Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі Мәжілісте талқылануы қажет – сарапшы

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі Мәжілісте талқылануы қажет – сарапшы
Фото: Жақсыбек Жиеналиев 28.03.2023 16:40 2747

Мәжіліске өткен 6 партия депутаттарының тізімін жариялады. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев сайланатын депутаттар енді елімізді жаңа бір деңгейге көтереді деген пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сайлау науқаны басталғалы бері бірқатар партияның үгіт-насихат жұмыстарын белсенді атқарғанын көрдік. Солардың бірі «Amanat» партиясы бүгін кандидаттарының тізімін ұсынды. Құрамының 50 пайызы бұрынғы депутаттардан тұрады. Ал қалған 50 пайызы қазақ тілі мәселесін көтеріп жүрген Максим Рожин, әлеуметтік мәселелерге тоқталатын Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы және саясаткер Самат Нұртаза сынды елге танымал азаматтардан құралған. Ал жаңадан құрылған «Respublica» партиясы да ерекше көзге түсіп, 6 мандатын билікке өткізді. Оның құрамында бұрыннан келе жатқан елге танымал кәсіпкерлер, тұлғалар бар. Өз басым партиялардың атынан сайланатын депутаттар өзекті мәселелерді шешіп, елімізді жаңа бір деңгейге көтереді деп ойлаймын, - деді Жақсыбек Ақтілеуұлы.

Сондай-ақ сарапшы биылғы сайлаудың бір ерекшелігіне тоқталды.

Осы жолғы өткен сайлаудың жақсы жаңалықтарының бірі - «Ауыл» партиясының билікке өтуі. Халықтың бұл партияға дауыс беріп, сенім білдіргені бізді қуантады. Себебі ауыл мәселесі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Оны шешу үшін билікке ауылға жақын, жанашыр мамандар келуі тиіс, - деді ол.

Сонымен қатар Жақсыбек Жиеналиев мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі қашанда маңызды екенін атап өтті.

Әр партия сайлау кезінде 30 пайыздық квота бойынша өз кандидаттарын ұсынды. Енді депутаттық қызметке тағайындалатындары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін шешетін болады. Мысалы оларға арналған қарапайым қаладағы пандустардың, арнайы қоғамдық демалыс орындарының жоқтығы білінеді. Сөйтіп кейде сол жандардың құқықтары шектеліп жатады. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі назардан тыс қалмай, Мәжілісте талқылануы қажет деп есептеймін, - дейді ол.

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Мәжіліске 6 партия өтеді деп күтпеген.

Негізі депутаттар сайлауына қатысты болжамым басқаша болған. Билікке 4 партия өтеді деп ойладым. Маған басқа да сарапшылардың болжамы өзгеше болған сияқты көрінеді. Себебі 7 партияның 6-уы Парламентке өтіп кетті. Бұған өткен жылы салған саяси реформалар мен референдумдағы партиялардың 5 пайыздық межеден асып өтуі себеп болып отыр, - дейді Жақсыбек Ақтілеуұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға