Әлем электромобильге көшіп жатқанда, Toyota мүлде басқа жолды таңдады. Бірнеше минутта жанармай құяды, жүздеген шақырым жүреді, ауаға тек су бөледі. Қағаз жүзінде Toyota Mirai мінсіз көлік еді. Бірақ уақыт өте келе «болашақтың көлігі» деп танылған жоба сәтсіз аяқталды.
Алғашында Toyota Mirai кәдімгі электромобильдерден өзгеше, сутек отын элементтері арқылы жұмыс істейтін көлік ретінде таныстырылды. Компания оны экологиялық таза, бірнеше минутта жанармай құятын әрі ұзақ қашықтыққа еркін жүретін көлік деп сипаттады. Ол кезеңдегі көптеген электромобильдер сағаттап қуатталатындықтан, Mirai шынымен де революциялық жоба сияқты көрінді.
Toyota инженерлері сутек отын элементтерімен 1990 жылдардан бері айналысып келген. Компания бұл бағытта орасан тәжірибе жинақтап, миллиардтаған доллар инвестиция құйды. 2015 жылы Mirai-дың алғашқы буыны нарыққа шыққанда, Toyota сутекті көліктер болашақтың негізгі көлігіне айналады деп сенді.
Кейін ұсынылған екінші буындағы Mirai техникалық тұрғыдан тіпті әсерлі болды. Автокөлік шамамен 650 шақырымға дейін жүре алады, электр моторы үнсіз жұмыс істейді, ал жанармай құю небәрі 3-5 минут уақыт алады. Бұл көрсеткіштер сол кезеңдегі көптеген электромобильдерден әлдеқайда ыңғайлы көрінді.
Компания бұнымен тоқтап қалмай, үшінші буындағы отын элементтерін де таныстырды. Toyota олардың тиімділігі артқанын әрі өндіріс құны төмендегенін мәлімдеді. Алайда технология қаншалықты жетілгенімен, жобаның әлсіз тұсы біртіндеп анық байқала бастады.
Негізгі мәселе – инфрақұрылым
Сутек құю станцияларын салу аса қымбат әрі күрделі болып шықты. Әрбір бекетке арнайы жабдықтар, қатаң қауіпсіздік жүйелері және үлкен инвестиция қажет болды. Теория жүзінде мінсіз көрінген инженерлік шешім шынайы экономикамен бетпе-бет келгенде қиындықтарға тап болды.
Toyota отын элементтерін дамытуда үлкен жетістікке жеткенімен, жанармай құю желісінің дамымауы Mirai-дың жаппай таралуына мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан көлік сатылымы күткендей болмады.
Mirai сатылымы басталғалы бері әлем бойынша небәрі шамамен 20-25 мың көлік сатылған. Ал 2025 жылы АҚШ-та бар болғаны 210 дана ғана өткен. Сатылымның басым бөлігі Калифорнияда тіркелгенімен, тіпті сол аймақта да жүргізушілер сутек тапшылығы мен инфрақұрылым мәселесіне жиі шағымданады.
Бұл уақытта кәдімгі аккумулятормен жүретін электромобильдер нарығы өте жылдам дамып кетті. Өндіріс арзандады, қуаттау станциялары көбейді, ал жаңа модельдердің жүріс қоры Mirai деңгейіне жақындай бастады. Нәтижесінде электромобильдер нарықта әлдеқайда тиімді әрі қолжетімді шешімге айналды.
Ал сутекті көліктер әлі күнге дейін қымбат технология саналады. Оның үстіне экологиялық тұрғыдан тиімді саналатын «жасыл сутек» өте сирек әрі қымбат өндіріледі. Көп жағдайда қолданылатын «сұр сутек» қазба отындарынан алынатындықтан, бұл технологияның экологиялық артықшылығына да күмән туғызады.
Осылайша Toyota-ның сутекке салған миллиардтаған инвестициясы күткен нәтижені бере алмады. Дегенмен компания бұл бағыттан толық бас тартқан жоқ. Қазір Toyota сутек технологиясын жүк көліктері, ауыр техника және батареялар тиімділігі төмен басқа салаларда дамытуға күш салып жатыр.