Жаңалықтар

Мүшкіл жағдайдағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін зерттеуге 317 млн теңге бөлінді – Алтай Көлгінов

Мүшкіл жағдайдағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін зерттеуге 317 млн теңге бөлінді – Алтай Көлгінов
Фото: Wikipedia 17.05.2023 11:02 1268

Мәжілісмен Мақсат Толықбай премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің мүшкіл жағдайына қатысты сауал жолдаған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің қабырғалары ылғал тартқандықтан, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқанын айтқан. Ал кесененің жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай реставрация жасап жатқанымыз қыруар қаржын далаға шашып жатқанмен тең деген.

Толықбай Көлгіновтен жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұрған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңындағы сапасыз құрылыстарды реттеуді сұрады.

Кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын. Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын «AMANAT» фракциясының алдында баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз, - деген еді Толықбай.

Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары кесененің ылғалдану жағдайы бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатқанын алға тартты.

2022 жылы кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, қабырғаларындағы жарықшақтарды қадағалайтын мониторингтік жүйе орнатылды. Мүдделі министрліктердің қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары Түркістан қаласында болып, жер асты, жер беті (суғару, жасанды канал) суларының кесенеге ықпалына алдын-ала зерделеу жүргізді, - дейді Көлгінов.

Сонымен қатар кесенені қабырғаларынан алынған кірпіш, сталактит, құм қоспасының физикалық-химиялық және физикалық-механикалық қасиеттерін анықтау бойынша лабораториялық зерттеулер де жасалған. Кесененің жай-күйін сақтауға қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың қатысуымен кеңес өтіп, зерттеу жұмыстарын тездету, оған іргелес орналасқан Яссы бағын пайдалануға беру барысында ғалымдар мен мамандардың ұсынымдарына сәйкес жасыл желектерді суару нормаларын сақтау туралы тапсырмалар берілген. Ал зерделеу жұмыстарына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Ботаника және фитоинтродукция институты, «Қазқайтажаңарту» мекемесі, Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы атсалысады.

Көлгінов тарихи нысанның техникалық жағдайын сүйемелдеп отыру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы қарастырылып отыратынын, биыл да тиісті қаражат бөлінгенін айтты.

2023 жылға арналған республикалық бюджеттен кесенеде толық ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы, кесененің жағдайы әрқашанда мүдделі мемлекеттік органдардың бақылауында және тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Осы мәселелерді бірлесіп шешу үшін Үкіметпен қатар қоғам өкілдерінің және депутаттық корпустың атсалысуы маңызды, - деді Көлгінов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға