Мұражай, театр, концерт пен киноға тұрақты түрде барып тұратын адамдар тек уақытын қызықты өткізумен шектелмейтін сияқты. Sciencedaily басылымында жарияланған зерттеу мұндай мәдени іс-шараларға белсенді қатысу ағзаның физиологиялық жасын жасарта алатынын көрсетті. Яғни адамның денесі өз жасынан жасырақ адамның ағзасы сияқты жұмыс істеуі мүмкін.
Мәдени белсенділік пен биологиялық қартаю
Жас ұлғаю – табиғи үдеріс. Алайда ағзаның қартаю жылдамдығы әр адамда әртүрлі болады. Физиологиялық жас ағзаның қаншалықты жақсы жұмыс істейтінін көрсетеді және ол адамның төлқұжаттағы жасымен сәйкес келмеуі мүмкін.
Бұған дейінгі зерттеулер кинотеатрға, мұражайға және театрға бару егде жастағы адамдардың денсаулығы мен өмір сапасына оң әсер ететінін көрсеткен. Алайда мұндай мәдени белсенділіктің ағзаның физиологиялық қартаюына тікелей қатысы бар-жоғын зерттеген жұмыстар аз болған.
Жапониядағы Institute of Science Tokyo ғалымдары уақыт өте өзгермейтін, бірақ зерттеу нәтижесіне әсер етуі мүмкін факторларды ескере отырып, осы тақырыптағы алғашқы ұзақмерзімді зерттеуді жүргізгендерін мәлімдеді.
Зерттеу қалай жүргізілді?
Зерттеуге Англияда тұратын 50 жастан асқан адамдарды қамтитын English Longitudinal Study of Ageing жобасына қатысқан 1 899 адам енгізілді. Қатысушылар 2004-2005, 2006-2007 немесе 2008-2009 жылдары жүргізілген сауалнамалардың кемінде екеуіне қатысты.
Физиологиялық жасты анықтау үшін медбикелер денсаулықтың 10 көрсеткішін өлшеді. Олардың қатарында пульстік қысым, диастолалық қан қысымы, өкпенің тыныс шығару көлемі, гемоглобин деңгейі, фибриноген, гликирленген гемоглобин, төмен тығыздықтағы липопротеин (LDL) холестерині, дене салмағының индексі (BMI), қол бұлшықетінің қысу күші және жүру жылдамдығы болды. Осы көрсеткіштердің негізінде әр қатысушының физиологиялық жасы есептелді.
Сонымен қатар қатысушылардың кинотеатрға, мұражайға немесе көркемсурет галереясына, сондай-ақ театрға, концертке немесе операға қаншалықты жиі баратыны анықталды. Әр жауап 0-ден (ешқашан) 5 балға дейін (айына екі рет немесе одан да жиі) бағаланып, жалпы мәдени белсенділік көрсеткіші 0 мен 15 аралығында есептелді.
Мәдени өмірге белсенді араласқандардың ағзасы «жас» болып шықты
Кемінде бірнеше айда бір рет мәдени іс-шараларға қатысатын адамдардың орташа физиологиялық жасы 66,9 болғанын көрсетті. Ал мұндай орындарға сирек баратындардың физиологиялық жасы орта есеппен 69,9 жыл болды. Яғни айырмашылық шамамен үш жылға тең.
Сондай-ақ мәдени шараларға жиі қатысатын адамдардың арасында әйелдер, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары, жұмыспен қамтылған және жалпы денсаулығы жақсы адамдар көбірек болған.
Зерттеушілер табыс деңгейі, жұмысбастылық және созылмалы аурулар сияқты факторларды есепке алғаннан кейін де, мәдени белсенділік көрсеткішіндегі әрбір қосымша балл физиологиялық жастың орта есеппен 0,085 жылға (шамамен 31 күнге) төмендеуімен байланысты екенін анықтады.
Мұның себебі неде болуы мүмкін?
Ғалымдар мұны бірнеше фактормен түсіндіреді. Мәдени іс-шараларға қатысу адамдар арасындағы әлеуметтік байланысты нығайтады, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады және психикалық денсаулықты жақсартады. Мұның бәрі ағзаның баяу қартаюына ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар зерттеу бақылау сипатында болғандықтан, мәдени белсенділіктің қартаюды тікелей баяулататынын нақты дәлелдей алмайды. Керісінше, денсаулығы жақсы адамдардың мәдени шараларға жиі баруға мүмкіндігі көбірек болуы да ықтимал.
Соған қарамастан зерттеу авторлары мәдени өмірге белсенді араласу – өзгертуге болатын мінез-құлық факторы екенін және оның қоғамдық денсаулықты жақсартудың тиімді құралына айналуы мүмкін екенін айтады.
Ғалымдардың пікірінше, мұражайлар, театрлар мен концерттердің географиялық және қаржылық тұрғыдан қолжетімділігін арттыру адамдардың мәдени өмірге көбірек қатысуына мүмкіндік береді. Бұл байланыстың ұзақ мерзімді денсаулыққа әсерін нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.