Музыка кейде сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімді бір ғана әуен арқылы жеткізеді. Ал скрипка – сол сезімді адамның жүрегіне тікелей жеткізетін ерекше аспаптардың бірі. Қорлан Халилова үшін скрипка жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – балалық шағынан бірге келе жатқан серігі, кәсіби жолының өзегі әрі адамдармен сөзсіз тілдесудің тәсілі.
Қорлан Халилова – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Ішекті аспаптар» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, халықаралық байқаулардың лауреаты. Оның музыкадағы жолы бала кезінен басталып, жылдар өте орындаушылық, педагогикалық және зерттеушілік бағыттарды тоғыстырған кәсіби тәжірибеге айналды.
Балалық таңдауы мамандығына айналған
Қорланның бала кезінде қолына алған скрипка уақыт өте келе оның мінезі мен дүниетанымының бір бөлігіне айналды.
Скрипка өміріме өте ерте келді және бірте-бірте жай ғана үйреніп ойнайтын аспап емес, мінезімнің, дүниетанымымның бір бөлігіне айналды, – дейді музыкант.
Алғашында бала қызығушылығынан басталған таңдау кейін мамандыққа, ал мамандық өмір салтына айналған. Оқу, байқаулар, сахна, ұстаздық ету, кәсіби ізденіс пен жаңа мақсаттар – оның өмірінің ажырамас бөлігі.
Жылдар өткен сайын скрипкаға деген көзқарасы да өзгерді. Жастық шағында ол аспапты кәсіби шеберлігін көрсету құралы ретінде қабылдаса, бүгінде скрипканың мағынасын әлдеқайда тереңірек түсінеді.
Жас ұлғайған сайын скрипкаға деген көзқарасым тереңдей түсті. Жастық шағымда бұл аспап ең алдымен кәсіби тұрғыда өзімді танытудың құралы еді. Техникалық шеберлігімді жетілдіріп, өнер көрсетуге, байқауларда жеңіске жетуге, жаңа шығармаларды меңгеруге ұмтылдым. Бүгінде скрипканы әлдеқайда кең тұрғыда қабылдаймын. Бұл – адамдармен сөзсіз сөйлесудің мен үшін бір жолы. Кейде бір ғана сөз тіркесі немесе бір дыбыс ұзақ айтылған әңгімеден де көп нәрсені жеткізе алады, – дейді кейіпкеріміз.
Музыкадағы шексіз ізденіс
Музыканттың кәсіби жолы үнемі сахнадағы жарқын сәттерден ғана тұрмайды. Кез келген шығармашылық мамандықта адамның өзіне күмән келтіретін, бұрынғы деңгейі жеткіліксіз болып көрінетін кезеңдер болады.
Қорлан Халилованың айтуынша, кәсіби жолдағы ең қиын сәттердің бірі – бұрынғы деңгейіңнің енді жеткіліксіз екенін түсініп, ал жаңа деңгейге әлі жете қоймаған кез.
Мұндай кезеңдерден өтуге оған жұмысты үздіксіз процесс ретінде қабылдау көмектескен.
Нәтижені бірден күтпей, күн сайын келесі қадамды жасауға тырыстым, – дейді музыкант.
Бұл жолда ұстаздар мен әріптестердің, шәкірттердің қолдауы да маңызды болған. Кейде адамның өзіне деген сенімі әлсіреген сәтте басқа біреудің сенімі алға жылжуға күш береді.
Музыка шекараға бағынбайды
Шетел сахналарында өнер көрсету де Қорлан Халилованың кәсіби көзқарасын кеңейткен тәжірибелердің бірі. Әр елдің сахнасы, аудиториясы, залы мен акустикасы әртүрлі болғанымен, музыканың тілі ортақ.
Музыка шынымен де шекараға бағынбайды. Музыканың тілі бәрібір әмбебап болып қала береді, – дейді ол.
Музыканттың пікірінше, халықаралық тәжірибе орындаушыны үнемі ізденуге итермелейді. Өйткені басқа елдердің музыканттары мен көрермендерімен кездескен сайын орындаушылық өнердің қаншалықты ауқымды екенін түсінесің.
Ал бұл өз кезегінде «мен әлі де қаншама дүниені ашуым керек?» деген сұраққа жетелейді.
Ұстазға еліктеу дұрыс емес
Музыка үйретуде тек техникалық шеберлікке мән беру жеткіліксіз. Қорлан Халилова үшін педагогтің негізгі міндеттерінің бірі – шәкірттің өзіндік музыкалық тілін қалыптастыру.
Оның айтуынша, техника музыкалық ойды еркін жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда жоғары техникалық деңгейдің өзі адамды бірден өнерпаз ете алмайды.
Сондықтан ол шәкірттерінің ұстазына еліктеп, оның көшірмесіне айналғанын емес, өз жолын тапқанын қалайды.
Жас музыкантты біртіндеп өзінің кім екенін, музыка арқылы не айтқысы келетінін түсінуге жеткізу қажет, – дейді ол.
Бұл жерде педагог үшін ең маңызды ұғымдардың бірі – даралық. Әр орындаушының өзіндік үні, өзіндік сезімі мен шығарманы қабылдауы бар. Ұстаздың міндеті – сол ерекшелікті жоғалтпай, оны кәсіби деңгейде дамытуға көмектесу.
Жаңа ізденістерге бастайтын кезең
Қазіргі уақытта Қорлан Халилова кәсіби өмірінің жаңа кезеңінде тұр. Жылдар бойы жинақталған орындаушылық және педагогикалық тәжірибе енді жаңа бағыттарға қызығушылықпен ұштасып отыр.
Ол жас музыканттармен жұмысты жалғастырып, орындаушылық өнерді дамытумен қатар, зерттеу жұмысына да тереңірек ден қоюды жоспарлайды.
Соңғы уақытта оның қызығушылығын барокко музыкасы, тарихи тұрғыдан ақпараттандырылған орындаушылық және шығармаларды интерпретациялаудың жаңа тәсілдері көбірек тартып жүр.
Бұл бағыттардың барлығы музыкант үшін музыкаға басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Өйткені өнерде дайын жауаптан гөрі жаңа сұрақтардың пайда болуы маңызды.
Музыканы тереңірек таныған сайын, скрипкада әлі де ашылмаған қаншама дүние бар екенін түсінемін. Мені осы мамандықта ұзақ жыл бойы ұстап келе жатқан да осы шығар. Яғни өзіңе «Мен бәрін білемін» деп ешқашан айта алмайсың, – дейді Қорлан Халилова.
Қорлан Халилова үшін музыкадағы ең басты ұстаным да осы ізденіспен байланысты. Скрипкамен бірге өткен жылдарға қарамастан, ол өзін музыкада бәрін білемін деп есептемейді. Керісінше, әр жаңа шығарма, әр орындау мен әр шәкірт жаңа қырды ашуға мүмкіндік береді.
Музыканттың шығармашылық жолы да сондықтан тоқтаусыз жалғасып келеді. Оның айтуынша, өнер адамы үшін ең маңыздысы – бір орында тоқтап қалмау.
Музыкадағы жаңа бағыттар, жас орындаушылармен жұмыс, ғылыми ізденістер мен әзірге ой-жоспар күйіндегі шығармашылық армандар – Қорлан Халилованың алдағы кезеңдегі кәсіби жолының жаңа белестері болмақ.
Еске салайық, 27 тамыз күні сағат 18:00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен концерт залында «Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты классикалық музыка кеші өтеді. Концертте скрипкашы Ерасыл Хамит пен дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік ететін Almaty Festival Orchestra Бетховен мен Пьяццолланың әйгілі шығармаларын орындайды.