Жаңалықтар

Минералды тыңайтқыш өндіретін жаңа цех ашылды

Мемлекет басшысы ішкі нарықты отандық тыңайтқыштармен 100% қамтамасыз ету міндетін қойған болатын.
Минералды тыңайтқыш өндіретін жаңа цех ашылды
Фото: дереккөз 18.10.2022 21:54 2041

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Қазфосфат» ЖШС-нің Тараз филиалындағы минералды тыңайтқыштарды өндіретін жаңа цехтың ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды EL.KZ.

Жобаның құны 72 млрд теңгені құрайды, цех жылына 1 млн тоннаға дейін көлемде дайын өнім, яғни минералды тыңайтқыштарды өндіруге қауқарлы. ИИДМ басшысының айтуынша, «Қазфосфат» химия саласы нарығындағы ірі кәсіпорын болып табылады. Агрохимия секторында өнімнің жартысынан көбін аталған кәсіпорын өндіреді.

Бүгін ең көп сұранысқа ие тыңайтқыштардың бірі – аммофос өндірісінің екінші желісін іске қостық. Осы жобаны табысты іске асырудың нәтижесінде алдағы жылы қазақстандық аграрийлердің аммофосқа деген қажеттілігін толық қанағаттандыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне сыртқы факторлардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын тұрақты жүргізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агрохимиялық секторды дамытуға ерекше назар аударылды, – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы ішкі нарықты отандық тыңайтқыштармен 100% қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Осы ретте «Қазфосфат» ЖШС даму стратегиясы химия саласын дамыту векторына толық сәйкес келеді.

Өз кезегінде «Қазфосфат» ЖШС Басқарма Төрағасы Н.Нұрланов кәсіпорынның ағымдағы жағдайы туралы айтып берді.

Қазфосфат» фосфорлы минералды тыңайтқыштардың ірі отандық өндірушісі болып табылады. Тыңайтқыштарды қолдану ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттырып, сондай-ақ топырақ құнарлылығын сақтау және арттыру факторларының бірі болып табылады, – деді Н.Нұрланов.

Жалпы  «Қазфосфат» – фосфаттарды өндіруден бастап оларды түпкілікті өнімге жеткізуге дейін толық желіні қамтитын Қазақстан аумағындағы бірегей компания. Зауыттың негізгі өндірістік қуаты Жамбыл облысында шоғырланған. Құрылтайшысы «KAZ Chemicals» ЖШС болып табылады. Бүгінгі таңда кәсіпорын минералды тыңайтқыштар, сары фосфор, натрий триполифосфаты, аммофос, жемшөп трикальций фосфаты, термиялық ортофосфор қышқылы, трикальций фосфаты және басқа да өнімдердің кең ассортиментін ұсынады.

«Қазфосфат» ЖШС құрамына «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендері, Новоджамбул фосфор зауыты, минералды тыңайтқыштар зауыты, Степногорск химия зауыты, сондай-ақ Шымкент синтетикалық жуғыш заттар зауыты сияқты филиалдар кіреді. Компания өнімдерінің 91 пайызы Еуропаға, ТМД, Үндістан және басқа елдерге экспортталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға