«Мен зерттеушімін»: республикалық байқау қорытындылары жарияланды

2025 жылғы сәуір айында Балаларды ерте дамыту институтының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі ұйымдар арасында дәстүрлі «Мен зерттеушімін» республикалық байқауы табысты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аталған байқау балабақша тәрбиеленушілерінің зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Байқаудың басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттыру, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау. Бұл мақсатқа қол жеткізу барысында балалардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріліп, зерттеу әрекетінің қарапайым алгоритмдерін меңгеру, сыни және креативті ойлау дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ ата-аналарды зерттеу процесіне тарту секілді маңызды міндеттер айқындалды, - делінген мәліметте.
Биыл байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 3500-ден астам мектепке дейінгі ұйымның тәрбиеленушілері қатысты. Үш кезеңнен тұрған байқаудың республикалық кезеңіне 40 үздік жұмыс іріктеліп алынып, қатысушылар өз жобаларын бейнеролик форматында дайындап, YouTube платформасына жүктеді. Жұмыстарды сарапшылар баланың жас ерекшелігіне сай зерттеу жүргізуі, тақырыпқа қызығушылығы және ойын еркін жеткізе білуі тұрғысынан бағалады. Педагогтер мен ата-аналардың бірлескен еңбегі балалардың топпен жұмыс істеу қабілетін дамытуға ықпал етсе, бейнеролик түсіру үдерісі баланың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік берді.
Байқау нәтижесі бойынша І орынды Қызылорда қаласындағы «Бегім ана» бөбекжай-бақшасы мен Шымкент қаласындағы №30 «Алпамыс» бөбекжай-бақшасы иеленді. ІІ орынға Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келген 6 мектепке дейінгі ұйым лайық деп танылды. ІІІ орынды Алматы және Жетісу облыстарындағы қатысушылар иеленді. Сонымен қатар, бірқатар қатысушылар «Тапқыр зерттеуші», «Жас эколог», «Креативті жұмыс», «Жаңалық жаршысы» және «Үздік бірлескен (ата-анамен) жұмыс» сияқты арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер Балаларды ерте дамыту институтының дипломдарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Байқау нәтижелері www.irrd.kz сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланды.
«Мен зерттеушімін» байқауы – балалардың ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық әлеуетін қолдайтын, білімге деген құштарлығын ерте жастан дамытатын маңызды алаң. Мұндай жобалар арқылы мектепке дейінгі кезеңдегі балалардың зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыруға, білім мен ғылымға деген қызығушылығын оятуға нақты мүмкіндік жасалады.
