Жаңалықтар

Менің парақшамды тарихқа қызықпайтындар да қызығып қарайды - блогер

Менің парақшамды тарихқа қызықпайтындар да қызығып қарайды - блогер
Фото: instagram.com/nurqojadua 02.05.2023 18:12 1295

ХХІ ғасырда адамзаттың басым бөлігі әлеуметтік желіге тікелей байланған. Мәселен өткен жылдың соңындағы мәлімет бойынша дүниежүзінде әлеуметтік желі қолданушылардың саны 4,74 миллиард болған екен. Бұл Жер шарындағы тұрғындардың 59,3%-ы әлеуметтік желілерді қолданады деген сөз.

Қазір барлық ақпараттар әлеуметтік желі арқылы таратылып, хабарландырулар мен жарнамалар осы желілер арқылы жасалады. Сол әлеуметтік желіні оқырмандары үшін тиімді пайдаланып жүрген жастардың бір Нұрқожа Ерсайын. Нұрқожаның есімі әлеуметтік желі оқырмандары үшін жақсы таныс. Ол Instagram-да Derekkoz.kz парақшасын ашып, жастарға жаңартылған форматта түркі елінің тарихы мен мәдениетін насихаттап жүр. Бұған қоса You­Tube желісіне Solai de айдарымен подкастар жүктеп отырады.

Туған жерім – Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Жаңаталап ауылы. Кішкентайымнан сол кішігірім ауылда қой бағып, асық ойнап, атқа мініп өстім. Мектепті қалада оқыдым. Қарағанды қаласында Дарын мектеп-интернатта біліп алдым, бала кезде робототехникадан Қазақстан бойынша алғашқы команда құрып, шетелдерге жарыстарға баратынмын, - дейді Нұрқожа.

Менің парақшамды тарихқа қызықпайтындар да қызығып қарайды - блогер

Ол бірнеше арехологиялық экспедицияларға сызба сызып, суретші ретінде қатысқан. Сондай-ақ Есік қаласының жанындағы орта ғасырлық Қараханид қонысы мен сақ қорғандарын зерттеуге атсалысқан. Қазір ол әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаланып тарихты қарапайым тілмен насихаттауға көңіл бөліп жүр.

Тарих туралы тик-ток пен инстаграмнан парақша ашуды жұбайым ұсынған еді. Күрделі тақырыптарды қызықты қылып түсіндіре алатынымды байқап, осы идеясын айтты. Дос-туысқандар бұл идеяны қолдамаса да, тәуекел деп бастап көрдім. Сол шешімім менің өмірімді күрт өзгертті. Қазір жұбайыма күнде алғыс айтамын.

Бір қарағанда тарихты желіде жеңіл желпі айта салу салғырттық секілді көрінуі мүмкін. Бірақ Нұрқожа олай ойламайды. Оның ойынша тарихты жеңіл айту керек. Әлеуметтік желіге адамдардың көбісі білім аламын деп емес, миды өшіріп тастап демалу үшін кіреді. Ал менің видеоларым әзіл аралас, жеңіл видеолардың қатарында тұрады. Бұл өте ауыр конкуренция, себебі көрерменнің назарын аударып алу керек. Сондықтан мен күнделікті өмірде тарихқа қызықпайтын адамдарға да қызық болатындай ақпаратты жеңіл жеткізуге тырысамын. Қызығатындарға арнап телеграм-арна ашып қойғанмын, ол жерде күрделірек ақпарат бар. Ал бір қызыққан адам ертең кітаптан, басқа жерден керегін тауып оқып алады. Менің мақсатым – бәрін оқымысты қылып жіберу емес. Ең бастысы – қызықтыру.

Жас тарихшы Нұрқожа «Шыңғысханда ұлт болмаған», «Ол Отырарды жаулаушы емес, азат етуші» деген секілді біраз даулы мәселелерді айтып жүреді.  Алайда оның бұл пікіріне алдыңғы буын аға тарихшылар дұрыс қарайтын секілді.

Мен мүйізі қарағайдай біздің тарихшы, профессор ағайларымызбен үнемі тығыз байланыстамын. Барлық айтып жүрген әңгімемді тыңдатып, пікірін сұраймын. Ол кісілер менің жасап жатқан жобаларымды қолдайды. Артық немесе қате кетіп жаста, түзетеді.

Мәселен, Шыңғыс хан тыныш жатқан Отырарға не үшін шабуылдады? Әр нәрсенің өз себебі бар ғой. Шыңғыс ханның Отырарға шабуылы да бекер болмаған.

Ең алдымен, Шыңғыс ханның туған жері – қазіргі Моңғолия жерінде қала мәдениеті аса дамымаған, бірақ ол жақтың жергілікті халқы қалаларсыз-ақ әйбат өмір сүріп жатқан. Сондықтан, кейбір тарихшылардың ойынша, Шыңғыс хан үшін қалалардың маңызы болмады.

Алайда соның өзінде Шыңғыс хан бекерден бекер қалаға шабуылдамайды. Негізгі себеп – сол заманда Отырарды билеп отырған Қайыр ханның әділетсіз, сатқындығында. Қысқасы, Отырар тып-тыныш жатқан қала емес еді.

Қайыр хан Парсышыл Хорезмшах мемлекетіне бағынышты болған. Дәл сол Хорезмшах билеушілері дала заңдарын талай бұзып тұрған. Еркегі жоқ ауылдарды талқандап, керуендерді тонап, елшілерді өлтірген. Бұл дала заңдары бойынша да, қарапайым адамгершілік жағынан да нағыз жабайылық саналатын.

Біз мектеп партасынан Шыңғыс ханды Отырарды қиратып, кітапханасын өртеп, қаланы басып алған агрессор ретінде танимыз. Бірақ ол жерлерде ешқандай алып кітапхана болмағаны, Отырардың өртенбегені ашылып жатыр. Ал енді, Шыңғыс хан Отырарды бодандықтан босатып, егемендік сыйлағандығы шығып жатыр.

Шыңғыс ханның саясаты туралы біз көбінесе орта ғасырлық тарихшы Рашид ад-Диннің "Жамағат Тауарих" еңбегінен білеміз. Ол кітаптың орысша аудармаларында Шыңғыс хан Отырарды ЖАУЛАП алды деп жазылады. Алайда дәл сол тармақтардың қазақша аудармасын оқысақ, Шыңғыс хан Отырарды АЗАТ етті деп жазылған. Бар мәселе استخلاص сөзінде болып тұр.

Бұл сөздің және жалпы осы сөз жазылған беттің аудармасын анықтау үшін, парсы тілін білетін екі досымның көмегіне жүгіндім. Қысқасын айтқанда, "азат ету" – дұрыс аударма болып шықты.

Сонда қалай болғаны? Отырарды кімнен азат етіп жүр?

– Ол кезде Отырарды қыпшақ руынан шыққан Қайыр хан билеген, ал Отырардың халқы әркелкі болды. Яғни араб, парсы, қытай елдерінің адамдары көп, тіпті басым болды десек болады. Ал Қайыр ханның өзі парсылардың Хорезмшах мемлекетіне қызмет етті. Отырар ол заманда Хорезмшахтарға БАҒЫНЫШТЫ болды десек болады.

Ал енді, тереңірек қазайық. Бұның бәрін жазған Рашид ад Дин кім болды? Деректерге жүгінсек, ол кісі Шыңғыс ұрпақтарына қызмет еткен және жылнаманың барлығын солардың атынан жазған. Әрине, Отырарды азат етті деп жазады деп айтсақ та болады. Мүмкін, бұл тарихи еңбек – Шыңғыс хан ұрпақтарының сол кездегі «пропанандасы» шығар?

Тарихтың бір қызығы сол – соғысқан екі жақтың пікірі екі түрлі болады.

Менің жеке пікіріме келетін болсақ, Шыңғыс хан шынымен де Отырарды азат етіп, өзінің Ұлы Империясына қосты деп ойлаймын. Ал ол кездегі Отырардың жергілікті халқының бүгінгі қазақтарға қатысы шамалы. Қазақтар – Шыңғыстың көшпелі ұлы әскерінің ұрпақтары. Бірақ отарлаушы Патша үкіметіне бұл ыңғайсыз болды, сондықтан тарихи пропаганда арқылы қазақтарды қалаға қамау мақсатымен, өздерін отырықшы халықтың ұрпағы етіп санатқызды, ал бүкіл хандарымыздың атасы – Шыңғыс ханды жау қылып көрсетті.

Менің парақшамды тарихқа қызықпайтындар да қызығып қарайды - блогер

Шыңғысханды қазақ деп жүргендер бар?

– Шыңғыс ханды қазақ деу – Юлий Цезарьды итальянец деумен бірдей логикалық қателік. Цезарьдың кезінде Италия болмаған, Шыңғыс хан кезінде қазақ ұлты болмаған. Ол уақытта қыпшақ тідінде «қазақ» сөзі басы бос, еркін деген мағынаны білдірген деседі.

Біздің тарихта шындық көп пе, миф көп пе?

– Біздің тарихта шындықтың қанша екенін бір Құдай ғана біледі. Оның өтірік екенін біз білсек, өтірікті шындыққа ауыстыратын едік.

Көшпенді қазақтарды көп жағдайда кедей қылып көрсетеді. Қазақтар шынымен кедей болды ма?

– Осы сұрақ жиі қойылады. Біреуі өткен ғасырлардың суреттерінен қазақтардың кедей, бейшара көрінетінін байқайды, басқасы – батыс адамдарының жазған деректерін оқып, сондай шешімге келеді. Сонда аталарымыз шынымен де жаппай кедей болып, бар өмірі күн көрудің жолын іздеумен өтті ме?

Әрине, жоқ. Қазақтардың кедейлігі туралы түсінік өткен ғасырда отарлаушылардың арасында пайда болды. Оған себеп болған – 20-30 жылдары қолдан жасалған ашаршылық. Ол кезеңде қазақтардың жағдайы қандай болғанын бәріміз білеміз.

Дәл сол кезде Солтүстіктен бізге әртүрлі халық өкілдерін күштеп жібере бастайды. Олардың көбісі қазақ халқын алғаш көргенде – барлығы кедей, аш, мал-мүлкі жоқ, киіз үйлері құлайын деп тұрған, үстіне жыртық киім киген болатын. Соның арқасында көшпенділердің кейіпі осындай болып бекітіліп қалды.

Негізінде, отарлауға дейін көшпенділер – құрлықтың ең бай адамдары болатын. Көшпендіге көшпенді болып қалу үшін ғана кем дегенде 100 қой, 25 жылқы, он шақты түйе керек. Бұл қанша ақша екенін елестетіп көріңіздер.

Оған қоса «көш малы» деген тек қана көшуге қолданатын малы болған. Мал басы бұл сандардан азайған отбасылар «жатақ» болып, бір-екі жыл егін егіп күн көрген.

Отыршылар өздерінің 19 ғасыр басында тек Сібір қазақтарынан ғана жыл сайын 3 млн  қой басын, 150 мың жылқы сатып алып отырғанын тез ұмытып қалған секілді.

Көшпенділер мал баққанда оны отырықшы елдер секілді баққан жоқ. Аталарымыз үшін мал – бүкіл кәсібі болған. Ауылға келетін ақшаны сол ет, жүн, кілем, тері, сүт өнімдерін сату алып келген.

Тарихымызды оқыған адам көшпенділерді кедей деп ешқашан атай алмайды, сондықтан тарихымызды көбірек оқу керек.

Derekkoz.kz жобасын хабби деп айтуға болады ма?

– Дереккөз, Байса жобаларымен менің парақшамды хобби емес негізгі кәсібім деп айтуға болады. Бірақ Дереккөз бен Байса маған ақша әкелмейді керісінше мен оларға ақша жұмсаймын. Ал негізгі табысты арнайы жобалар мен жарнамадан табамын.

Сурет салатын өнеріңіз бар екен. Бұл да хобби ма?

– Иә, сурет салу – хобби. Бірақ бұл салада шығармашылық білімім бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға