Жаңалықтар

«Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Жоба 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді
«Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды
Фото: El.kz 28.11.2022 11:51 2091

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қоғамдық келісім» РММ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының қатысушыларын марапаттау рәсімін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шараның ашылуында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жастардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы биылғы халыққа жолдауында мемлекеттік тіліміздің өсіп, өркендеп келе жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар тіліміздің тек мемлекеттік емес, халықаралық тілге айналуы қажет екендігін баса айтты. Біз мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылып жатқан жастарымыздың көп екенін көріп отырмыз. Соңғы жылдары еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге құлшынысы зор. Бұл бізді қуантады», - деді ол.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов мемлекеттік тілге басымдық берген жастарға алғысын айтты.

«Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды

«Кеше ғана салтанатты ұлықтау рәсімінде көк байрағымыз, төл құжатымыз және мемлекеттік тіл біздің біртұтас ұлт екенімізді айғақтайды деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол үш ұғымның бірі - мемлекеттік тіл Мемлекеттік тілді ардақтаған, елге, жерге деген құрметін білдірген жастарға алғыс айтамыз», - деді депутат.

Аталған жоба аясында 38 бала марапатталды. «Өнер алды – қызыл тіл» байқауының жеңімпазы Созақ ауданы Науайы атындағы жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Айша Ахметжан «Мың бала» жобасына алғаш рет қатысып, жеңімпаз атанған.

«Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды

«Мың бала» жобасымен конкурсқа бірінші рет қатыстым. Ахмет Байтұрсынов сынды ұлы тұлғалардың өлеңін оқитын өнерім бар. Облыс бойынша өткен сайыстан жеңіп, республикалық конкурсқа келіп, тағы да жеңімпаз атанғаныма өте қатты қуаныштымын», - деді ол.

Ал Қызылорда облысы Сырдария ауданы Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы, «Жарқыра, жас дарын!» байқауының жеңімпазы Ярослав Лавров қуанышты сәтімін бөлісті.

«Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды

«Астана қаласында өткен жылы болған «Мың бала» сайысына қатысып жеңімпаз атандым. Осы жолы да конкурсқа қатысып, бағымды сынап көрейін деп шештім. Өнерімнің бағаланып жатқанына қуаныштымын. Мені қолдауға келген отбасымның мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді», - деді жеңімпаз.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті депутаттары, ҚХА мүшелері, жоба жеңімпаздары, мемлекеттік тілді оқыту бойынша әдіскерлер, жастары ұйымдарының мүшелері шығармашылық және ғылыми зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Айта кетейік, «Мың бала» жобасы Қазақстан халқы ассамблеясының бастауымен 2015 жылдан бері іске асуда. Жоба аясында 2022 жылға дейін 107 054 іс-шара ұйымдастырылып, 2 577 491 бала сайысқа қатысқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға