Кейбір автокөлік модельдерінің хабарландырулары бірнеше ай бойы өзгеріссіз тұр. Тіпті тәжірибелі алыпсатарлар да мұндай көліктерден айналып өтеді. Себебі көліктердің өзі жаман болмағанымен, екінші нарық оларды қабылдамай отыр.
Rover: сатып алушысы аз британдық седан
Rover көліктерінің басты мәселесі қозғалтқышында емес, қосалқы бөлшектерінің қолжетімділігінде. Оған қала ішінде 14-16 литрге дейін жететін жанармай шығынын қоссаңыз, жағдай түсінікті болады.
Сатып алушылардың айтуынша, нарықтағы мұндай көліктердің 99 пайызы тозған күйде, себебі олардың жасы он жылдан асып кеткен. Сондықтан мұндай көлікті сату ұзақ уақытты талап етеді.
Дегенмен иелері Rover-дің жайлылығы мен сыртқы дизайнын мақтайды. Бірақ бұл артықшылықтар көлік бағасына әсер етпейді. Сатушылар да бастапқы келіссөз кезінде-ақ бағаны төмендетуге дайын болады, өйткені өтпей тұрған көлікті басқа жолмен өткізу қиын.
Қазақстандағы хабарландыру сайттарында мұндай седандар көбіне 1 миллион теңге көлемінде сатылады. Ал жағдайы нашар көліктер одан да арзан.
Geely MK: ерекше орналасқан панель
Geely MK моделіне қатысты сын техникалық сипаттамаларға емес, көбіне дизайнына байланысты.
Көліктің аспаптар панелі орталық консольдің үстіне орналасқан. Алғаш көрген адамға бұл шешім тосын әрі ыңғайсыз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен иелері мұндай ерекшелікке бір сағат ішінде үйренуге болатынын айтады.
Алайда екінші нарықта бұл – үлкен кедергі. Сатып алушы салонға отырған кезде спидометрді әдеттегі жерде емес, басқа аймақтан көреді де, алғашқы әсері әрдайым оң бола бермейді.
Кейбір Geely MK көліктері екінші нарықта 500 мың теңге шамасында сатылады. Бірақ мұндай бағадағы көліктердің көпшілігінде тот басу мәселесі кездеседі.
Ескі Mazda: сенімді, бірақ сұранысы төмен
Алғашқы буындағы Mazda 6 және Mazda 3 модельдері хабарландыруларда жиі өтімді көліктер қатарына жатпайды.
Себебі көпшілік Mazda маркасын эмоциялық немесе мәртебелі көлік ретінде емес, қарапайым әрі практикалық автомобиль ретінде қабылдайды. Жас әрі ерекше көлік іздеген сатып алушылар сол жастағы Toyota немесе Honda модельдерін таңдаса, арзан жұмыс көлігін іздегендер Ford Focus немесе Hyundai Elantra сияқты нұсқаларға қарайды.
Соған қарамастан, ескі Mazda техникалық жағынан мықты көлік саналады: қозғалтқышы сенімді, қосалқы бөлшектерінің бағасы қолжетімді. Бірақ дәл осы ерекшеліктер оны екінші нарықта танымал етуге жеткіліксіз.
Peugeot: жаман емес, бірақ сұраныс таппаған седандар
Қазақстанда Peugeot маркасының бірнеше седан үлгісі сатылды. Кейбір модельдерді тіпті полиция қызметі де пайдаланған.
Француз көліктеріне қосалқы бөлшектер табуға болады, алайда олардың таңдауы жапон немесе корей маркаларымен салыстырғанда аздау.
Сатушылар көбіне хабарландыру жариялағаннан-ақ бағаны төмендетеді. Себебі сол жастағы Volkswagen Jetta немесе Hyundai Solaris секілді танымал модельдермен бәсекелесу қиын.
Peugeot қалыпты жүретін көлік болғанымен, брендке деген сенім мен танымалдықты толық қалыптастыра алмады.
Porsche Cayenne: арман көлік, бірақ салығы жоғары
2000 жылдардың басындағы 4,5 литрлік қозғалтқышы бар Porsche Cayenne модельдері жоғары көлік салығына байланысты сатып алушыларды жиі қорқытады.
Қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша, жеңілдіктерді есептегеннің өзінде, мұндай көліктің жылдық салығы 200 мың теңгеден асып кетуі мүмкін. Ал көліктің өзі 2-5 миллион теңге шамасында бағаланады.
Яғни сатып алушы көлікке қызығып үлгермей тұрып, салық мәселесі ойландырады. Кей жағдайда жылдық салық көлік құнының оннан бір бөлігіне дейін жетеді.
Қазақстандағы хабарландыруларда мұндай Cayenne көліктеріне қатысты «жөндеу қажет», «қозғалтқышқа және электр жүйесіне шығын керек», «жүрмейді» деген сипаттамалар жиі кездеседі.
Арзан сегменттегі Cayenne көліктерінің салоны да көбіне қатты тозған болады. Кейбір жағдайларда салық берешегі көліктің өз бағасынан асып кетуі мүмкін.
ЗАЗ: бренд беделінің мәселесі
Украиналық ЗАЗ маркасы да екінші нарықта сұранысы төмен көліктер қатарында.
Мұндағы мәселе бағада емес, брендтің қалыптасқан имиджінде. Кеңес дәуірінен қалған «Запорожец» атауы көптеген адамдардың санасында арзан көлікпен байланысты.
Қазіргі ЗАЗ Chance немесе Sens модельдері техникалық жағынан бұрынғы көліктерден өзгеше болғанымен, брендтің ескі беделі олардың сатылуына әсер етеді.
Сатушылар көліктің жағдайын емес, алдымен сатып алушының маркаға деген көзқарасын өзгертуге тырысады. Ал мұндай қалыптасқан пікірді өзгерту оңай емес.
Нарықта өтпей тұрған көліктердің ортақ себебі
Автокөліктің сапасы әрдайым оның нарықтағы бағасын анықтай бермейді. Кейде қосалқы бөлшек мәселесі, жоғары шығын, бренд беделі немесе сатып алушылардың қалыптасқан пікірі көліктің құнын төмендетеді.
Сондықтан Қазақстандағы екінші нарықта кейбір модельдер техникалық жағынан жаман болмаса да, өз бағасын таба алмай, ұзақ уақыт сатылымда тұрады.