Жаңалықтар

Мопед мінгендер нені ескеруі керек?

15.05.2025 14:11 2173
Мопед мінгендер нені ескеруі керек?

Қала тіршілігі қарқын алған сайын адамдар уақыт үнемдеп, ыңғайлы әрі үнемді көлік түрлеріне көбірек көңіл бөле бастады. Солардың ішінде соңғы жылдары мопедке деген қызығушылық айрықша артты. Бұл шағын моторлы көлік — экологияға зияны аз, жол кептелісінде оңай қозғалатын және отын шығыны төмен көлік ретінде танымал бола бастады. Дегенмен соңғы кездері елімізде мопед пен самокат жүргізушілеріне қатысты құқықбұзушылық фактілері мен жол-көлік оқиғалары көбейіп барады. Осыған орай Ішкі істер министрлігі 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді жүргізуге тыйым салған болатын.

Мопед сөзі ағылшынның motor (мотор) және pedal (аяқпен тебетін) сөздерінен құралған. Ең алғашқы мопедтер ХХ ғасырдың басында пайда болды. Ол кезде велосипедтерге шағын қозғалтқыш орнатып, қолжетімді моторлы көлікке айналдыру үрдісі кең етек алды. 1950–60 жылдары Еуропа елдерінде мопед үлкен танымалдыққа ие болды. Қарапайым құрылымы, арзандығы мен үнемділігі оны халықтың негізгі көлік құралына айналдырды. Бүгінде мопедтер әртүрлі үлгіде, түрлі қуатта шығарылады. Электрлі нұсқалары да бар. Олар жанармайға тәуелсіз, дыбысы аз әрі экологиялық таза. Жастар мен студенттер үшін, курьерлер мен шағын бизнес өкілдері үшін — бұл таптырмас көлік. Мопедтің артықшылықтары да өте көп. Қозғалыста ыңғайлы, үлкен жол кептелістерінен оңай өтеді. Бағасы қолжетімді, автокөлікке қарағанда арзанырақ, техникалық күтімі жеңіл.

Қазақстандық мопед жүргізушілері мемлекеттік тіркеуден өтуге міндеттеледі. Заң жобасын сәуір айында Мәжіліс қарап бастап, қыркүйекте Сенат қарауына келіп түскен. Оған дейін екі ай бұрын яғни шілде айында Премьер-министр Олжас Бектенов сол жылы мопедтен болған жол апатынан 27 адамның қаза тапқанын айтып, Ішкі істер министрлігінен жауап алған еді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Сенатта барлық мопедтерді тіркеуді, оларға мемлекеттік нөмірлер беруді және басқаруға міндетті рұқсат алуды көздейтін заң жобасы бар екенін алға тартты. Айтуынша 39 мың жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  «Олардың 202-і-ата-аналары жауапқа тартылған кәмелетке толмағандар. Жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл тұрағына бес мыңнан астам мопед жеткізілді», деді ол.

Ал Сенаттағы заң жобасын таныстыру кезінде елде 80 мың мопед бары белгілі болған. Олардың барлығының мемлекеттік тіркеуі жоқ. Сол кезде депутат Евгений Больгерт: «Қолданыстағы стандартқа сәйкес, максималды жобалық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын мопедтер тіркеуге жатады. Қарастырылып жатқан заңға сәйкес, барлық мопедтер (қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және максималды жобалық жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын) тіркеуге жатады», –  деген еді.  Көп ұзамай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді тіркеп, жүргізуші куәлігімен жүруге міндеттейтін заң жобасына қол қойды. Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша мопед жүргізушілеріне тіркеуден өту үшін 6 ай уақыт берілетін болған. Мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейді, оның мөлшері 0,25 АЕК. Көлікті тіркеу үшін өтініш жазып, жеке куәлігін көрсетуі керек. Оларға А1 деңгейіндегі жүргізуші куәлігі беріледі. Заңда мопедті басқару құқығы А1 кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады. Сондай-ақ А және В санаттары бар азаматтар да мопед басқара алады. 

Жол-көлік оқиғалары артты ма, кеміді ме?

Жалпы жалға мопед беру 2020 жылы басталған екен. Мысалы, 2020-жылы интернет арқылы іздеу платформасында мопедті жалға алғысы келетін 805 рет сұрау салынған. Араға жыл салып, 2022 жылы ол көрсеткіш 36 мыңнан асқан. Нәтижесінде мопед айдаушылар саны едәуір артқан. 2023 жылдың 12 айында мопедтердің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғасына көз жүгіртсек: республика бойынша ұзын саны 750 жол апаты тіркеліп, салдарынан 39 адам көз жұмған, 730 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған екен. Ал былтырғы бір ғана Алматы қаласындағы жағдай тіпті адамшошырлық.  Қалалық полиция департаменті берген деректерге сүйенсек, өткен жылдың жеті айында мегаполисте самокат пен мопедтердің қатысумен 500-ге жуық жол-көлік оқиғасы болса, өкініштісі, апаттың салдарынан 7 адам көз жұмған. Аталған көлік түрлерін пайдалануға қатысты жүргізілген жергілікті іс-шара басталған уақыттан бері қалада 5 мыңға жуық мопед тізгіндеушісі пен 5,2 мыңнан астам самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

2025 жылдың I тоқсанында республика бойынша 3,2 млн-нан астам жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолы кесілген екен. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсті (2,4 млн). Министрлік жолдардағы алдын алу шараларын қатаң бақылау және күшейту апатты азайтуға әрі жалпы қауіпсіздікті арттыруға ықпал ететінін айтады. 2025 жылдың алғашқы үш айында 370 мыңнан астам ұсақ құқық бұзушылық пен қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайлары тіркелді — бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен (290 мың) салыстырғанда 28%-ға артық. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында Министрлік 18 мыңнан астам ұйғарым мен ұсыным жолдады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға артық, былтыр 14 мыңға жуық болған. Оның үстіне тәртіп бұзушылар ғана емес, дер кезінде шара қолданбаған полиция қызметкерлері де жауапкершілікке тартылды. I тоқсанда 408 лауазымды тұлға жазаланды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға көп, ол кезде 312 жағдай тіркелген болатын.

Жалпы мопедтерді тіркеу сәуірдің басында аяқталғанын айттық. Айыппұлдан қашқан жүргізушілер дереу мопедтерін тіркеуге асығыпты. Министрліктің айтуынша, қазірдің өзінде Жол полициясы базасында 33 мыңнан астам мопед бар.

Әлемде мопедке қатысты қандай заңдар бар?

Әлем елдерінде мопедтерге қатысты заңдар әртүрлі, бірақ көбінесе келесі аспектілерге назар аударылады: жүргізуші куәлігі, жас шектеулері, тіркеу мен сақтандыру талаптары, қауіпсіздік құралдарын пайдалану және қозғалыс шектеулері. Мәселен, Украина 2010 жылдан бері сыйымдылығы 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедтерді жүргізу үшін «А1» дәрежелі жүргізуші куәлігінің болуын арнайы заңдық тұрғыда міндеттесе, Еуропа елдерінде мопед тізгіндеушілер үшін арнайы категориясы бар жүргізуші куәлігін пайдалану мәселесі қарастыр­ылған. Былтыр тамыз айының соңынан бастап Франция астанасы электроскутерлермен қоштасатынын хабарлады. Төменде өзге де кейбір елдердегі мопедтерге қатысты негізгі заңдар мен талаптарды мысалға келтіріп отырмыз.  

АҚШ

Калифорнияда Мопедті жүргізу үшін M1 немесе M2 санатындағы мотоцикл жүргізуші куәлігі қажет. Жасы кемінде 16 болуы тиіс. Шлем кию міндетті. Мопед тіркеліп, арнайы нөмірлік белгі мен сәйкестендіру картасы болуы керек. Солтүстік Каролинада болса мопедті тіркеу және жауапкершілік сақтандыруы қажет. Барлық жүргізушілер мен жолаушыларға шлем кию міндетті. Жол қозғалысы ережелерін бұзу айыппұл мен жүргізуші куәлігінен айыруға әкелуі мүмкін.

 Ұлыбритания

Мұнда мопедті жүргізу үшін AM санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Минималды жас — 16. Шлем кию міндетті; бұзған жағдайда £500 дейін айыппұл салынады.

 Франция

Франциядла мопедті жүргізу үшін арнайы оқу курсын өту немесе мотоцикл жүргізуші куәлігі қажет. Тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүру міндетті; болмаған жағдайда €100-ден астам айыппұл салынуы мүмкін.

 Нидерланды

 25 км/сағ жылдамдықпен шектелген мопедтер көк нөмірлік белгімен және шлемсіз жүргізілуі мүмкін. 45 км/сағ дейінгі мопедтер сары нөмірлік белгімен және шлем кию міндетті. Тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүру қажет.

 Ресей

Мопедті жүргізу үшін M санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Жолаушы тасымалдауға тыйым салынған. Мопед тіркеліп, нөмірлік белгі болуы тиіс.

 Түркия

 50 см³ дейінгі және 45 км/сағ жылдамдықпен шектелген екі дөңгелекті көліктер мопед болып саналады. М санатындағы жүргізуші куәлігі қажет, оны A1 немесе B санатындағы куәлікпен бірге алуға болады. Мопедтерге сақтандыру міндетті емес.

Индонезия

 Мопедті жүргізу үшін C санатындағы жүргізуші куәлігі қажет: CI — 250 см³ дейін, минималды жас — 17. CII — 250–500 см³, минималды жас — 18.  CIII — 500 см³ жоғары, минималды жас — 19. Жүргізушілерге жарық шағылыстырғыш кеудеше, ұзын шалбар, аяқ киім, қолғап және жаңбыр жамылғысын кию міндетті.

Жалпы әлем елдерінде мопедтерге қатысты заңдар әртүрлі, бірақ жалпы алғанда келесі талаптар ортақ. Олар: Көптеген елдерде мопедті жүргізу үшін арнайы санаттағы жүргізуші куәлігі қажет. Жас шектеулері: Көптеген елдерде мопедті жүргізу үшін минималды жас 14–18 жас аралығында белгіленген. Тіркеу мен сақтандыру: Көптеген елдерде мопедті тіркеу және кейбірінде сақтандыру талап етіледі. Қауіпсіздік құралдары: Шлем кию көптеген елдерде міндетті, ал кейбір елдерде қосымша қауіпсіздік құралдарын пайдалану талап етіледі. Қозғалыс шектеулері: Мопедтерге кейбір жолдарда, әсіресе автомагистральдарда жүруге тыйым салынуы мүмкін.

Мопед — қазіргі урбанизация дәуірінде адамдардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін, экологиялық әрі экономикалық жағынан тиімді құрал. Ол — уақыт пен қаражатты үнемдеп, қозғалыс еркіндігін сыйлайтын сенімді серігімізге айналып үлгергені мәлім. Енді жаңа заң бойынша тек тіркелген мопедтер ғана жолда жүруге жарамды екенін айттық. Десек те жол қауіпсіздігі мен тұрғындар амандығы ең бірінші орында екенін ұмытпасақ болғаны.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға