«Мың шақырым жырақ тұрсам да, көңілім сендермен бірге»: Қытайда марапат алған қазақ дәрігері

«Мың шақырым жырақ тұрсам да, көңілім сендермен бірге»: Қытайда марапат алған қазақ дәрігері
Фото: Фото: gov.cn

Қытайда тұратын этникалық қазақ, дәрігер Оқас (Ухас) Сүлеймен Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты – «1 шілде» орденімен марапатталды.

Жоғары награданы оған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арнайы салтанатты рәсімде өз қолымен табыс етті. Марапат Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына арналған мерекелік жиында берілді. Биыл бұл жоғары марапат мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше үлес қосқан небәрі сегіз адамға ғана бұйырды.

Оқас Сүлеймен – аталған орденді иеленген қазақ ұлтының алғашқы өкілі. Оның есімі жарты ғасырға жуық уақыт бойы адам өмірін сақтап, шалғайдағы ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсеткен дәрігер ретінде кеңінен танылған.

Жарты ғасырлық еңбек жолы

Оқас Сүлеймен медицина саласындағы еңбек жолын 1975 жылы бастаған. Медициналық оқу орнын тәмамдаған соң қалада қалудың орнына Шыңжаңдағы шекаралық әрі таулы өңірлерге барып қызмет етуді таңдаған. Ол ұзақ жылдар бойы Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданындағы Шәуешек өңірінің ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарды.

Дәрігердің негізгі қызметі – малшылар мен шалғай қыстақтарда тұратын халыққа медициналық көмек көрсету болды. Көлік қатынасы қиын аймақтарда ол ондаған жыл бойы атпен қатынап, боран мен аязға, аптап ыстыққа қарамастан науқастардың үйіне жеткен.

Қытайлық ақпарат құралдарының мәліметінше, осы жылдар ішінде дәрігер 200 мың шақырымнан астам жол жүріп өткен.

100 мыңнан астам адамға көмек көрсетті

Еңбек жолында Оқас Сүлеймен 100 мыңнан астам науқасты қабылдап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосты. Сонымен қатар 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектескен.

Жергілікті тұрғындар оны «ат үстіндегі ақ халатты жауынгер» деп атайды. Себебі ол кез келген шақыртуға ауа райына қарамай барған. Тіпті күшті боран кезінде бірнеше шақырымды жаяу жүріп өтіп, толғағы қысқан әйелдің босануына көмектескені туралы деректер Қытай баспасөзінде жарияланған.

2015 жылы зейнетке шыққаннан кейін де дәрігерлік қызметін тоқтатпаған. Ол жеке медициналық кабинет ашып, ауыл тұрғындарын қабылдауды жалғастырып келеді. Сонымен қатар шалғай өңірлерге тегін медициналық көмек көрсететін еріктілер бастамасын ұйымдастырған.

«Адамға қызмет ету – өмірлік қағидам»

Салтанатты рәсімнен кейін жарияланған бейнеүндеуде Оқас Сүлеймен өз өмірлік ұстанымымен бөлісті.

«Мен Оқас аталарың боламын. Өздеріңнен мың шақырым жырақ тұрсам да, көңілім сендермен бірге. Қырық жылдан астам уақыт сахарада ат мініп, өмірімді адамдарға көмектесуге арнадым. 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектестім. Қақаған аяздарға да қараған жоқпын. «Адамға қызмет ету керек» деген қағиданы өмірлік ұстанымыма айналдырдым. Өзгелерге жылу сыйлауды мақсат еттім», – дейді дәрігер.

Бұл сөздер оның жарты ғасырға жуық уақыт бойы ұстанған кәсіби әрі адами ұстанымын айқын көрсетеді.

Бұған дейін де бірнеше мемлекеттік марапат алған

Оқас Сүлейменнің еңбегі бұған дейін де бірнеше мәрте жоғары бағаланған. Ол:

  • «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері»;
  • «Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі»;
  • «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» секілді мемлекеттік наградалардың иегері.

Ал «1 шілде» ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық марапаты саналады. Бұл марапат 2017 жылдан бері бес жылда бір рет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамның өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше үлес қосқан партия мүшелеріне табысталады.

Фото: gov.cn

Сарапшы пікірі

Саясаттанушы әрі Қытайды зерттеуші Еркін Әбіл мұндай марапаттың тек кәсіби жетістікті ғана емес, қоғам алдындағы адал қызметті бағалайтынын айтады.

«Қытайдағы «1 шілде» ордені – партиялық жүйедегі ең беделді марапаттардың бірі. Оған ие болу үшін адамның еңбек жолы ғана емес, халық алдындағы беделі мен қоғамдық ықпалы да ескеріледі. Оқас Сүлейменнің марапатталуы – шекаралық өңірлерде ондаған жыл бойы үздіксіз еңбек еткен дәрігердің жанқияр қызметіне берілген жоғары баға. Сонымен қатар бұл – Қытайдағы қазақ қауымының арасынан шыққан азаматтың еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуы», – дейді сарапшы.

Фото Xinhua News

Ел мерейін өсірген тұлға

Миллиардтан астам халқы бар мемлекетте ең жоғары партиялық марапатқа ие болған сегіз адамның қатарынан қазақ дәрігерінің орын алуы – тарихи оқиға. Бұл – ұлтына қарамай, өз ісіне адал қызмет еткен адамның еңбегі әрдайым бағаланатынын көрсетеді.

Оқас Сүлейменнің өмір жолы медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындап отыр. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ат үстінде жүріп адам өміріне араша болған дәрігердің еңбегі бүгін жоғары деңгейде мойындалып, көпшілікке үлгі ретінде ұсынылуда.

Оқи отырыңыз