Мемлекеттік қызметшілер енді тек Aitu қолданады: ұлттық мессенджердің мүмкіндіктері

Мемлекеттік қызметшілер енді тек Aitu қолданады: ұлттық мессенджердің мүмкіндіктері
Фото: gov.kz

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге қызметтік ақпаратты WhatsApp немесе Telegram арқылы емес, тек ұлттық Aitu мессенджері арқылы жіберу талабы қойылды. Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың қызметкерлері бұл қосымшаны күнделікті пайдалануы керегін айтып, оның орындалуын бақылауды тапсырды.

Aitu – Қазақстанда 2018 жылы іске қосылған отандық мессенджер. Алғашында ол басқа мессенджерлер сияқты хабарлама алмасуға, аудио және бейнеқоңырау шалуға арналған қосымша ретінде ұсынылды. 2020 жылы пандемия кезінде Aitu-дың танымалдығы арта түсті. Себебі қосымша Ashyq жүйесімен байланыста жұмыс істеді. Сол кезеңде азаматтар қоғамдық орындарға кіру кезінде қосымшаның мүмкіндіктерін пайдаланды.

Кейін Aitu-дың функционалы кеңейіп, оны тек жеке хат алмасу құралы емес, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы цифрлық байланыс алаңына айналдыру бастамасы көтерілді. 2025 жылдың тамызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жеке деректер қамтылған коммуникацияларды қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауды тапсырды. Кейін мемлекеттік органдар арасындағы негізгі байланыс құралы ретінде Aitu таңдалды.

Aitu-ды қанша адам пайдаланады?

Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, қазір Aitu платформасында шамамен 7 миллион қолданушы тіркелген. Алайда күнделікті белсенді пайдаланушылар саны 350 мыңға жуық. Бұл көрсеткіш тіркелген аккаунттар мен қосымшаны күн сайын пайдаланатын адамдар санының арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетеді.

Үкіметтің мәліметінше, мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» қорының қызметкерлері қазірдің өзінде Aitu Workspace платформасын күнделікті жұмысында қолданады.

Aitu арқылы мемлекеттік қызмет алуға бола ма?

Aitu-дың тағы бір ерекшелігі – оған электронды үкіметтің цифрлық мүмкіндіктерін біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір мессенджерде eGov GPT қызметі қолжетімді. Бұл – мемлекеттік қызметтер мен электронды үкіметке қатысты сұрақтарға жауап алуға көмектесетін жасанды интеллект құралы.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жыл соңына дейін Aitu арқылы 55 мемлекеттік қызметті алу мүмкіндігі ашылады. Ал болашақта eGov жүйесіндегі қызметтердің 75-80 пайызын осы платформаға қосу жоспарланып отыр.

Яғни алдағы уақытта азаматтар кейбір мемлекеттік қызметтерді алу үшін бөлек платформаларға кірмей-ақ, Aitu арқылы қажетті ақпарат алып, өтініш бере алуы мүмкін.

Неліктен мемлекеттік органдар Aitu-ға көшіп жатыр?

Ұлттық мессенджерді дамыту бастамасының негізгі себептерінің бірі – ақпараттық қауіпсіздік. Мемлекеттік органдар күнделікті жұмыс барысында азаматтардың жеке деректерін, қызметтік құжаттарды және түрлі ішкі ақпаратты пайдаланады.

Мұндай мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан Үкімет қызметтік коммуникацияларды ұлттық платформаға көшіруді көздеп отыр.

Дегенмен Aitu-дың дамуы үшін тек мемлекеттік қызметшілерге оны міндеттеу жеткіліксіз. Қосымшаның қолайлылығы, тұрақты жұмыс істеуі, деректерді қорғау деңгейі және пайдаланушыларға ұсынатын мүмкіндіктері де маңызды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Aitu-ды дамыту жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды. Осылайша, Aitu енді жай ғана хабарлама алмасатын қосымша емес, Қазақстанның ұлттық цифрлық экожүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Ал оның қаншалықты тиімді болатынын уақыт пен пайдаланушылардың тәжірибесі көрсетеді.

Оқи отырыңыз