Жаңалықтар

Мобильді банкинг: банктік қызмет түрінің эволюциясы

Қазақстанда мобильді банкинг арқылы интернет-төлемдердің үлесі 23% - дан 83% - ға дейін өскен
Мобильді банкинг: банктік қызмет түрінің эволюциясы
Фото: Forte.kz 22.11.2022 17:51 2127

XXI ғасыр цифрландыру заманы атауымен белгілі. Оның бір тетігі –  мобильді банкинг. Осыдан он жыл бұрын қаржылық саланы автоматтандыру ешкімге түсініксіз абстракция болса, қазіргі таңда бұл қызмет сервистерін қолданбай, өз өмірімізді елестету қиын. Елімізде мобильді банкинг қалай дамыды және оның пайдасы неде деген сұрақтарға жауап алу үшін ForteBank маркетинг бөлімінің директоры Антон Кимнен сұхбат алдық.

Мобильді банкинг: банктік қызмет түрінің эволюциясы

«Тұтынушылардың қызығушығын арттыру мен оларға сервистік қызмет көрсетудің негізгі көзі – мобильді банкинг. 2000 жылдары ғаламтор қарқынды дамып, банктік сайттар құрылып, веб-кеңістіктегі жұмысын белсенді түрде атқара бастады. Елімізде тек 2012-2013 жылға қарай интернет-банкинг бірте-бірте жеке мобильді қосымшаға айналды. Ал 2010 жылдың соңынан бастап Қазақстанның барлық банкі мобильді форматқа көшті», –  деді Антон Ким.

Ranking.kz порталының мәліметі бойынша, соңғы бес жыл аралығында Қазақстанда мобильді банкинг арқылы интернет-төлемдердің үлесі 23% - дан 83% - ға дейін өскен. 2021 жылдың соңына қарай қолма-қол ақшасыз төлеу операциялар 60,1 трлн теңгені құраған.

«Қазақстанда мобильді банкингтің қолдану аясы белең алғаны бірнеше себептермен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл мәдениеттің ерекшеліктері. Өзім шет елдерге саяхатқа шыққанда АҚШ, Еуропа халықтарының Азиялықтарға қарағанда үнемі ұялы телефонмен жүрмейтінін байқадым. Сол себептен, еліміздегі халықтың экранда отыру уақыты жоғары. Екіншіден, Қазақстанда халықты үй гаджеттерімен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Яғни, екеудің бірінде теледидар не планшет құрылғылары болмағанымен, ұялы телефон бар. Осы факторлардың барлығы әрбір қазақстандықтың ақпараттарды іздеуден бастап коммуналдық қызмет үшін төлеуге дейінгі сервистік функционалдардың жиі қолдануы мобильдік банкингтің қалыптасқанына негіз бола алады», - дейді сарапшы.

Кез келген банктің маркетингі үшін мобильді қосымшаның тиімділігі мен ыңғайлылығы маңызды. Ал оны даярлауда бірнеше маман иелері атсалысады. Көптеген банктер мобильді қосымшаны екі түрлі тәсілмен дайындайды. Соның біріншісі – дайын түрдегі прототипті сатып алу. Бұл тәсілдің қаншалықты тиімді екенін Антон Ким өз сөзінде жалғастырады.

«Кейбір қазақстандық банктер АҚШ, Англия сияқты дамыған елдердің шетелдік компанияларына дайын өнімге тапсырыс жасайды. Олар мобильді қосымшаның жобасын жасап бергенімен, оны функционалдық тұрғыдан жұмысын қолдау үшін әзірлеушілер тобын жалдау қажеттілігі туындайды. Команда тұтынушының, банктің сұраныстары бойынша бағдарлама мен схема жасайды, жаңартып отырады. Бұл серіктестіктің «White label» моделі. Бірақ, көптеген банктер үшін бұл  әдіс қолайсыз. Себебі, дайын мобильді қосымшаның функционалдары мен опциялары шартты түрде ұқсас, бір шаблонда құрастырылады. Көп елдер үшін қаржылық жағынан аса қымбат өнім, әрбір опцияға төлеу қиындыққа соғады», – деп түсіндіреді PR маманы.

Мобильді банкинг қызмет сервисін тұтынушылар аудиториясына ұсынбас бұрын Қазақстандық банктер онлайн қосымшаны ойластыруда көбінесе екінші тәсілді таңдайды екен.

«Екінші жолы – банк жеке әзірлеушілерді жалдап, мобильді банкингтің құрылымын өз тарапынан ойластыру. Толық сараптама жасау арқылы пайдаланушы жолдары мен қолдану өрісінің ыңғайлылығын қарастыру. Қазіргі таңда Қазақстандағы ірі банктердің көпшілігі осы жолды қолданып келеді. Мәселен, кейбір банктер мобильді қосымшаны дайындау үшін кем дегенде 100 әзірлеушіні, тіпті саны 1000-ға дейін жететін адамдардың көмегімен құрастырылады», - дейді Антон Ким.

Автор фото: forte.kz

ForteBank cарапшының айтуынша, мобильді банкинг кез келген банктің 95% функционалдығын өз қолына алады. Оның негізгі артықшылығы осында.

«Бұл, ең алдымен, жылдамдық, қол жетімділік және ыңғайлылық. Егер бұрын банкке барып, жұмыс уақытында сұранып, басқа елге ақша аудару немесе несие үшін сауалнама толтыру мәселелерін шешуге тура келсе, қазір мобильді қосымшаның көмегімен үйден шықпай-ақ жасауға болады. Оны жүктеп алып, биометриялық сәйкестендіру кезеңімен толық тіркеуден өтіп, 3 минуттан кейін төлем құралын алу жеткілікті. Қазір банктердің көбі офлайн форматта қалған барлық функционалдылықты мобильді қосымшаға енгізуге тырысады. Бұл банк үшін шығындарды азайтады, ал клиенттер үшін уақыт пен энергияны үнемдейді», - дейді ол.

Алайда, әлемдегі банктердің бірде-бір электрондық жүйесі техникалық ақаулардан сақтандырылмаған. Қазақстанның мобильді банкингтерінде техникалық кедергілердің болу ықтималдылығы да аз емес.

«Жақында «Kaspi жұма» акциясында тұтынушылардың үлкен ағынына байланысты техникалық ақаулар болды. MasterCard және Visa карталарымен төлем жүйесіндегі біраз кедергі кездеседі. Техникалық үзілістер банктің серіктестік орнататын байланыс операторларына байланысты болуы да мүмкін. Кейде техниканың өзінде де біраз ақаулықтар кездеседі. Одан бөлек, банктің мобильді қосымшасын көптеген  техникалық құрылғыларға орнатуға болатындықтан, бұл шебер алаяқтар үшін ұтымды. Ал қаржылық нарыққа қауіпті. Мәселен, алаяқ сіздің деректеріңізге оңай қол жеткізе алады және клиенттерді алдап, қолма-қол ақша алуы әбден мүмкін. Менің ойымша, бұл бүгінде мобильді банкингтің жаһандық кемшілігі және бәріне қатысты жайт. Дегенмен, қазір банктер төтенше жағдайлардың алдын алу стратегиясын қалыптастыруда. Ол үшін көмектесетін жауапты мамандар тобын алады», - деп есептейді Антон Ким.

Маркетолог маманының пікірінше, банктердің негізгі бәсекелестігі қазір оның мобильді нұсқасында. Себебі, клиенттер үшін бұл тек арна ғана емес, сонымен қатар сапалы сервис құралы болды.

«Біздің команданың аналитикалық зерттеу жүргізу нәтижесінде тұтынушы үшін мобильді қосымшаның өзі кез келген банк қызметін пайдаланудағы негізгі нысан екенін байқадық. Тіпті, статистикамызға сүйенсек, клиенттеріміз операцияларының 80% - дан астамын мобильді банкинг арқылы жасайды», - деді Антон Ким.

Қорытындалай келе, мобильді банкинг қаржы нарығында тек маркетингтік қадам ғана емес, сондай-ақ банктің рейтингін қалыптастыру мақсатында заманауи цифрлық құрылғы екенін түсінеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға