Мерей Базарбаев U23 әлем чемпионатының финалына шықты

Мерей Базарбаев U23 әлем чемпионатының финалына шықты
Фото: Біріккен күрес әлемі

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында күрестен әлем чемпионаты жалғасып жатыр. 17 қазанда өткен жарыстың алтыншы күнінде қазақстандық балуандар бірнеше белдесу өткізіп, Мерей Базарбаев финалға жолдама алды.

57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мерей Базарбаев жарысты сенімді бастады. Ол 1/8 финалда әлемнің қазіргі U23 чемпионы, америкалық Люк Лилледальді 3:1 есебімен жеңді. Ширек финалда Франция өкілі Расул Гальбураевтан 13:2 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда жапониялық Даито Кацумені 7:0 есебімен ұтып, әлем чемпионатының финалына шықты.

Енді қазақстандық балуан алтын медаль үшін Түркия өкілі Бекир Кесермен кездеседі. Түрік спортшысы жартылай финалда армениялық Арман Арутюнянды 10:0 есебімен жеңген. Шешуші белдесу 18 қазанда Лас-Вегас уақытымен, ал Қазақстан уақыты бойынша 19 қазанда өтеді.

65 келіде сынға түскен Шаттық Алайдар алғашқы кездесуінде әзербайжандық Мұса Агаевты 12:2 есебімен жеңді. Алайда келесі кезеңде ирандық Ахора Фархад Хатериге 14:15 есебімен есе жіберді. Ирандық балуан финалға шыққандықтан, Шаттық жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алды. Енді ол

Өзбекстан өкілі Санжарбек Рустамбековпен кездеседі. Жеңіске жеткен жағдайда қола медаль үшін ресейлік Эльдар Ахмадудиновпен күреседі.
70 келі салмақ дәрежесінде Майс Алиев алғашқы белдесуінде армениялық Давит Маргарянды 9:2 есебімен жеңді. Ширек финалда ирандық Эбрахим Эсмаил Элахичуранға 6:9 есебімен жол берді. Қарсыласы финалға шыққандықтан, қазақстандық балуан жұбаныш кезеңінде өнер көрсетеді. Ол Түркия өкілі Абдулла Топракпен кездесіп, жеңіске жетсе, қола медаль үшін жапониялық Тайга Огиномен белдеседі.

79 келіде Ерхан Әбіл жарысты екі жеңіспен бастады. Алдымен украиналық Виталий Маленковты 10:0 есебімен ұтса, кейін болгариялық Айкан Самир Сеидтен 6:0 есебімен басым түсті. Алайда ширек финалда ресейлік Саид Сайдуловқа 2:12 есебімен жеңілді. Ресейлік спортшы финалға шыққандықтан, Ерхан да жұбаныш белдесуіне қатысады. Ол Германия мен АҚШ балуандары арасындағы кездесудің жеңімпазымен күреседі. Жеңген жағдайда қола медаль үшін жапониялық Каната Ямагучимен кездеседі.

97 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрдәулет Бекенов алғашқы айналымда Түркия өкілі Рифат Эрен Гидакқа 0:7 есебімен есе жіберді.

Осылайша, 17 қазандағы жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасынан Мерей Базарбаев әлем чемпионатының финалына шықты. Сонымен қатар Шаттық Алайдар, Майс Алиев және Ерхан Әбіл жұбаныш белдесулері арқылы қола медальға таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Шешуші кездесулер 18 қазанда Лас-Вегаста өтеді.

Оқи отырыңыз