Мурал, метро және қайырымдылық: Димаштың Мексикадағы жанкүйерлері қалай таңғалдырды

Мурал, метро және қайырымдылық: Димаштың Мексикадағы жанкүйерлері қалай таңғалдырды
Фото: AI көмегімен жасалды

Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік турнесінің Латын Америкасындағы кезеңі Мексикадан басталды. Бір елде он күн ішінде бес концерт жоспарланған. Мұндай ауқымды бағдарламаға әншінің Мексикадағы белсенді жанкүйерлер қауымдастығының ықпалы зор.

Димаш Құдайберген Мерида қаласындағы концертінен кейін 14 қарашада Монтеррейде, 17 қарашада Гвадалахарада, ал 19 және 20 қарашада Мехикода өнер көрсетеді. Мексикадағы жанкүйерлері әншінің келуіне бірнеше ай бұрын дайындала бастаған.

Димаш бұл елде алғаш рет бір жыл бұрын Stranger турнесі аясында өнер көрсетті. Бастапқыда Мехикода бір концерт өткізу жоспарланғанымен, билеттердің тез сатылып кетуіне байланысты екінші шоу ұйымдастырылды. 2025 жылғы 10 қазанда Спорт сарайында өткен концертке 15 мың көрермен жиналып, зал лық толды.

Сол кезде көрермендер концерт басталмай тұрып-ақ әншіні ерекше ықыласпен қарсы алған. Олар мексикалық дәстүрлі әндерді бірге орындап, футбол жанкүйерлері секілді Димаштың есімін ұрандатқан.

Әншіні муралмен қарсы алды

Биыл мексикалық жанкүйерлер Димаштың сапарына алдын ала дайындалды. Мехико көшелерінде әншінің жақында елге келетінін хабарлайтын арнайы автобус жүрді.

Ал Монтеррейде жергілікті жанкүйерлер әншіге арнап мурал жасатты. Оны Dimash&DearsRegiasMty фан-клубы Мексикалық Dears por Dimash альянсының қолдауымен әзірлеген.

Мексикада Димашты әуежайдан қарсы алудың да өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Өткен сапарында жанкүйерлер ұзын тізбек құрып, ұшып келген жолаушылар шығатын есік ашылған сайын дәстүрлі мексикалық әндерді орындаған.

Елдің түкпір-түкпірінде фан-клубтар бар

Мексикадағы Dears қауымдастығы бір ғана клубпен шектелмейді. Мехикодан бастап шекаралас қалаларға дейін бірнеше фан-клуб жұмыс істейді. Олардың қатарында Dimash Qudaibergen Mexico, Dimash Tijuana Dears, Be With Me Fanclub, Dimash & Dears Regias және Dears Chihuahua бар.

Өткен жылы Димаштың концерті қарсаңында өткен жанкүйерлер кездесуіне Мексиканың әртүрлі штаттарынан, сондай-ақ Сальвадор, Гондурас, Никарагуа, Коста-Рика және Гватемаладан 372 адам қатысқан.

Димаштың әндері Мехико метросында көрсетілді

Мексикалық жанкүйерлердің басты мақсаты – әншінің шығармашылығын бүкіл елге таныту. Олардың бастамасымен Димаштың Fly Away әнін орындаған видеосы Мехико метросындағы 70 станцияның 576 экранынан әр сағат сайын көрсетілген. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл бейнежазбаны шамамен үш миллион адам көруі мүмкін болған.

Кейін жанкүйерлер Наурыз мерекесіне орай тағы бір акция ұйымдастырып, метро экрандарынан әншінің «Киелі мекен» әнін орындаған бейнежазбасын көрсеткен.

Димаштың әндері Мексика радиоларынан да беріліп келеді. 2022 жылы OYE 89.7 радиостанциясы фан-клубтың өтінішімен алғаш рет Golden әнін эфирге шығарған. Кейін Love’s Not Over Yet композициясы Мексикадағы Radio Disney радиосының әндер тізіміне енген.

Қазақстан мен Мексиканы жақындастырған жанкүйерлер

Мексикалық Dears әншінің шығармашылығын ғана емес, оның туған елін де танытуға атсалысады. Қазақстан елшілігінің өтінішімен фан-клуб еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара өткізген.

Мехикодағы Casa Carranza музейінде «Қазақстан Димаштың көзімен» атты көрме ұйымдастырылған. Сонымен қатар жанкүйерлердің бастамасымен Латын Америкасындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі – Мексиканың Ұлттық автономиялық университетінің (UNAM) білім беру бағдарламасына Қазақстан туралы тақырыптар енгізілген.

Димаштың атынан қайырымдылық жасайды

Мексикадағы жанкүйерлер қайырымдылық шараларына да белсенді қатысады. Олар төртінші жыл қатарынан аз қамтылған отбасылардың балаларына ойыншық жинайтын Juguetón акциясына қатысып, іс-шараға Қазақстан туын алып барады.

Dears қауымдастығының құрылған күніне орай жанкүйерлер қарттар үйіне барып, оның тұрғындарына арнайы бағдарлама ұсынған. Ал Веракрус штатында су тасқыны болған кезде зардап шеккендерге көмектесу үшін 8 400 песо жинаған.

Осылайша, Мексикадағы Димаш жанкүйерлері әншінің концерттеріне қолдау көрсетумен шектелмей, Қазақстан мәдениетін танытуға және қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға үлес қосып келеді.

Оқи отырыңыз