Жаңалықтар

Мен орнымнан кетпеймін. «Өзенмұнайгаз» басшысы компанияда ауызбіршілік жоғын айтты

Мен орнымнан кетпеймін. «Өзенмұнайгаз» басшысы компанияда ауызбіршілік жоғын айтты
Фото: Видеодан кадр 30.05.2023 10:20 2356

«Өзенмұнайгаз» компаниясының бас ғимаратында өткен «Өзенмұнайгаз мұнайшыларының жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесуде директор Нұрдәулет Қилыбайдың айтқан сөзі көпшілікті дүр сілкіндірді. Ол компаниядағы ауызбіршіліктің жоғын және жүйелі жұмыс істеуге кедергі келтіретін себептерді ашық айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, қызметке бір адамды алу оңай емес екен. Өйткені жан-жаққа тартатындар бар. Компанияда ауызбіршілік жоқ.

Әңгіме басталды ғой, жігіттер. Мен де айтайыншы. Осы жерге келгеніме 3-4 ай болды. Маған сөйлеуге 3 минут уақыт беріңіздер. Менің де ішіме көп нәрсе толып қалды. Көріп жүрмін. Қазір ауызбен емес, жүрекпен сөйлесейік. Ақиқатты айтайық. Ақиқат керек қой, ендеше, айтайық. Бізде, шындарыңызды айтыңыздаршы, негзінде «Өзенмұнайгаз» айрандай ұйып отыруы тиіс жап-жақсы мекеме. Ауызбіршілік бар ма? Жоқ, - дейді Нұрдәулет Қилыбай.

Ол өзің жаңаөзендіктер сырттан келгенсің деп басында шеттеткенін де айтып қалды.

Ал негізінде мына жерде орталарыңыздан шыққан бір жігіт отырса әділетті болар еді. Егер ауызбіршілік бар болса, сол жігіт отырар еді.  Ауызбіршілік болмай, менде сырттан келіп отырмын. Өкінішті нәрсе. Сырттан келіп, мұнай саласын басқарып отырмын, - деді компания басшысы.

 Сонымен қатар,ол  бұл жағдайға жергілікті жігіттердің кінәлі екенін айтты.

Ұнаймын ба, ұнамаймын ба, мен келдім. Қазақпын,  қазақ тілін жетік меңгерген адаммын, Маңғыстаудың тумасымын, осы жақтың салт-дәстүрін бір адамдай білемін. Демек, мен сіздерге бөтен емеспін. Сондықтан жігіттер, ауызбіршіліктің болмауы көп нәрсеге кедергі келтіріп отыр. Маған кеше біреулер «кет» дейді. Мен орнымнан кетпеймін. Менің алда қойған мақсаттарым бар. Жаңаөзен қаласында 3-4 зауыт салып бергіміз келеді. Күнделікті құрылғыларды шығаратын зауыт салып, Жаңаөзен жастарын жұмысқа кіргізсек деймін. Біз сіздерге арнайы техника алып бергіміз келеді. Ақша жоқ деп айтады, - деп Қилыбай өзінің өкінішін білдірді.

Мемлекет бар жағдайды жасап қойды. Не айтсаң да «жоқ», қай жаққа барсаңыздар да «жоқ» дей бересіздер деп ренжитінін айтты. Ол сондықтан да амалын іздеу керек деп отыр.

Азаматтар, біздің Жаңаөзен тұнып тұрған әулиенің ортасында тұрмыз. Кіріп келе жатқанда «Құрмаш ата» жатыр, бері қарай келсең «Теңге әулие», мына жақта «Баһадүр» жатыр, ар жағында «Шопан ата», оның ар жағында бүкіл әлемді мойындатқан «Бекет ата» жатыр. Тыныштандырайық, жігіттер. Әруақтар тыныш жатсын. Егер мына жерде отырған жігіттердің бабалары біреуі Түркіменстанда, біреулерініңкі Өзбекстанда, бірлеулеріміздің бабаларымыз осы Маңғыстауда жатыр. Егер Алла Тағала жерге сиқыр жіберіп, әруақтарды оятатын болса, сол шалдар бәрімізді соятын еді, - деп мысал келтірді «ӨзенМұнайГаз» басшысы.

Ол өз іштерінен бөлініп, бір-бірімізді шеттетуді қоймасақ, жағдай жақсармайтынын атап өтті.

Біреу Түркіменстаннан, біреу Өзбекстаннан көшіп келді деп бөлінеміз. Мысалы, біреу болмаса біреуіңде ұлы жүз, орта жүзге шыққан қыздарың бар ма?Қайтарыңдар қыздарыңды. Жиендерді қалдырыңдар үйінде. Басқа ру не жүзден түскен келіндерің бар ма? Қайтарыңдар келіндеріңді. Астанада Маңғыстаудан барып, жұмыс істеп жүрген жігіттер бар ма? Оларды да қайтарыңдар. Егер сондай түсінікпен қарайтын болсақ. Күні кеше Бекнұр деген Жаңаөзенде туып-өскен жігіт Қазақстан даму банкі басқармасының басшысы болды. Бөркімізді көкке аттық. Сол Бекнұрды қайтарыңыз. Сондықтан жігіттер, бөлінбеу керек. Сол бөлінудің кесірінен зардап шегіп отырмыз. Жаңаөзен – алақандай қала. Мен үнемі айтамын және сенемін. Жаңаөзенді біреулер жақтырмайтын шығар. Бірақ бір күні Жаңаөзеннің жігіттері елге өнеге болатын заман келеді. Ол үшін бірігуіміз керек, - деп түйіндеді сөзін Нұрдәулет Қилыбай.

@ozenmunaigaz_ak Компанияның бас ғимаратында өткен “Өзенмұнайгаз мұнайшыларының жергілікті кәсіподағы” ҚБ мүшелерімен кездесуде Нұрдәулет Қилыбай айтқан бір ауыз сөз. #өзенмұнайгаз #жаңаөзен #ауызбіршілік ♬ original sound - “ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ” АҚ

Айта кету керек, 2023 жылы 25 қаңтарда Нұрдәулет Қилыбай «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры болып тағайындалды. Ол 1978 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. «Тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі инженер», «Қаржы және қаржы құқығы» маманы. 2018 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында Stafford House халықаралық мектебінде білім алған. Еңбек жолын 1999 жылы Маңғыстау тасымалдау бөлімшесі станциясының кезекшісі қызметінен бастаған. 2020 жылы Ақтау қаласының әкімі болған. Ал 2022 жылдың қазан айынан бұл қызметке тағайындалғанға дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға