмкеде болған. Қабірден алтын гривна мен бирюзалы сырғалар да табылған.

Сурьматашы және графит

Қазақстанның оңтүстігіндегі археологиялық ескерткіштерден сурьматашылар деп аталатын шағын заттар да кездеседі. Олар көз бен қасты бояуға арналған құралдар ретінде қарастырылады.

Бөріжар қорымынан табылған осындай заттардың бірінің жанынан графиттің ізі анықталған. Бұл Ирандағы қара көз бояуының құрамынан графит табылғанымен үндеседі.

Дегенмен бұл екі өңірде бірдей косметикалық рецепт қолданылған деп айтуға болмайды. Тек графиттің ежелгі косметикада әртүрлі аймақта кездескені қызықты дерек болып отыр.

Берелден табылған айна

Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан тұтқасы жыртқыш аңның бейнесінде жасалған қола айна табылған. Ол былғары қаптың ішінде жатқан.

Айна маңынан өсімдік шикізатын ұнтақтауға арналған болуы мүмкін тас зат та анықталған. Оның астынан тұқымдар табылып, зерттеушілер оларды алдын ала кориандрмен байланыстырады.

Кейбір мамандар бұл заттар косметикалық мақсатта қолданылған деп есептейді. Алайда басқа зерттеушілер олардың діни-ғұрыптық қызметі болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Сондықтан оны нақты «ежелгі косметика жиынтығы» деп атауға әлі ерте.

Ортағасырлық Тараздағы құтылар

Ежелгі Тараз қаласының орнынан шағын шыны ыдыстар да табылған. Археологтар оларды парфюмериялық, медициналық және гигиеналық мақсатта қолданылған бұйымдар тобына жатқызады.

Мұндай құтыларға май, хош иісті заттар, дәрілік қоспалар немесе косметикалық құралдар құйылған болуы мүмкін. Бірақ ыдыстың сыртқы пішініне қарап, оның ішінде нақты не болғанын анықтау әрдайым мүмкін емес.

Соған қарамастан ежелгі адамдардың жеке заттарының арасынан шағын ыдыстар, айналар, ұнтақ жағуға арналған таяқшалар мен арнайы футлярлардың табылуы сол дәуірде сырт келбетке күтім жасау мәдениеті болғанын көрсетеді.

Ежелгі адамның косметичкасына не салар едік?

Егер археологиялық деректер арқылы ежелгі косметичканы құрастырсақ, оның ішінде қызыл пигменттен жасалған ерін бояуы, қара көз бояуы, айна, жұқа аппликатор және косметиканы сақтауға арналған шағын ыдыс болуы мүмкін.

Қазақстан аумағындағы олжаларға былғары сөмкелер, сурьматашылар және шыны құтыларды да қосуға болады.

Ал бұдан 4 мың жыл бұрынғы Ираннан табылған қызыл бояудың рецепті ерекше қызық. Оның құрамында минерал, өсімдік балауызы мен кварц болған. Демек, ежелгі адамдар да косметика жасағанда тек түске емес, оның құрылымына және теріге қалай жағылатынына мән берген.

 

Оқи отырыңыз