Мұғалімнің айлығы тек өткізген сабақ санына байланысты емес. Еңбек өтілі, біліктілік санаты, оқу жүктемесі және қосымша атқаратын міндеттері де жалақы мөлшеріне әсер етеді. Сондықтан бір мектепте жұмыс істейтін педагогтердің еңбекақысы әртүрлі болуы мүмкін. Мұғалімдердің жалақысы қалай есептеледі, қандай үстемеақылар қарастырылған және айлық кем төленсе, қайда жүгіну керек? Бүгін осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап береміз.
Мұғалімнің жалақысы қалай есептеледі?
Қазақстанда педагогтердің еңбекақысын есептеу тәртібі «Педагог мәртебесі туралы» заңмен және Үкіметтің №1193 қаулысымен реттеледі.
Мұғалімнің айлығы бірнеше көрсеткішке байланысты қалыптасады. Негізгі жалақыны есептегенде оның білім деңгейі, еңбек өтілі және апталық оқу жүктемесі ескеріледі. Бұған біліктілік санаты, сынып жетекшілігі, дәптер тексеру және басқа да қосымша жұмыстар үшін төленетін ақы қосылады.
Есептеуде базалық лауазымдық айлықақы қолданылады. Оның мөлшері – 17 697 теңге. Бұл мұғалімнің бір айда алатын жалақысы емес, еңбекақыны есептеуге негіз болатын көрсеткіш.
Базалық айлықақы педагогтің білімі мен еңбек өтіліне сәйкес белгіленген коэффициентке көбейтіледі. Сонымен қатар педагогтердің лауазымдық айлықақысын есептеуде 2,0 түзету коэффициенті қолданылады.
Осылайша, мұғалімнің негізгі еңбекақысы анықталып, оған тиісті қосымша төлемдер есептеледі.
Бір ставка қанша сағатты құрайды?
Қазақстанда орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері үшін бір ставкаға сәйкес нормативтік оқу жүктемесі аптасына 16 сағатты құрайды.
Алайда педагогтердің нақты сабақ сағаты әртүрлі болуы мүмкін. Бірі аптасына 12 сағат сабақ берсе, енді бірі 18 немесе 20 сағат жұмыс істейді. Мұндай жағдайда негізгі еңбекақы оқу жүктемесіне қарай есептеледі.
Мысалы, мұғалімнің 16 сағатқа есептелген айлық жалақысы 350 мың теңге делік. Егер ол аптасына 18 сағат сабақ берсе, оның еңбекақысы мынадай болады: 350 000 ÷ 16 × 18 = 393 750 теңге.
Демек, мұғалімнің 18 сағаттық оқу жүктемесіне сәйкес есептелген жалақысы 393 750 теңгені құрайды. Бұл – қосымша төлемдер мен міндетті ұсталымдар есепке алынбаған сома.
Біліктілік санатына қарай қандай үстемеақы қарастырылған?
Мұғалімнің кәсіби біліктілігі де оның табысына әсер етеді. Аттестаттау нәтижесінде тиісті санат алған педагогтерге ай сайын қосымша ақы төленеді. Оның мөлшері лауазымдық айлықақыға пайызбен есептеледі:
- Педагог-модератор – 30%;
- Педагог-сарапшы – 35%;
- Педагог-зерттеуші – 40%;
- Педагог-шебер – 50%.
Яғни мұғалімнің біліктілік санаты жоғарылаған сайын осы санат үшін төленетін қосымша ақы да артады.
Алайда көрсетілген пайыздар мұғалімнің қолына алатын жалпы жалақысынан емес, тиісті лауазымдық айлықақысынан есептелетінін ескеру қажет.
Сынып жетекшілігі мен дәптер тексеруге қанша төленеді?
Мұғалімнің жұмысы тек сабақ өткізумен шектелмейді. Оқушылардың жазба жұмыстарын тексеру, сыныптың тәрбие жұмысын ұйымдастыру сияқты міндеттер үшін де қосымша ақы қарастырылған.
Сынып жетекшілігі үшін төлем мөлшері оқушылардың қай сыныпта оқитынына байланысты.
1-4-сыныптарда сынып жетекшілігі үшін базалық лауазымдық айлықақының 50%-ы, яғни 8 848,5 теңге төленеді. Ал 5-11-сыныптарда бұл көрсеткіш 60%-ды немесе 10 618,2 теңгені құрайды.
Дәптерлер мен жазбаша жұмыстарды тексеруге де бөлек ақы қарастырылған.
Бастауыш сынып мұғалімдеріне базалық айлықақының 40%-ы есептеледі. Ал 5-11-сыныптарда қазақ тілі, орыс тілі, шет тілдері, әдебиет және математика пәндерінен жазба жұмыстарын тексергені үшін 50% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
Нақты төлем мөлшері мұғалімнің оқу жүктемесіне және белгіленген есептеу тәртібіне байланысты анықталады.
Ауыл мұғалімдерінің жалақысы қалай есептеледі?
Ауылдық жердегі мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерге қосымша әлеуметтік қолдау қарастырылған.
Заңнамаға сәйкес, олардың лауазымдық айлықақысы қаладағы тиісті мамандармен салыстырғанда кемінде 25% жоғары белгіленеді.
Мысалы, қаладағы мұғалімнің лауазымдық айлықақысы 200 мың теңге болса, ауылдық жердегі тиісті мөлшер кемінде 250 мың теңгені құрайды.
Дегенмен бұл барлық үстемеақыға бірдей 25% қосылады дегенді білдірмейді. Әр төлемнің есептелу тәртібі бөлек қарастырылады.
Мұғалімдерге қанша күн еңбек демалысы беріледі?
Педагогтердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы – 56 күнтізбелік күн.
Еңбек демалысына шыққан кезде мұғалімге демалыс ақысынан бөлек сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері бір лауазымдық айлықақыға тең.
Сауықтыру жәрдемақысын есептегенде педагогтің негізгі лауазымдық айлықақысы мен оқу жүктемесі ескеріледі. Ал біліктілік санаты, сынып жетекшілігі немесе дәптер тексеру үшін берілетін қосымша ақылар бұл жәрдемақының құрамына кірмейді.
Ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге тиісті жоғары лауазымдық айлықақы негізінде есеп жүргізіледі.
Ал демалыс ақысының өзі еңбек заңнамасында белгіленген орташа жалақыны есептеу тәртібі бойынша анықталады.
Демалыс ақысы қашан төленуі керек?
Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ақысы демалыс басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын төленуге тиіс. Егер еңбек демалысы бекітілген кестеден тыс берілсе, төлем демалыс берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Сондықтан мұғалім демалысқа шығар алдында бухгалтериядан төлемнің қашан аударылатынын нақтылап алғаны жөн.
Мұғалім өз жалақысын қалай тексере алады?
Айлықтың дұрыс есептелгеніне көз жеткізу үшін мұғалім мектеп бухгалтериясына жүгінумен қатар, арнайы еңбекақы калькуляторларын да пайдалана алады.
Мектептерде қолданылатын бухгалтерлік ақпараттық жүйелердің калькуляторлары арқылы жалақыны алдын ала есептеуге болады.
Ол үшін педагог өзінің білім деңгейін, еңбек өтілін, біліктілік санатын және апталық сабақ сағатын енгізеді. Сондай-ақ сынып жетекшілігі, дәптер тексеру және басқа да қосымша міндеттерін көрсетеді.
Калькулятор осы мәліметтер негізінде болжамды жалақыны есептейді. Бірақ оның нәтижесі нақты төлеммен әрдайым бірдей болмауы мүмкін. Өйткені соңғы сомаға міндетті зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы, медициналық сақтандыру жарналары және басқа да заңды ұсталымдар әсер етеді.
Сондықтан есептеу кезінде жалпы есептелген жалақы мен қолына алатын таза соманы шатастырмау маңызды.
Айлық күткеннен аз түссе, не істеу керек?
Егер мұғалімнің банк картасына түскен жалақысы өзінің есебімен сәйкес келмесе, алдымен мектеп бухгалтериясына жүгінгені дұрыс.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге жалақының құрамдас бөліктері мен жүргізілген ұсталымдар туралы ақпарат беруге міндетті.
Мұғалім есеп айырысу парағын алып, ондағы мәліметтерді тексере алады. Әсіресе апталық оқу жүктемесіне, біліктілік санатына және қосымша төлемдерге назар аудару қажет.
Кейде айырмашылық сабақ сағатының дұрыс енгізілмеуінен, белгілі бір үстемеақының есептелмеуінен немесе міндетті ұсталымдарға байланысты туындауы мүмкін.
Егер бухгалтерия мәселені түсіндіріп немесе шешіп бере алмаса, педагог мектеп директорына жазбаша өтініш жолдай алады. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының көмегіне жүгінуге болады.
Төленбеген еңбекақыны қалай өндіріп алуға болады?
Егер мұғалімнің жалақысы бухгалтерлік қателік немесе заң талаптарының бұзылуы салдарынан толық төленбесе, ол өзіне тиесілі қаражатты қайтаруды талап етуге құқылы.
Ол үшін алдымен жұмыс берушіге жазбаша өтініш беріп, жалақыны қайта есептеуді талап еткен жөн. Өтінішке есеп айырысу парағын, еңбек шарты мен оқу жүктемесіне қатысты құжаттарды қоса ұсынуға болады.
Мәселе мектеп деңгейінде шешілмеген жағдайда педагог аумақтық мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады. Қажет болған жағдайда еңбек дауын шешудің заңда көзделген өзге тетіктерін де пайдалануға құқылы.
Жалақыдағы айырмашылықты анықтаған кезде ауызша түсініктемемен шектелмей, есептің жазбаша негіздемесін сұратқан дұрыс.
Мұғалімнің еңбекақысы бірнеше көрсеткішке байланысты қалыптасатындықтан, әр төлемнің қалай есептелетінін білу маңызды. Бұл педагогке ай сайынғы табысын бақылауға, қателіктерді дер кезінде анықтауға және еңбек құқығын қорғауға мүмкіндік береді.