Жаңалықтар

Мемлекеттік стипендия бізге үлкен мотивация берді

Қазақстандық тұңғыш гиперреалист Айдос Әкімғали мен жас актер Дінислам Нұрмағанбетов стипендияға ие болған кездегі әсерімен бөлісті
Мемлекеттік стипендия бізге үлкен мотивация берді
Фото: жеке мұрағат 18.01.2023 10:00 2104

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны беру туралы Жарлыққа қой қойған болатын. Соның нәтижесінде 75 мәдениет пен өнер қайраткері, шығармашыл тұлғалар мен жастар марапатталды. Оның қатарына енген қазақстандық тұңғыш гиперреалист Айдос Әкімғали мен жас актер Дінислам Нұрмағанбетов стипендияға ие болған кездегі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Айдос Әкімғали мемлекеттік стипендияға нағыз лайық, еңбекқор тұлғалар тағайындалды деп есептейді. Енді еліміздің одан әрі дамып, өркендеуі үшін барлығымыз атсалысып, аянбай қызмет етуіміз тиіс дейді.  

«Алдымен бізді қаншама үміткердің арасынан іріктеп алып, өнерімізді бағалап, мемлекеттік стипендияға тағайындаған әділ қазылар алқасына алғысымды білдіремін. Бұл жеңіске үлкен ізденіс пен еңбектің арқасында ғана жеттік деген ойдамын. Енді мұнымен тоқтамай, одан да жоғары марапаттарға ие болуға тырысатын боламын. Сол үшін әлі де талмай еңбектенуіміз қажет.  Жаңа Қазақстанымызды танытып, еліміздің өркендеуіне үлесімізді қосуымыз керек», - деді гиперреалист.

Ал Дінислам Нұрмағанбетов болса, алдымен мемлекеттік стипендияны иеленгеніне емес, қазақстандық ұлы тұлғалармен бірге марапаттау рәсіміне қатысқаны үшін қуанышын білдірді.

«Мемлекеттік стипендияны Асанәлі Әшімовтен бастап Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов сынды еліне еңбегі сіңген танымал қоғам қайраткерлері иеленді. Мен үшін олармен бірге отырып, аты аңызға айналған тұлғалардың батасын алу үлкен мәртебе болды. Шыны керек, тіпті көзіме жас та алдым. Бұл күн ұмытылмас ерекше сәтке айналды. Сондықтан жастарды бөліп-жармай, мүмкіндік беріп жатқандарына алғысым шексіз», - деді актер.

Мемлекеттік стипендия бізге үлкен мотивация берді

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оған қоса ол марапатқа ие болған жастарға артылған жауапкершілік көбейе түсті деген пікірімен бөлісті.

«Берілген марапат біріншіден, бізге артылған үлкен жүк, жауапкершілік. Сондай-ақ ол жастарға алға қарай ұмтылуға, биікке көтерілуге берген үлкен мотивация. Өйткені бір орында тұрақтап қалуға, артқа шегінуге болмайды», - деді Дінислам Нұрмағанбетов.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға