«Мен молдавандардан ұтылмағанмын»: экс-футболшы ұлттық құраманы сынады

«Мен молдавандардан ұтылмағанмын»: экс-футболшы ұлттық құраманы сынады
Фото: коллаж AI / El.kz

Ұлттық құраманың экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Fonteam бағдарламасында футболшыларды сынап, мұндай матч күтпегенін айтты. 

16 қараша күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Словакия футболшыларымен матч өткізді. 2:2 есебі тіркелген ойынды жанкүйерлер әлі күнге талқылап, сарапшылар жеңілістік себебін таппай әлек. 17 қарашада құраманың тізгінін ұстап жүрген Джон ван’т Схиппен жұмыстан босатылды. 

Экс-футболшы Fonteam бағдарламасында Словакиямен өткен кездесуден кейінгі ойын айтып, бапкер қойған тактикаға таңданысын білдірді.

Үйде өтетін матч болған соң шабуылға негізделген тактикаға басымдық бере ме деп ойлағанмын. Бас бапкеріміз алты қорғаушы шығарғанда тосырқап қалдым. Бапкердің ойын түсінбедім. Кенжебек пен Исламхан екеуі барынша тырысты. Орталықтан көмекке келетін ойыншы болмаған соң, көп жүгіріп, әбден титықтады. Тактикалық қателік деп ойлаймын. 4-2-2 жүйесімен ойнап, неге соңғы матчта жанкүйерлерге ләззат сыйламасқа?! – деді ол. 

Ұлттық құраманың мүшкіл халіне ашынған маман бұрын қазақ футболының осынша дәрменсіз ойын өрнегін көрсетпегенін айтты. 

Біразы «Ұлан өздерің кезінде қатырмадыңдар ғой» деп жазып жатыр. Біздің кезімізде намыс бар еді, өз басым молдовандарға ұтылмағанмын. Біздің кезімізде A, B,  C,  D деп дивизиондарға бөлмейтін. Мысалы, сол тұста бір топта екі гранд болатын. Мысалы, Германия, Англия, Голандия, Түркия деген сияқты. Сосын Норвегия, Словакия сияқты ортаңқол командалар жайғасады. Содан кейін – біз, бізден кейін молдавандар, Мальта, Сан-Марино, Фарер аралдары дейтін командалар тұратын. Біз оларды шашып тастайтынбыз, – деп жауап берді Ұлан Қонысбаев. 

Сондай-ақ Ұлан Қоныспаев алдағы 10 жылда ұлттық құрамадан үлкен жаңалық күтудың қажеті жоғын атап өтті.

Бүкіл қалада академия салып, қалталы азаматтар бір жұдырық болып жұмылуы керек. Өзбекстанда 15 академия бар екен. Бізде 35 жылда бір академия бой көтерді. Оның өзін Қайрат Боранбаев салған, – деді экс-футболшы. 

Айта кетерлігі, 2008 жылдан бері Қазақстан мен Молдавия құрамасы тоғыз рет матч өткізген. Оның төртеуін де молдавандар жеңіске жетсе, үш рет қазақстандықтар басым түскен. Қос құрама екі рет тең ойнаған. 

Оқи отырыңыз