MSC Қазақстан нарығына шығады: компания SEMURG-пен стратегиялық серіктестік орнатады

MSC Қазақстан нарығына шығады: компания SEMURG-пен стратегиялық серіктестік орнатады
Фото: MSC

Әлемдегі ірі контейнерлік тасымалдаушылардың бірі MSC Қазақстан нарығына өзінің логистикалық компаниясы MEDLOG арқылы шығады. Компания SEMURG INVEST-пен стратегиялық серіктестік орнатып, Құрық портындағы контейнерлік инфрақұрылымды дамытуға қатыспақ.

Женевада SEMURG INVEST пен MSC Group құрамына кіретін MEDLOG Poti LLC арасында Sarzha Logistics компаниясында стратегиялық серіктестік құруды көздейтін сатып алу-сату келісіміне қол қойылды. Мәміле аяқталғаннан кейін MEDLOG Sarzha Logistics компаниясының SEMURG-пен тең құқылы серіктесіне айналады.

Серіктестік Қазақстандағы, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы контейнерлік жүк тасымалын дамытуға бағытталған. Тараптар SEMURG-тің жергілікті инфрақұрылымы мен жобаларды іске асыру тәжірибесін MEDLOG-тың халықаралық логистикалық желісімен біріктіруді жоспарлап отыр.

Жоба Құрық портындағы Sarzha кластерінің инфрақұрылымына сүйенеді. Кластерді дамыту аясында жылына 5 млн тоннаға дейін қосымша жүк өңдеу қуатын құру көзделген. Оның ішінде контейнерлік қуат жылына 110 мың TEU-ге дейін жетеді.

Жаңа серіктестік Қазақстанның Орта дәліздегі логистикалық әлеуетін арттыруға және Орталық Азия елдерінің экспорттаушылары үшін Түркия мен Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталмақ.

Бұл келісім Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың MSC компаниясының аға вице-президенті Эдуард Сигристпен 2026 жылғы маусымда Брюссельде өткен кездесуінен кейін жасалды. Кездесуде контейнерлендіру деңгейін арттыру, Орта дәлізді дамыту, Құрық порты және MSC-тің Қазақстандағы қатысуын кеңейту мәселелері талқыланған.

SEMURG INVEST бас директоры Нұржан Марабаевтың айтуынша, халықаралық компаниялар үшін нарықтың тартымдылығымен қатар, инфрақұрылымға инвестиция салып, жобаларды іске асыра алатын жергілікті серіктестердің болуы маңызды.

«Қазақстан мен Орталық Азияға экспорт бағыттарын одан әрі әртараптандыру және Түркия мен Еуропаның негізгі нарықтарына сенімді қолжетімділік қажет. MSC пен MEDLOG-тың жаһандық логистикалық мүмкіндіктерін Құрықтағы біздің инфрақұрылыммен біріктіру осы қажеттілікті іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

MEDLOG бүгінде 470-тен астам логистикалық нысанды біріктіретін халықаралық желіге ие. Бұл желі арқылы жыл сайын шамамен 10 млн TEU жүк тасымалданады. Ал MSC-тің контейнерлік желісі 155-тен астам елдегі 520 портты байланыстырады.

MEDLOG Poti LLC басқарушы директоры Мухран Деканадзе Қазақстанның Шығыс–Батыс бағытындағы сауда және өңірлік жеткізу тізбектеріндегі маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

Оның сөзінше, серіктестік Каспий теңізі мен Грузия арқылы Орталық Азияны Түркиямен, Еуропамен және MSC-тің жаһандық желісімен байланыстыратын жаңа контейнерлік және мультимодальды жүк ағындарын дамытуға мүмкіндік береді.

Анықтама: SEMURG INVEST – Қазақстандағы жеке инфрақұрылымдық девелопер және инвестор. Компания Каспий теңізіндегі Құрық портында Sarzha көпфункционалды теңіз терминалын дамытып жатыр. Жоба теңіз терминалдарын, логистикалық нысандарды, теміржол және автомобиль инфрақұрылымын біріктіретін мультимодальды порттық-логистикалық және индустриялық кластер құруды көздейді.

Оқи отырыңыз