Жаңалықтар

Мен сән үйлерінің желісін ашамын

Мен сән үйлерінің желісін ашамын
Фото: iagorod.kz 30.10.2022 23:31 1512

Астанада өткен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық шығармашылық конкурсы жас дизайнер Тимур Руш үшін кәсіби білім алудың баспалдағына айналды. 


«Zeken» сән үйінің дизайнерлері бірнеше жылдан бері түрлі қазақстандық конкурстарға тәлімгер және қазылар алқасының мүшесі ретінде атсалысып келеді. Сән үйінің басшысы, белгілі дизайнер, «Этно-Эрато» Еуразиялық конкурсының» Гаухар тасты алтын қайшы» марапатының иегері, Ұлттық Дельфий ойындарының тұрақты қазылар алқасының мүшесі Қайролла Әбішев кезекті мәрте республикалық байқауға өзінің негізгі ұстанымын алға тартып, креативті дизайнерді тауып, өзінің бай білімі мен тәжірибесін бөлісемін деп келді. Рудный интернатының тәрбиеленушісі Тимур Рушқа «Бүгіннің баласы - болашақтың данасы» байқауында осындай мүмкіндік туды.   

«Мен маусым айында астанада өткен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған конкурста тапсырма берген кезімде Тимур менің нені қалайтынымды бірден білді. Ол түсініп қана қоймай, оның бәрін жан-тәнімен қабылдады. Елорданың 20 жылдығына арналған күрделі идеяны бүкіл болмысымен алып шығып, өзінің туындысына «Болашақтың қуаты» деген атау берді. Топтама ұнап, қазылар алқасы жас дизайнердің мүмкіндігі мен шамасын ерекше атап өтті. Ең бастысы, ол дизайнер ретінде дұрыс ойлайды, ал қай жағын шыңдай түсу керектігін мен үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырамын», - деп ағынан жарылды Қайролла Әбішев. 


Белгілі дизайнер 22 жастағы модельерді өзінің шәкірті етіп алып, оған үлкен сенім артып отыр. «Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар жетім балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға арналған №1 Рудный арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушісі Тимур Руш өзінің дизайнер болып, жеке сән үйін ашсам деген асыл арманын жүзеге асыруына бір адым қадам жасады. Жас жігітке тек жоғары білімді туған қаласында өзге мамандық бойынша игеріп шығу керектігі ғана сәл қолбайлау болып отыр.
- Мен шаштараз болуға іштей дайындалып жүрдім, өйткені ағаш ұстасы немесе электрик болу менің жан-дүниеме жақын емес. Менің жаныма аспаз мамандығы жақындау, бірақ ол жерде де шығармашылық аз (күліп). Басқа таңдауым болмады. Шаштараздықты таңдауға тура келетін еді, - дейді Тимур.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға