Жаңалықтар

Мұғалімдер оқушы қызды өгей әкесі зорлады деп жедел жәрдем шақыртқан

Мұғалімдер оқушы қызды өгей әкесі зорлады деп жедел жәрдем шақыртқан
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 04.10.2023 09:22 17353

Алматы тұрғыны жекеменшік мектептің қызметкерлері қызыма психологиялық қысым көрсетті деп шағымданды. Көпбалалы ананың айтуынша, білім ордасының мұғалімдері мен психологы бірінші сыныпта оқитын қызды өгей әкесі зорлады деп топшылап, жедел жәрдем шақыртқан, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ал аурухана гинекологы қызды ата-ананың қатысуынсыз қарап, жатырына зақым келді деген диагноз қойыпты. Бірақ полиция тағайындаған екі бірдей сот-медициналық сараптаманың қорытындысы мұны жоққа шығарған.

Ұстаздар мен дәрігерлердің біліксіздігінің кесірінен қызым шошып, отбасым ойран болды, - дейді әйел.  

Бет-жүзін жасырып, есімін атамауды өтінген Алматы тұрғыны жекеменшік мектептің қызметкерлерінің кесірінен жеті жасар қызым психологиялық ауыр соққы алды деп отыр. Өткен аптада келіншектің бірінші сыныпта оқитын қызы сабақ кезінде қайта-қайта дәретханаға жүгіріпті. Бұдан сезіктенген мұғалімдер оқушыны сұрақтың астына алған. Сосын қызға өгей әкесі зорлық көрсетуі мүмкін деп топшылап, мені күтпей, жәдел жәрдем көлігіне салып жіберді дейді әйел.

Мектептің психолог апайы, дәрігері мен директор орынбасары. «Не істедің, кімнің қасына жаттың, ұйқың қалай» деп, жан-жақтан сұраған. Осы кісілер асығыс диагноз қойып, зорлау мүмкіндігі болды деп өздері шешім қабылдап, жедел жәрдем мамандарына айтып берген. Сөйтіп ауруханаға жеткізіп, менің рұқсатымсыз баланы шырқыратып, астын ашып көріп, баламның құрсағы жарақат алды деп жазып берген, - дейді әйел.

Көпбалалы ана жайсыз хабарды тек ауруханаға жеткенде бір-ақ білдім дейді. Іске полиция араласып, бөлімшеге қыздың өгей әкесі де шақыртылған. Сосын екі бірдей медициналық сараптама жасалыпты. Оның қорытындысы бойынша жеткіншектің бар болғаны қуығына суық тиген екен. Қазір шошып қалған қаршадай қыз емделіп жатыр. Ал «баламды тергеп, айрандай ұйыған отбасымды ойран еткен мектептің қызметкерлері жазасыз қалмау керек» деген келіншек оқиғаның күйеуі екеуінің намасына тигенін осы іске қатысы бар адамдарды жұмыстан шығаруын талап етеді.

Заңгер Нұржан Құралбаев кінәлілер жауапқа тартылсын деген талаппен прокуратураға, оқу-ағарту министрлігі мен әкімдікке шағым түсіріп үлгерген. Оның айтуынша, ата-ананың қатысуынсыз кәмелетке толмаған баладан жауап алуға және жыныстық мүшесін тексеруге ешкімнің құқығы жоқ.

Бұл жағдайға жекеменшік мектеп қызметкерлерінің біліксіздігі себеп. №1 балалар ауруханасының дәрігерлеріне де сұрақ көп. Олар қыздың атаанасына ескертпей, өз бетінше тексеріс жүргізіп, жатыры зақымданған деген диагноз қойды. Екі бірдей сот-медициналық сараптама мұны жоққа шығарды. Мұндай қателік бүтін бір отбасыға кері әсерін тигізді. Мектеп болсын, ауруханаға болсын, мұндай келеңсіз жайтқа жол бермеуге тиіс, - деді заңгер Нұржан Құралбаев.

Ал дауға себеп болған Tamos Education атты жекеменшік мектептің басшылығы сұхбат беруге құлықсыз. Түсірілім тобымыздың алдынан шыққан күзетшілердің де жауабы қысқа болды. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеден хабардар. Жауапты ведомствоның өкілдері жекеменшік мектепте тексеріс жүргізіледі деп сендірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға