Жаңалықтар

Міржақып жайлы қызмет іздемеген адам – алаштанушы

Міржақып жайлы қызмет іздемеген адам – алаштанушы
Фото: Коллаж El.kz 02.11.2023 18:10 2444

Биыл қазақ кинематографиясында «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи драмасы руханият пен мәдениеттегі жыл жаңалығы болғандай. Осы сөзімізге көрермендердің ыстық ықыласы мен оң бағасы негіз болып отыр. Осы орайда тағылымы мен тәлімі мол туындының сценарисі, алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахманмен сұхбаттасқан едік.

Міржақып жайлы қызмет іздемеген адам – алаштанушы
Жеке мұрағат

- Міржақыптың өмірі туралы зерттеп жүрген алаштанушылардың бірісіз. Міржақып қандай тұлға?

- Затында, Міржақып қазақ руханиятында сең бұзған адам. Мысалы, ұлттық-демократиялық баспасөздің ізашары – «Серкені» шығарған көсемсөзші. Ұлтты оятқан ұлы кітап «Оян, қазақтың» авторы. Қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалды» жазған қаламгер және есептен алғашқы оқу құралын әзірлеген мұғалім. Тіпті, айдалып жүріп те сөздік құрастырған азамат. Оны тек қалам қайраткері деп ойласақ, қателесеміз. Әскер құрып, Торғайдағы әскери қосынға колбасшылық та еткен. «Кез болған соң кер заман» деп Алаш гимнін де жазған. Енді бір қызығы, осынша тер төккен, көсем бола тұра Алашорда құрамында жоқ. Не себепті? Білімі жетпеді ме, жоқ қарым-қабілетіне шек келтірді ме? Оның енбей қалатыны қазақтың тар өрістегі рулық түсінігінен. Алашорда үкіметінде арғындар көбейіп кетті дегенде, сол басы артық арғын мен болсам, бас тартамын. Үкімет адамының атын жемдеп, атқосшы болсам да пайдамды тигіземін деп қызметтен бас тартқар. Міржақып Дулатұлының тұлға ретіндегі мінезі де осыдан ашылады. Ол жайлы-жұмсақ қызмет іздемеген адам. Керісінше қазақтың қай жұмысы өнбей жатса, қай жыртығы жамалмай жатса, сол жерден табылған.  Оған қуат беріп, бойына жігер дарытқан, өжет мінез өр рух сыйлаған – ұлтына деген ақ адал перзенттік махаббаты.

Сұлтанмахмұт Торайғырдың Әлиханға арнаған өлеңі бар. Соның бір шумағы былай өріледі:

Кешегі қара күнде болмап па еді:

Бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі – Айым!

Солардан басқа кеше кім бар еді?

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын...

- Сұлтанмахмұттың ай мен күнге, жарқыраған жарық жұлдызға балаған бұл үш тұлғасы – Әлихан, Ахмет, Міржақып еді. Қазақтың маңдайына біткен үш арысы,  өздерін ұлт келешегіне басы бүтін арнаған күрескерлер. Әлихан Бөкейхан «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп ант берсе, Міржақып «жалғанша жарты жаңқам мен сенікі» деп серттесті. 

- «Міржақып. Оян, қазақ!» сценариі сәтті жазылды деп айтып жатқандардың қарасы қалың. Неге қатты мән бердіңіздер? Сценарий жазудағы басты ұстанымдарыңыз қандай болды?

- Міржақып – тарихи тұлға. Сол себепті көрермен әуелгі кезекте кинодан нақты тарихи оқиға күтеді, тұлғаның өмір дерегін іздейді. Тарихи танымын қалыптастырады. Міне, осы ерекшелік сценарийстерге тарихи шындық орбитасынан ауытқымау шартын алға тартты. Екіншіден, бұл – Міржақыпқа арналған тұңғыш фильм. Онда да биографиялық болғандықтан қайраткердің қандай да бір қыры қалыс қалмаса, атқарған қоғамдық-саяси қызметі, ұлт жолындағы ұлығаусар әрекеті барынша көрінсе деген ниет болды. Әйтпесе, тек ақындығын арқау етуге немесе патшалық пен кеңестік дәуірдің бірін, яки тек Алаш автономиясы құрылу қарсаңын таңдауға болар еді. Үшіншіден, аса шетін мәселе – тіл. Заманында Сәкен Сейфулин «жазуда Міржақып, сөйлегенде Жаһанша шешен» деп бағалаған. Сөйткен публицист тұлғаның сөзі мірдің оғындай өткір, жүрекке жететін отты болуы тиіс. Өз заманының сөз саптау дағдысымен үндесуі тағы бар. Көз алдымызда осы талаптар тұрды. Бұлардың бәрінің басы тоқайласқанда тарихи шындықты көркемдік шындықпен астастыру, жалаң дерек айналасында қалып қоймай, байытып, драмалық тартысқа ұластыру міндетін әркез есте ұстадық.

- Халық осылай асқан ілтипатпен қабылдайды деп күттіңіздер ме?

- Шынын айтқанда, халық қалай қабылдайды деген ойдан бұрын тұлғаға қылдай көлеңке түсіріп алмайық деген уайым ауыр болды. Арыдан Алаш арыстарының әруағы, беріден қалың көрерменнің күткен межесі мойынға аса ауыр жауапкершілік жүктеді. Біздің тарих әлі толық киноға айналмаған тарих қой. Бұл жолғы Міржақыптан кейін Дулатұлы туралы екінші фильм қашан түсірілерін білмейсің. 10 жыл, 20 жылға да созылуы мүмкін. Сол себепті сценарийді аманат деп қабылдадық. Аңысы мен дақпырт-дабырасы турасында жазып жатқанда ойлауға мұрша да болмады.

- Фильм түсірген кезде шетелдік киноматографтар кейіпкердің күңгірт, пенделік қырларын да ашуға тырысады. Фильмді шынайылыққа жақындату үшін сіздер қандай қадам жасадыңыздар?

- Көбіне тарихи тұлғалардың бізге қоғамдық-саяси қызметі, қайраткерлік келбеті белгілі де, олардың жеке өмірі, отбасылық қарым-қатынасы көмескі келеді. Мұның екі түрлі обьективті себебі бар. Біріншіден, ақпарат тапшылығы. Алаш қайраткерлері жөнінен айтсақ, ұрпақтары мен көз көргендердің жазып қалдырғаны болмаса, олар туралы естеліктер аз. Екіншіден, саяси өмірі басты орынды иеленіп кететіндіктен жеке өмірі ысырылып қалған.

Сценарийді жазуға отырғанда бұл мәселе бірден ортаға қойылды. Көрерменге Міржақыптың қандай үйде тұрып, не ішіп-жегенін, айнала ортасымен әзіл-қалжыңын, қызы Гүлнармен қарым-қатынасын, әке ретіндегі қамқорлығы мен махаббатын барынша көрсетуіміз керек деген ұйғарымға келдік. Сценарийде бұл желі мүмкіндігінше қамтылды. Әрине, жалғасты ширатып ұштай түсуге, көп сахналармен байытуға болар еді. Бірақ орын тар. Бәрін бірдей көрсетуге сериал уақыты қол байлайды. Отбасы, жеке өмірі қатар өрілсін дегенді ескергендіктен 6 серияға ілінбей қалған оқиғалар да болды. Мысалы, тұңғыш ұлттық газет   – «Серкенің» шыққаны, 1918 жылы көктемде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топтың Шәуешекте кіші құрылтай өткізгені. Есесіне көрермен Міржақыптың әке ретіндегі бейнесін айшықтап тұрған: Гүлнарға сабақ оқытып, есеп шығартқанын, бірге батпырауық ұшырып, көжек сыйлағанын, кішкентайы шетінегенде егіліп жылағанын көрді. Қарапайым әке ретінде баласына деген махаббатын түйсінді. Бала-шағасын жаны күйіп сүйген адам отанын да шексіз сүйе алады деген нәзік байланысты осымен де аңдатуға тырыстық.

- «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінен кейін Әлихан Бөкейханның күрес жолын сипаттайтын фильм шығуы керек деп айтып жатқандар көп...
- Әлихан Бөкейхан бастаған топтың саясат сахнасына шығуымен қазақ жаңа сапаға көтерілді. Бұрынғы рулық танымдағы ел ұлт болып ұйысты. Алаш атауымен елді біртұтастандырып, ұлт сөзін етене қолданған да осы зиялылар. Әлиханның қазақ қоғамындағы рөлін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дәл сипаттап, анық айқындаған.

«Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!

«Үйілген өлексені өрге сүйреп»,

Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!», – деп баға береді Әлиханға.

Әлихан Бөкейхан – қазақ мемлекеттілігінің символы, азаттықтың нышанына айналған тұлға. Түрік үшін Мұстафа Кемал, Қытай үшін Сун Ятцен, Үндістан үшін Махатма Ганди қандай қастерлі болса, біз үшін Әлихан Бөкейхан дәл солай. Ол тәуелсіздік күресінде Жордж Вашингтонмен, отарлыққа езгіге қарсы Саймон Боливар, Нельсон Манделалармен иықтасып қатар аталатын бірегей көсем.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға