«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы басталды

 gov.kz
Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау және қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауын жариялады.

Байқауға кәсіби журналистер, теле және радио ұжымдары, газет пен интернет-басылым редакциялары, сондай-ақ мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерін тұрақты көтеріп жүрген журналистер қатыса алады.

Байқау екі номинация бойынша өткізіледі:

  • «Үздік мақала»;
  • «Үздік теле/радиобағдарлама».

Қатысушылар 2026 жылғы 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында отандық бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ немесе орыс тілінде жарияланған екі мақаласын немесе бір теле/радиобағдарламасын ұсынуы тиіс.

Байқауға қатысу үшін:

  • белгіленген үлгідегі өтінім;
  • мақаланың Word форматындағы электрондық нұсқасы;
  • жарияланған материалдардың скриншоттары;
  • теле немесе радиобағдарламаның электрондық жазбасы жолдануы қажет.

Құжаттар 2026 жылғы 1 шілде сағат 24:00-ге дейін til.jane.baq@gmail.com электрондық поштасына «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына деген белгімен қабылданады. Байланыс телефоны: 8 (777) 114-66-83.

Байқау материалдары тақырыпқа сәйкестігі, ақпараттың өзектілігі мен нақтылығы, мәселені талдау деңгейі және материалды ұсыну шеберлігі бойынша бағаланады.

Сондай-ақ қатысушылардың қазақ тіліндегі контентті дамытудың заманауи тәсілдері мен инновациялық шешімдерді ұсына білуіне, мемлекеттік тілдің қоғамда және мемлекеттік органдарда кеңінен қолданылуына кедергі келтіретін мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстар беруіне ерекше мән беріледі.

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Оқи отырыңыз