Министрлік алма импортын шектесе, нарықтағы баға өсе ме?

Министрлік алма импортын шектесе, нарықтағы баға өсе ме?
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазақстанда шетелден алма әкелуге уақытша шектеу қою ұсынылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, тыйым 2026 жылдың 1 тамызынан 31 желтоқсанына дейін күшінде болуы мүмкін. Бұл шешімнің мақсаты – ең алдымен отандық бағбандарды қолдау, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаздың соңы мен күз – Қазақстанда алманың негізгі өнімін жинайтын кезең. Осы уақытта нарыққа көп көлемде жергілікті өнім түседі. Егер дәл осы мезгілде шетелдік арзан алма көптеп импортталса, қазақстандық шаруалардың өнімін сату қиындайды. Сондықтан министрлік ішкі нарықта жергілікті алманың үлесін арттыруды көздеп отыр.

Тыйым кімдерге қатысты болады?

Жобаға сәйкес, шектеу автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы жеткізілетін алмаларға қолданылады. Ол Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерден де, басқа мемлекеттерден де әкелінетін өнімдерді қамтиды.

Алайда Қазақстан арқылы басқа елдерге өтетін транзиттік жүкке немесе ЕАЭО елдерінің өзара тасымалына бұл тыйым әсер етпейді.

Министрлік мұндай шешім әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейді деп есептейді. Себебі күз мезгілінде ішкі нарықта жергілікті алма жеткілікті көлемде болады деген болжам бар. Дегенмен, импорт көлемі азайған жағдайда бағаның қалай өзгеретіні өнім көлеміне, сақтау қоймаларындағы қорларға және нарықтағы сұранысқа байланысты болады.

Шешім қашан қабылданады?

Қазір бұйрық жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Ол 8 шілдеге дейін жалғасады. Егер құжат мақұлданса, алма импортына уақытша тыйым 2026 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енеді.

Бұл тәжірибе Қазақстанда алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Соңғы жылдары егін жинау маусымында отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қорғау мақсатында көкөніс пен жеміс-жидектің жекелеген түрлеріне уақытша шектеулер енгізу тәжірибесі қолданылып келеді.

Қазақстанда қандай алмалар өсіріледі?

Қазақстан – алманың тарихи отаны. Ғалымдардың зерттеуінше, қазіргі мәдени алмалардың арғы тегі – Сиверс алмасы Іле және Жоңғар Алатауының баурайында табиғи түрде өседі. Бүгінде әлемдегі алма сорттарының басым бөлігі осы жабайы түрден тараған деген ғылыми тұжырым бар.

Елімізде ең танымал жергілікті сорттардың бірі – Алматы апорты. Бұл сорт ірі көлемімен, ерекше хош иісімен және тәтті-қышқыл дәмімен ерекшеленеді. Сонымен қатар Қазақстанда Голден Делишес, Гала, Айдаред, Ренет Бурхардт, Старкримсон, Фуджи сияқты халықаралық коммерциялық сорттар да өнеркәсіптік көлемде өсіріледі.

Соңғы жылдары елімізде интенсивті алма бақтарының саны артып келеді. Соның нәтижесінде алма өндірісі де тұрақты өсуде. Зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда 2010 жылы шамамен 107 мың тонна алма өндірілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 216 мың тоннадан асты.

 

Оқи отырыңыз