Ми құпиясын ашқан жаңалық: Стокгольмде Нобель апталығы басталды

Ми құпиясын ашқан жаңалық: Стокгольмде Нобель апталығы басталды
Фото: AI көмегімен жасалды

2026 жылғы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы америкалық ғалым Карл Дейссерот пен германиялық зерттеушілер Петер Хегеманн және Георг Нагельге берілді. Олар жарыққа сезімтал иондық арналар мен оптогенетика саласындағы жаңалықтары үшін марапатталды.

Жүйке жасушаларын жарықпен «қосып-өшіруге» мүмкіндік берді

Лауреаттардың есімі 5 қазанда Стокгольмде жарияланды. Осылайша дәстүрлі Нобель апталығы басталды.

Каролин институтының Нобель ассамблеясы ғалымдардың оптогенетика саласындағы еңбегін жоғары бағалады. Оптогенетика – жарықтың көмегімен жүйке жасушаларының белсенділігін басқаруға мүмкіндік беретін әдіс. Оның көмегімен ғалымдар мидың есте сақтау, сезіну және мінез-құлыққа жауап беретін механизмдерін тереңірек зерттей алады.

Петер Хегеманн мен Георг Нагель біржасушалы балдырларда кездесетін жарыққа сезімтал каналродопсин ақуызын зерттеді. Кейін Карл Дейссерот осы ақуызды жүйке жасушаларын жарық арқылы басқаруға мүмкіндік беретін құрал ретінде қолданудың жолын көрсетті.

Қарапайым тілмен айтқанда, ғалымдардың жаңалығы жүйке жасушаларын жарық арқылы «қосуға» немесе «өшіруге» мүмкіндік берді. Бұл мидың жекелеген нейрондары мен нейрондық желілерінің адамның есте сақтауына, сезіміне және іс-әрекетіне қалай әсер ететінін анықтауға жол ашты.

Бұл жаңалық несімен маңызды?

Мидың адамның сезімі, мінез-құлқы және ағза қызметін қалай басқаратыны ғылымдағы ең күрделі мәселелердің бірі болып қала береді.

XX ғасырда ғалымдар мидың әр бөлігі қандай қызмет атқаратынын зерттей бастады. Алайда бұрынғы әдістер нақты жүйке жасушаларының белгілі бір әрекетке қалай әсер ететінін дәл анықтауға мүмкіндік бермейтін. Оптогенетика бұл бағыттағы зерттеулерге жаңа серпін берді.

Оптогенетика миды бұрын мүмкін емес деп саналған деңгейде картаға түсіруге жол ашады, – деді физиология және медицина саласы бойынша Нобель комитетінің мүшесі Пер Свеннингссон.

Қазір оптогенетика есте сақтау, эмоция мен мінез-құлыққа жауап беретін нейрондық тізбектерді зерттеуде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар бұл әдістің көру қабілетін қалпына келтіруге бағытталған зерттеулердегі мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Лауреаттар туралы не белгілі?

Карл Дейссерот 1971 жылы дүниеге келген. Ол Стэнфорд университетінде білім алып, медицина докторы және философия докторы дәрежесін иеленген. Қазір Стэнфорд университетінде психиатрия, мінез-құлық ғылымдары және биоинженерия профессоры.

Петер Хегеманн 1960 жылы туған. 1984 жылы Германияның Гёттинген қаласындағы Макс Планк атындағы биофизикалық химия институтында докторлық дәрежесін қорғаған. Қазір Берлиндегі Гумбольдт университетінің профессоры.

Георг Нагель 1953 жылы дүниеге келген. 1982 жылы Франкфурт университетінде докторлық дәрежесін алған. Қазір Германиядағы Вюрцбург университетінде молекулалық физиология профессоры.

Биыл медицина саласындағы Нобель сыйлығына ықтимал үміткерлер қатарында Дэниел Друкер, Йенс Юль Хольст және Светлана Мойсов та аталған еді. Олардың GLP-1 гормонына қатысты зерттеулері қант диабеті мен семіздікке қарсы жаңа буын препараттарын жасауға ғылыми негіз қалады.

Нобель апталығы басталды

Физиология және медицина саласындағы лауреаттарды жариялау дәстүрлі түрде Нобель апталығын ашады.

6 қазанда физика, 7 қазанда химия, 8 қазанда әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегерлері белгілі болады. 9 қазанда Ослода Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты жарияланады.

Ал 12 қазанда Швеция банкі тағайындаған Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика саласындағы сыйлық иегері анықталады.

Биыл Нобель сыйлығының тағайындала бастағанына 125 жыл толып отыр. 1901–2025 жылдар аралығында сыйлық 633 рет беріліп, оны 1026 адам мен ұйым иеленген.

2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына 287 кандидат ұсынылған. Оның 208-і – жеке тұлға, 79-ы – ұйым.

Норвегия Нобель комитеті үміткерлердің есімдерін жарияламайды. Нобель қорының ережесіне сәйкес, номинанттар туралы ақпарат кемінде 50 жыл бойы құпия сақталады.

Айта кетейік, 2025 жылы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы америкалық Мэри Э. Брункоу мен Фред Рамсделлге және жапониялық Шимон Сакагучиге перифериялық иммундық толеранттылыққа қатысты жаңалықтары үшін берілген болатын.

Оқи отырыңыз