Жаңалықтар

Мұрат Нұртілеу Сауд Арабиясындағы ИЫҰ кезектен тыс саммитіне қатысты

Мұрат Нұртілеу Сауд Арабиясындағы ИЫҰ кезектен тыс саммитіне қатысты
Фото: facebook.com/KazakhstanMFA 12.11.2023 15:47 789

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) және Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Палестина мәселесі бойынша кезектен тыс бірлескен саммитіне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет, үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері қатысты. Қатысушылар Палестина-Израиль қақтығысын бейбіт жолмен шешу, Палестинаға заңды аумақтарды қайтару қажеттілігі туралы пікір білдірді, сондай-ақ Газа секторында әскери қимылдарды дереу тоқтатуға шақырды.

Саммитте сөйлеген сөзінде ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстан палестиналықтардың өзін-өзі анықтауға және астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан 1967 жылғы шекарада халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін құруға заңды құқықтарын толық қолдайтынын мәлімдеді. Таяу Шығыс дағдарысын реттеу тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде ғана мүмкін болатындығы аталып өтті.

«Қазақстан Газа секторында әскери қимылдарды дереу тоқтатуға шақыра отырып, ИЫҰ-ға қатысушы елдермен ынтымақ танытты және танытуды жалғастыруда», – деді М. Нұртілеу және осы мақсатта Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының ү.ж. 27 қазандағы төтенше арнайы сессиясында Иордания Хашимит Корольдігі ұсынған атысты тоқтатуға шақыратын қарарға дауыс бергенін қоса жеткізді.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы өкінішке орай бейбіт тұрғындар, оның ішінде тым көп балалар, әйелдер мен қарттар жанжалдың жазықсыз құрбаны болғанын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі уақытта Газа секторында жүрген және осы аумақтан кетуге мүмкіндігі жоқ ҚР азаматтарына қатысты жағдайға терең алаңдаушылық білдірілді.

Осыған байланысты М. Нұртілеу Саммитке қатысушыларға Израиль СІМ басшысы Эли Коэнмен жақында болған телефон арқылы сөйлесуі барысында атысты дереу тоқтатуға және барлық тараптардың осы жанжалды бейбіт жолмен шешуін іздеуге шақырғанын жеткізді. Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі басты басымдық екені аталды. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға