«Менің кесірімнен...»: Нұртас Адамбай дін туралы сөздері үшін көзіне жас алды

«Менің кесірімнен...»: Нұртас Адамбай дін туралы сөздері үшін көзіне жас алды
Фото: youtube/kana beisekeyev

Қазақстандық актер, продюсер әрі блогер Нұртас Адамбай бұрын айтқан үзілді-кесілді пікірлерінің қате болғанын мойындап, сол сөздері үшін кешірім сұрады. Бұл туралы ол Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында айтты.

Атап айтқанда, өнер иесі бұған дейін адамдарды футболмен айналыспауға және матч көрмеуге шақырғанын еске алды. Адамбайдың айтуынша, ол кезде өзгелерге немен айналысу керегін нұсқауға құқы бар деп қате ойлаған.

Ол кезде қателескенімді мойындаймын. Футболмен айналысудың қажеті жоқ, футбол көрмеңдер дегенім менің ақымақтығым болды. Сол кезде ақымақ болғаным сонша, біреуге немен айналысу керегін, немен айналыспау керегін айтуға құқылымын деп ойладым, – деді ол.

Адамбай бұрынғы көзқарастары туралы айтып отырып, көз жасына ерік берді. Ол өзінің сөздерінен кейін кей адамдардың дінге деген көзқарасы теріс бағытта қалыптасып кетуі мүмкін екенін айтып, алаңдайтынын жеткізді.

Менің кесірімнен біреу дін туралы теріс ойлап қалған шығар. Мұны айтқан кезде, шынымды айтсам, осындай жағдайдың болғанынан қорқамын. Менің кесірімнен біреудің дін туралы теріс ойлағанын қаламаймын, – деді өнер иесі.

Адамбай сұхбат алдында қобалжығанын да айтты. Себебі өзін ислам дінінің маманы санамайтынын және сөздері тағы да қате түсінілуі мүмкін екенін атап өтті.

Дін туралы дұрыс айтпай, сөздерімнің кесірінен біреу оны қате қабылдап қоя ма деген қорқынышым бар. Мен ислам дінінің маманы емеспін. Мен өз жолын іздеп жүрген, өзі үшін бір нәрсе тапқан және соған сенгісі келетін қарапайым адаммын, – деді ол көзіне жас алып.

Сонымен қатар Адамбай өзінің танымал фильмдерінің түпнұсқаларын өшіріп тастағанын хабарлады. Оның айтуынша, қазір интернетте фильмдерінің тек пират ресурстарда жарияланған көшірмелері ғана бар. Ол дәстүрлі кино түсіруге қайта оралуды жоспарлап отырған жоқ. Өнер иесі кино индустриясынан мансабының шарықтау кезеңінде кеткенін айтты.

Айта кетейік, қазір Адамбай АҚШ-та тұрып, жасанды интеллект көмегімен қысқаметражды фильмдер түсірумен айналысады. Промпт жазу үшін Claude нейрожелісін пайдаланады екен.

Шоумен сондай-ақ АҚШ-тың EB-1A визасына құжат тапсырып жатқанын және алдағы уақытта грин-карта алуды жоспарлап отырғанын айтты. Сұхбат барысында ол АҚШ туралы жылы пікір білдіріп, бұл елді «құтты мекен» деп атады. Болашақ туралы сөз қозғаған Адамбай көп немересі бар, бақытты әрі мейірімді ата болуды армандайтынын мойындады.

Оқи отырыңыз