Жаңалықтар

«Мемлекеттік тілімізді қорламаңыздар»: Ринат Зайытов вице-министрге ескерту жасады

«Мемлекеттік тілімізді қорламаңыздар»: Ринат Зайытов вице-министрге ескерту жасады
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 17.09.2024 23:28 659

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов шетелде жылжымайтын мүлкі бар адамдарға неге салық қарастырылмағанын сұрады. Сонымен қатар қазақша сөйлеуге тырыспайтын шенеуніктерге ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сұрағымнан бұрын ескертуімді қабыл алыңыздар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында «Әркімнің патриоттық деңгейі мемлекеттік тілге деген құрметімен өлшенеді» деп анық айтқан. Бәлкім, Евгений Кочетовқа, Роман Васильевич Склярға, Ринат Рифхатұлы Зайытовқа да кешірілетін шығар. Бірақ атасының аты Әміре, өзінің аты Азамат, әкесінің аты Біржан, өзінің аты Ержан деген азаматтарға мына жерге келіп шүлдірлеп тұрған жараспайды. Басында екі сөйлем қазақша айтып, артында екі сөйлем қазақша айтып, өтірік мүсіркеп, біздің мемлекеттік тілімізді қорламауларыңызды сұраймын, - деп ескертуден бастады сөзін Мәжіліс депутаты.

Сонан соң Зайытов Дубайда пәтері бар қазақтарға тоқталып, ондағы пәтер құнының ең кемі 500 млн теңгенің айналасында екенін алға тартты.  

Енді сұрақтарыма көшейін. Дубайдың өзінде үш мыңға жуық пәтері бар қазақтар анықталды. Шетелде жылжымайтын мүлкі бар адамдарға неге салық қарастырылмаған, неге оларға салық салынбайды? Сонда біз олардың табысты жасыруға бөгет болатын едік. Зейнетақы табыс салығы деген бар. Оны жақсы білесіздер. Ол негізінде таза алдау деп ойлаймын. Өйткені зейнетақы табыс емес, жинақ. Жинаған ақшадан табысын ол әрбір айлығында төлеп тастаған. Сіздер бір жерден екі есе салық алып отырсыздар. Осыны шештіңіздер ме? Шешкен жоқсыздар ма? - деп сұрады депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға