Мобильді аударым: біреуге қате аударғанда не істеу керек?

 Жи көмегімен жасалды
Фото: Жи көмегімен жасалды
Мобильді аударымдар өмірімізді біраз жеңілдетті. Бірақ қате транзакция кезінде шарасыз күйде қаламыз. Өйткені қате аударымға не банк, не басқасы жауапкершілік алмайды. Сондықтан мұндайда не істеу керегін зерттеп көрдік. 
 
Жауапкершілік кімге жүктеледі?
Мысалы, сіз екінші деңгейлі банктің бірінде транзакция орындамақсыз. Кенет бір нөмірден шатасып, басқа біреуге ақша аудардыңыз. Демек, жауапкершілік сізге жүктеледі. Сондықтан «жіберу» не «төлемді растау» батырмасын баспас бұрын мәліметті мұқият тексеріңіз. 

Білеміз, Kaspi банкте қате аударымды 7 күн ішінде қайтарып алу функциясы бар. Бірақ карта иесінің сізге қайтарып-қайтармайтынына кепілдік жоқ. Сол үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге болады. Бұл агенттік қаржы қызметін тұтынушылардың құқығы мен заңды мүддесін қорғайды. Ескерерлігі, мұнда да алушының келісімімен ғана ақшаны қайтара аласыз. 
 
Ақшаны қате аударсаңыз не істеу керек?
Алдымен мұндайда коммуникация орнатуға тырысыңыз. Банк жүйесінде көрсетілген нөмірге қоңырау шалып не хабарлама жазып көріңіз. Екінші деңгейлі банк арқылы шот иесімен байланысуды сұраңыз. Десе де банк клиенттің шотынан қаржыны өз бетінше шегеріп не үшінші тұлғаға аудара алмайды. 
Егер алушы қайта аударым жасауға келіспесе, полицияға арыз жазыңыз. Қаржыны өндіріп алу үшін Азаматтық кодекстің 953-бабына (негізсіз баюды қайтару міндеті) сәйкес құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. 
 
Осындай бірнеше этаптан тұратын шаруаға жүйкеңізді жұқартпас үшін барынша мұқият болыңыз. Деректемені әркез тексеріп, кімге және қайда аударым жасап жатқаныңызды қадағалаңыз. 

Оқи отырыңыз