Жаңалықтар

Министр экологияны жақсарту шаралары туралы айтты

Астана қаласының айналасында жасыл белдеу құру жұмыстары жалғасуда
Министр  экологияны жақсарту шаралары туралы айтты
Фото: gov.kz 05.11.2022 19:25 1503

Еліміздің бас қаласының экологиясын жақсарту жөніндегі іс-шараларды іске асыру, су ресурстарының жай-күйі, қалдықтармен жұмыс істеу, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою және орман шаруашылығын дамыту туралы елорда тұрғындарымен кездесу барысында Экология министрі Серікқали Брекешев баяндады, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоғарыда айтылғандай, Елорда еліміздің ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Ластанудың негізгі көздері ЖЭО, автономды қазандықтар, жеке сектор пештері және автомобиль көлігі болып табылады.

Жалпы экологиялық жағдайды жақсарту үшін өңірлер бөлінісінде ұлттық жоба және жол карталары шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Қалдықтарды басқару мәселелері, рұқсат етілмеген полигондардар мәселесі де алаңдатады. Биылғы жылы космомониторингтің көмегімен 551 полигон анықталып, оның 46%-ы ғана жойылды.

«Полигондардың ұлғаюының себебі жаңа Экокодекстің талаптарына байланысты, оған сәйкес қоқыс шығаратын ұйымдардың тізілімі жүргізіледі және құрылыс қоқыстарын қала шегінен шығаруға тыйым салынады. Полигондарды жою үшін кесте жасалды. Алайда полигондар жойылған жоқ. Елордалық экология департаментіне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын», - деді ведомство басшысы.

Министр орман шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқтала келе, елорда әкімдігі 2021-2025 жылдарға арналған қаланың жасыл аймақтарын көгалдандыру мен құрудың өңірлік жоспарын әзірлегенін атап өтті. Өткен жылы елордада 1 млн. 65 мың ағаш отырғызылса, биыл 259 мың дана жасыл желек егілді.

Сонымен қатар, Астана қаласының айналасында жасыл белдеу құру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда оның ауданы 90,0 мың гектардан асады. алдағы екі жылда 5,8 мың гектар алқапқа орман дақылдарын отырғызу жоспарлануда.

Іс-шара барысында С.Брекешев сұрақ-жауап форматында елорда тұрғындарының сұрақтарына жауап берді, ал аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдады, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға