Месси тарихи рекордтарды жаңартты: Аргентинаның келесі қарсыласы анықталды

Месси тарихи рекордтарды жаңартты: Аргентинаның келесі қарсыласы анықталды
Фото: Getty Images

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Тәжірибелі шабуылшы турнирдегі сегізінші голын соғып, әлем чемпионаттарындағы өзінің жеке рекордын жаңартты.

Бұған дейін Мессидің бір әлем чемпионатындағы ең үздік көрсеткіші 2022 жылы Катарда өткен мундиальда тіркелген еді. Сол кезде аргентиналық футболшы жеті мәрте мергендігімен көзге түсіп, құрамасын әлем чемпионы атануға бастап барған болатын. Ал биылғы додада ол бұл нәтижесін басып озып, сегіз голдың авторы атанды.

Әлем чемпионаттарының үздік сұрмергені

Месси осы голынан кейін әлем чемпионаттарындағы жалпы гол санын 21-ге жеткізді. Осылайша ол мундиаль тарихындағы ең үздік сұрмерген ретіндегі орнын одан әрі нығайтты. Ол бұл көрсеткіш бойынша бұған дейінгі рекорд иесі Мирослав Клозеден әлдеқайда алға ұзап кетті.

Биылғы турнирдегі тағы бір ерекше жайт – Мессидің барлық сегіз голды ойын барысында соғуы. Егер 2022 жылғы әлем чемпионатында оның жеті голының үшеуі пенальтиден енгізілсе, бұл жолы барлық доп қарсылас қақпасына ашық ойын кезінде соғылды. Сондай-ақ аргентиналық жұлдыз осы чемпионаттағы әрбір матчта гол соғып, тұрақты нәтижелілігімен ерекшеленіп келеді.

Фото: Getty Images
Фото: Getty Images

Марадонаның рекорды да жаңарды

Мысыр құрамасына қарсы өткен тартысты кездесуде Месси тек гол соғып қана қоймай, нәтижелі пасымен де көзге түсті. Бұл оның әлем чемпионаттарындағы тоғызыншы нәтижелі пасына айналып, Аргентина құрамасы тарихындағы ассист саны бойынша абсолютті рекорд орнатуына мүмкіндік берді. Осылайша ол Диего Марадонаның көрсеткішінен асып түсті.

Сонымен қатар Месси бір әлем чемпионатында сегіз гол соғып, 1930 жылғы алғашқы әлем чемпионатында аргентиналық шабуылшы Гильермо Стабиле тіркеген ұлттық рекордты қайталады.

Қазіргі уақытта Лионель Месси сегіз голмен ЧМ-2026 үздік сұрмергендер тізімінің көшін бастап тұр. Оның басты қарсыластары – Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе мен Норвегия құрамасының мергені Эрлинг Холанд. Екеуінің еншісінде жеті голдан бар.

Фото: Getty Images
Фото: Getty Images

Швейцария ширек финалдағы соңғы қатысушы атанды

Әлем чемпионатының ширек финалына шыққан соңғы команда Швейцария болды. 1/8 финалда швейцариялықтар Колумбия құрамасымен кездесіп, негізгі әрі қосымша уақытта есеп аша алмады. Матч тағдыры пенальти сериясында шешілді.

Он бір метрлік соққылар сериясында Швейцария 4:3 есебімен жеңіске жетті. Колумбия сапында бірнеше ойыншы мүмкіндігін пайдалана алмаса, швейцариялықтар шешуші сәтте салқынқанды ойын көрсетті. Жеңіс голын Рубен Варгас соқты.

Жалпы кездесу қорғанысқа негізделген тартысты ойын өрнегімен есте қалды. Алғашқы таймда қауіпті сәттер өте аз болды. Екі қақпашы – Швейцария құрамасының қақпашысы Грегор Кобель мен Колумбия қақпасын қорғаған Камило Варгас өз командаларын бірнеше мәрте құтқарып қалды.

Екінші таймда ойын қарқыны артқанымен, қос команда да өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады. Қосымша уақытта да есеп өзгермеген соң, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.

Енді Швейцария 12 шілде күні Канзас-Ситиде өтетін ширек финалда Аргентинамен кездеседі. Бұл матчта жартылай финалдың жолдамасы сарапқа салынады. Ал Лионель Месси өзінің рекордтық көрсеткіштерін тағы да жақсартуға мүмкіндік алады.

Оқи отырыңыз