Мұхит ортасындағы жалғыз үйде кім тұрады? Эллидаэй аралының құпиясы

 Hansueli Krapf/commons.wikimedia.org
Фото: Hansueli Krapf/commons.wikimedia.org

Исландиядағы Эллидаэй аралы – елдің оңтүстік жағалауына жақын орналасқан Вестманнаэйяр архипелагындағы шағын, адам тұрмайтын аралдардың бірі.

Аумағы небәрі 0,45 шаршы шақырымды құрағанымен, ол осы жанартаулық архипелагтағы ірі аралдардың қатарына жатады. Материктен шамамен 11 шақырым қашықтықта орналасқан бұл мекен табиғаттың қатал әрі сұлу көрінісімен ерекшеленеді. Тік жартастар, жасыл беткейлер мен шексіз мұхиттың ортасында тұрған Эллидаэй аралы көпшіліктің назарын ең алдымен мұндағы жалғыз үймен аударады. Көпшілік оны тіпті «әлемдегі ең жалғыз үй» деп атап кеткен.

Вестманнаэйяр архипелагы геологиялық тұрғыдан алғанда салыстырмалы түрде жас. Ол шамамен 10-12 мың жыл бұрын жанартаулардың атқылауы нәтижесінде пайда болған. Эллидаэй аралы да дәл осындай табиғи процестердің жемісі.

Бүгінде бұл арал иесіз болғанымен, өткен ғасырларда мұнда адамдар өмір сүрген. XVIII-XIX ғасырларда бірнеше отбасы осы жерде тұрақтап, балық аулап, құс аулап, қой өсірумен айналысқан. Алайда уақыт өте келе тұрғындар саны азайып, XX ғасырдың басына қарай арал біржола бос қалды. 1930 жылдары соңғы тұрғындар да көшіп кеткен. Содан бері Эллидаэй адам аяғы сирек басатын табиғи аймаққа айналып, теңіз құстарының мекеніне айналған.

Аралдың ортасында жасыл шөптің арасында жалғыз тұрған ақ үй бар. Ол екі төбенің ортасында орналасқан және алыстан қарағанда ұмытылып кеткендей әсер қалдырады. Кемелерден де анық көрінеді. Айналада тіршілік белгісі жоқ кеңістікте жалғыз тұрған бұл үй ерекше әсер қалдырады.

Wojciech Strzelecki «Wojtrix»/commons.wikimedia.org

Осы үй туралы түрлі аңыздар да тараған. Біреулер оны апокалипсиске дайындалып жүрген миллиардердің панасы десе, енді біреулер исландиялық әнші Бьоркке сыйлық ретінде салынған деген болжам айтқан. Алайда бұл пікірлердің барлығы шындыққа жанаспайды.

Шын мәнінде, бұл үйдің тарихы әлдеқайда қарапайым. Ол 1953 жылы жергілікті аңшылар қауымдастығының бастамасымен салынған аңшылық үйі. Қауым мүшелері мұнда маусым кезінде келіп, тупик құстарын аулап, олардың жұмыртқаларын жинаумен айналысады.

Үй уақытша паналау орны ретінде қызмет етеді. Оның ішінде ұйықтайтын орындар, пеш, ас ішетін бұрыш, тіпті шағын сауна да бар. Мұнда электр жарығы жоқ, су жаңбырдан жиналады, ал жылу пропан арқылы беріледі. Негізгі үйдің жанында шағын ескі құрылыс та бар – ол бұрын сарай немесе қойма ретінде пайдаланылған, кейін табиғатты зерттеген биологтар қолданған деген болжам бар.

Hansueli Krapf/commons.wikimedia.org

Эллидаэй аралына жету оңай емес. Тік жартастарға шығу үшін қайықпен шығыс жағалауға жетіп, альпинистік құралдармен көтерілу керек. Мұнда жол да, инфрақұрылым да жоқ. Тек желдің гуілі, мұхиттың үні және анда-санда келетін аңшылар мен саяхатшылар ғана бар.

Дәл осы оқшаулық пен тыныштық аралдағы жалғыз үйді ерекше етіп көрсетеді. Сол себепті де Эллидаэй аралы әлемдегі ең құпия әрі қызықты орындардың бірі ретінде көпшіліктің назарын аударып келеді.

Оқи отырыңыз