Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия отырысы өтті

Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия отырысы өтті
Фото: primeminister.kz 27.05.2024 21:15 359

Премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Үкімет жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Отырысқа Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері және ғалымдар қатысты.

Комиссия отырысында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі даму мәселелері, тіл мәдениетін арттыру және тілдік капиталды нығайтуға бағытталған үйлесімді әрі теңгерімді тіл саясатын жүргізу мәселелері қаралды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асырылу барысы және Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мемлекеттік тілде жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілге қатысты заманауи IT-жобаларды әзірлеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Бұдан өзге жиында Әділет министрі Азамат Есқараевтың мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметі туралы қоғамдық бірлестіктің президенті Рауан Кенжеханұлының баяндамалары тыңдалды. 

Отырыс қорытындысы бойынша комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Премьер-министр орынбасары, комиссия төрағасы Тамара Дүйсенова мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға