Жаңалықтар

Мүфтият тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсін ұсынды

Мүфтият тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсін ұсынды
Фото: Facebook/ Ағабек Қонарбайұлы 12.09.2023 11:51 1984

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіде туындаған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде кейбір азаматтар «мүфтият тәңіршілер Қағбаға тиіскенде жақ ашпады, орамал мәселесінде де үнсіз қалды» депті... Әуелі тәңіршілер жайын қозғайық. Мүфтият имамдары мен ұстаздары тәңіршілдік ұстаным дін емес екенін айтудан жалықпай келеді. Тіпті еліміз бойынша 2700-ден астам мешітте айтылған жұма уағызы (мәтіні төменде бірінші пікірде) ел ішіне бүлік салып жүрген тәңіршілерге арналды, - деп жазды ол.

Айтуынша, өткен жолы бір азамат күллі Ислам әлемі бет түзеп, жүзін бұрып намаз оқитын қасиетті Қағба туралы өте лас әңгіме айтып, қаншама мұсылман баласының наразылығын тудырды.

Осыдан кейін ҚМДБ-мен қоса бірнеше азамат Қағба туралы ауыр сөз айтқан адамды сотқа берді. «Жүйелі сөз – жүйесін, жүйесіз сөз – иесін табады». Әр нәрсенің шегі болады. Сөздің де жауапкершілігі бар. Біздің ойымызша, шектен шыққандар мұны сезінуге тиіс... Мұндайда «көп асқанға бір тосқан» демей ме?!, - деп жазды ол.

Өкінішке қарай, арамызда діни ағымдар жайлы айтқан болып, діннің өзімен «күресіп» жүргендер де бар екенін атап өтті.

Енді орамал жайында. Мүфтият бұл мәселені өз құзыреті, дін мен дәстүр сабақтастығы аясында шешудің оңтайлы жолын ұсынды. Нақты айтқанда, тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсі ұсынылды. Осыған қатысты әлі де оң шешім қабылданар деген үміттеміз. Алла алауыздықтан сақтасын!, - деп жазды баспасөз хатшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға