Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдердің сабақ жүктемесін бөлу үдерісін цифрландыруды жоспарлап отыр. Ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа жүйе педагогтерге сағат бөлу кезінде әділетсіздікке жол бермеуге және олардың мектеп басшылығына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
Министр бұл мәселені цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің көмегімен шешу көзделіп отырғанын айтты.
Бірде-бір мұғалім сабақ сағаты үшін директорға мәжбүрлі түрде тәуелді болмауы керек. Бұл – менің принципті ұстанымым. Сондықтан мәселені цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект арқылы шешу қажет деп есептейміз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қазіргі уақытта министрлік қолданыстағы LMS платформаларымен қатар, «Орта білім» жүйесін іске қосып, білім беру саласын кезең-кезеңімен цифрландырып жатыр. Жаңа тетік әр педагогтің орташа жүктемесін есептеп, сабақ сағаттарын бөлу үдерісін жүйелеуге тиіс.
Жоба Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы департаментінің бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр. Министрдің сөзінше, жобаның нақты тетіктері бір жыл ішінде айқындалуы мүмкін.
Цифрлық шешім енгізілгеннен кейін сабақ сағатын бөлуге қатысты дау, бір мұғалімге көп, екіншісіне аз сағат беру секілді мәселелер шешіледі деп ойлаймыз, – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова мектептер мен оқушылар саны көп өңірлермен жеке жұмыс жүргізілуі мүмкін екенін айтты. Мәселен, Түркістан облысында мыңнан астам мектеп жұмыс істейді және 500 мыңға жуық оқушы білім алады.
Бұған дейін мектеп киіміне қандай шектеулер қойылатыны айтылды.