Жаңалықтар

Мүдделі болмай отыр. Сенатор тауар өндірушілерді сынға алды

Мүдделі болмай отыр. Сенатор тауар өндірушілерді сынға алды
Фото: t.me/senate_kz 11.05.2023 13:01 635

Сенатор Әлібек Нәутиев ауыл шаруашылығын қайта өңдеу дамымай отырғанын және фермерлер тек шикізатты ғана экспорттайтынын айтып, премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың айтуынша, арзан шикізаттар мен жартылай фабрикаттар елден шығарылып, ал қосылған құны бар тауарлардың сырттан тасымалдау үрдісі әлі де азаймай тұр. Бұл жағдай ең алдымен ауыл шаруашылығына тән екенін жеткізді.

Агроөнеркәсіп өнімі экспорттың жалпы көлемінде өңделген тауарлардың 37 пайыз үлесін құрайды. Бұл ретте өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің импорты 2021 жылмен салыстырғанда ақшалай мәнде 24 пайызға өскен. Көптеген ауыл шаурашылығы тауар өндірушілері шикізат экспортына бағытталып, ел ішінде қайта өңдеуді дамытуға мүдделі болмай отыр, – деді депутат.

Сондай-ақ ол астық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі бүгінгі күнге дейін нәбәрі 33 пайызды құрайтынын тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта елімізде әрбір төртінші диірмен ғана жұмыс істеп отыр. Мұндай қиын жағдай өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспортының артуы аясында қалыптасқан. Оның көлемі салыстырмалы түрде 2021 жылдан бастап 14 пайызға өсті. Бұл Қазақстан көрші елдердің атап айтқанда Өзбекстанда қайта өңдеуді дамытуына жағдай жасауына әкеліп отыр, – деді Әлібек Нәутиев.

Сенатордың айтуынша, Қазақстан Өзбекстан бидайын өңдеп, ұн экспортын 56 есеге арттырса, елімізде бұл көрсеткіш керісінше 36 пайызға төмендегенін байқауға болады.

Бүгінде Қазақстан астық экспортының жартысына жуығын құрайтын Өзбекстан ұн тарту өнеркәсібін дамытуда. Көршілер ұн экспортының көлемі бойынша 2021 жылы әлемде үшінші орынға көтерілді. Ауыл шарашылығы министрлігі бес жыл бойы елдегі астық өңдеуді қолдау және дамыту жөніндегі жол картасын жасақтауды аяқтамай отыр, – деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға