Монреаль көш басында: әлемдегі ең қауіпсіз қалалар рейтингі

Монреаль көш басында: әлемдегі ең қауіпсіз қалалар рейтингі
Фото: © pixabay.com

Цюрих, Амстердам мен Рейкьявик әлемдегі саяхатшылар үшін ең қауіпсіз қалалардың қатарына енді. 2027 жылға арналған жаңа рейтингте Канаданың Монреаль қаласы бірінші орын алса, үздік 15 қаланың тоғызы Еуропада орналасқан.

Berkshire Hathaway Travel Protection сақтандыру компаниясы жариялаған рейтинг бірнеше дереккөзге сүйеніп жасалған. Алдымен америкалық саяхатшылар жиі баратын 38 халықаралық және ішкі бағыт іріктелген. Кейін 1500-ден астам адам арасында сауалнама жүргізіліп, олардың қай қалаларда болғаны анықталған.

Осы 38 қаланың біріне барған туристерден сапар кезіндегі жеке тәжірибесіне сүйеніп, әр бағыттағы қауіпсіздік деңгейін бағалау сұралған. Сауалнама нәтижелері Numbeo және The Economist қауіпсіздік индекстерімен, сондай-ақ GeoSure Global компаниясының қала қауіпсіздігі жөніндегі рейтингтерімен салыстырылған.

Компания мәліметінше, бұл рейтингтің маңызды бір ерекшелігі бар: онда қалалардың қауіпсіздік деңгейі 2026 жылғы тамызда жүргізілген сауалнама кезіндегі жағдай бойынша бағаланған. Сондықтан тізімде қазіргі сәттегі ахуал ескерілмеуі мүмкін.

2027 жылы саяхаттауға ең қауіпсіз қала деп Канаданың Монреалі танылды. Былтыр 16-орында болған қала биыл 82,18 ұпай жинап, көш бастады. Зерттеу авторлары Монреальды қылмыс деңгейінің төмендігі үшін жоғары бағалаған. Дегенмен қалаға барған туристер жол қозғалысына назар аударғаны жөн. Berkshire Hathaway Travel Protection дерегінше, Монреаль маңындағы аудандар Әулие Лаврентий өзенінің екі жағалауына орналасқандықтан, орталыққа көпірлер арқылы жету оңай емес. Оның үстіне, қала жолдарында жөндеу жұмыстары жиі жүргізіледі. Компания есебінде мұндай жағдайда сапардың қиындай түсетіні айтылған.

2027 жылы Еуропаның қай қалалары қауіпсіз деп танылды?

Үздік 15 қаланың тоғызы Еуропада орналасқан. Алғашқы үштікке Швейцарияның Цюрихі мен Нидерландтың Амстердам қаласы да енді.

Цюрих 81,03 ұпай жинап, екінші орынға жайғасты. Былтыр қала үшінші орында болған. Рейтинг авторларының пікірінше, Цюрихтің ірі туристік орталыққа айналмауына оның консервативті сипаты мен өмір сүру құнының жоғарылығы әсер етеді. Ал бұл ерекшеліктер қаланың қауіпсіз болуына да ықпал етеді. Есепте таза әрі қауіпсіз қоғамдық көлік жүйесі де атап өтілген. Авторлар Цюрихтің сенімділігін Швейцария банктерінің беделімен салыстырған.

Цюрихке баратын туристер қауіпсіздіктен гөрі валюта айырбастау мәселесіне көбірек көңіл бөлгені жөн. Себебі Швейцария Еуроаймаққа кірмейді. Рейтинг авторлары елге барған соң шамамен 75 долларды швейцар франкіне айырбастап алуға кеңес береді. Елде қолма-қол ақшасыз төлем кең тарағанымен, жергілікті валютаның болғаны артық етпейді.

Үшінші орынға 80,81 ұпай жинаған Амстердам тұрақтады. Нидерланд астанасы былтыр төртінші орында болған. Рейтингте қала туристер үшін күтпеген жерден қауіпсіз бағыт ретінде сипатталған. Амстердамға келушілердің көбі мұнда демалу, каналдар бойымен серуендеу, велосипедшілер арасында жол табу және Рембрандт туындыларын тамашалау үшін барады.

Бесінші орынды 78,90 ұпай жинаған Рейкьявик иеленді. Рейтинг авторлары Исландия астанасының шағын екенін, сондықтан қалада қауіпсіздік тұрғысынан алаңдататын аудандардың аз екенін атап өткен. Алайда 2026 жылғы рейтингте Рейкьявик бірінші орында тұрған еді.

Үздік 15 қаланың қатарына Еуропаның тағы бірнеше бағыты енді. Норвегия астанасы Осло алтыншы, Италияның Венециясы сегізінші, Ирландияның Дублині 11-ші, Данияның Копенгагені 12-ші, Испанияның Барселонасы 13-ші, ал Франция астанасы Париж 15-орынға жайғасты.

2027 жылы саяхаттауға ең қауіпсіз деп танылған 15 қала:

  1. Монреаль, Канада
  2. Цюрих, Швейцария
  3. Амстердам, Нидерланд
  4. Токио, Жапония
  5. Рейкьявик, Исландия
  6. Осло, Норвегия
  7. Сингапур
  8. Венеция, Италия
  9. Сидней, Аустралия
  10. Гонолулу, АҚШ (Гавай аралдары)
  11. Дублин, Ирландия
  12. Копенгаген, Дания
  13. Барселона, Испания
  14. Сан-Франциско, АҚШ
  15. Париж, Франция

Оқи отырыңыз