Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметші үлгісі: Қазақ әйелдері қандай болуы керек?

Мемлекеттік қызметші үлгісі: Қазақ әйелдері қандай болуы керек?
Фото: Жеке мұрағаттан 23.06.2023 19:00 1733

Бүгін - елімізде Мемлекеттік қызметшілер күні. Еңбекті жанына етене тұтып, мемлекеттік қызмет саласынан өзін тапқан әйелдер қазақ қоғамында аз емес. Сондай жандардың бірі - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Тансила Мұздыбекова, деп жазады El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Тансила Мұздыбекованың мемлекеттік қызметте жүргеніне 18 жылдан асты. Айтуынша, ол осы салада жүріп тұрмыс құрып, көпбалалы ана атанған. Қазір 4 ұлды тәрбиелеп отырған ана.

Мемлекеттік қызметке өзімді сынап көрейін деп, саналы түрде келдім. Бұл қадамыма еш өкінбеймін. Қазір Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқарып жүрмін. Әдеп жөніндегі уәкілдің міндетіне мемлекеттік қызметшілердің мемлекетшіл болуы, адал әрі ашық қызмет атқаруы кіреді. Осы міндеттерді әр мемлекеттік қызметшіге жеткізу арқылы өз миссиямды атқарып келемін, - деді Тансила Орынбекқызы.

Әйел мәртебесі және ұлттық құндылықтар

Тансила Мұздыбекова атап өткендей, бүгінде әйелдердің мемлекеттік қызметтегі рөлі жайлы айтылып жатқан әңгіме аз емес. Қай саланы алып қарасаңыз да, нәзік жандылардың үлес салмағы күн санап артып келеді.

Мысалы, Индустрия министрлігі 7 бірдей саланы біріктірген алып мемлекеттік органдардың бірі. Мұнда авиация, көлік, автомобиль жолдары, сәулет, құрылыс, қорғаныс өнеркәсібі, қатты пайдалы қазбалар бөлігінде жер қойнауын пайдалану, тау-кен, металлургия, машина жасау, химия, ағаш өңдеу өнеркәсібі, бағалы металдар өндірісі т.б. көптеген сала бар. Бұл салада 1200-дей адамның 464-і әйел.  Бұл шамамен 34 пайыз. Салалардың техникалық күрделі екендігіне қарамастан әйел мемлекеттік қызметшілер осы салалардың жұмысын ілгерілетуде, дамытуда, саясатын іске асыруда, алға жылжу мақсатында жоспарлар жасауға ерлермен бірдей қатар атсалысып жүр, жауапкершіліктері де бірдей. Сан түрлі салардың салмақты жауапкершілігінен тайсалмай қызметтегі сенім мен міндеттерді,  өзіндік қиыншылықтарды теңдей дәрежеде алып жүруі және мемлекеттік қызметке әйелдердің саналы түрде таңдап, сеніммен келуінің айғағы, - деп айтты мемлекеттік қызметші.

Мемлекеттік қызметтегі әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден, құқық берілуінен, үшіншіден қорғалуынан танылады. Дегенмен де біздің қоғамның, соның ішіне мемлекеттік қызметке келген әйелдердің құрметтелуі әр органда өзіндік үрдістерімен көрсетіліп жатады.

Жыл сайын атап өтілетін 8 наурыз мейрамына орай әйелдерді құрметтеп жатамыз. Біздің органда әйелдерді, қыздарды құрметтеп, мақтау қағаздарымен марапаттау салты дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Бұл тұрғыда  анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық –ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі екенін бәрімізге белгілі, - дейді Тансила ханым.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметте жүрген әйел қызметшілердің тағы бір өмірлік ұстанымдары – бұл ұлтымызға қатысты мәселе.

Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте жүрген әйелдер таңның атысы мен кештің батысына дейін ерлермен қатар иық тіресіп қызмет етеді. Бұл әйелдердің де отбасылары бар. Өзім де көпбалалы анамын. Сондықтан менің мойнымда мемлекетіме адал қызмет атқарудан бөлек, өз отбасымда адал, білімді ұрпақты тәрбиелеу міндеті жүктелген, - деп атап өтті Әдеп жөніндегі уәкіл.

Қазақ әйелі қандай болуы керек?

Тансила Мұздыбекованың айтуынша, аналарымыз бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетті, елсүйгіштік пен ұлтжандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді, бұл ұлтымызға ұлттық тегімізден дарыған асыл қасиет.

Қазіргі қазақ әйелі де кешегі аналар секілді азамат әйел болуға тиіс. «Азамат болу» дегеніміз қоғам өмірінен жеке мүмкіншіліктерге қатысты ойып тұрып орын алу ғана емес. Бесік тербетіп, ана болып, ұрпақ тәрбиесіне де аса ыждахаттылықпен қарауда болып тұр.

Әйел мемлекеттік қызметшінің қызметтік жауапкершіліктерінен басқа, өз отбасындағы балаларына дұрыс тәрбие беру, қоғамға дұрыс тәрбиеленген ұрпақ келтіру міндеті күн санап өзекті бола түсуде мұны естен шығармауға тиіспіз. Өз балаларына ұлттық құндылықтарды сіңіру, оның ішінде ана тілін білуге, салт-дәстүрді құрметтеуге баулу ана ретінде де, мемлекеттік қызметші ретінде де басшылыққа алатын қағидаларына айналуы керек. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халық даналығын ескерсек, біздің тәрбиелеген ұрпақ ертеңгі күні нақ біздің орнымызды баспасына кім кепіл. Қандай жағдай болмаса да әйел қызметшілер түпкілікті жаратылыс миссиясынан алыстамауы керек, - деді ол.

Әдеп жөніндегі уәкіл айтып кеткендей, салауатты, тәлімді ұрпақ келтіру мемлекеттік қызметтегі әйелдердің басты мәселесінің бірі ретінде дәріптеліп, насихатталуы өзекті жағдайға айналып отыр. Қазіргі кезде ұлттық құндылықтар тұрғысынан тәрбиелеуге кері әсер ететін сыртқы факторлар артуда. Гаджеттерге байланған балалар өз-өзіне мейлінше тапсырылған кезеңде тұрмыз. Сондықтан қызмет пен тәрбие мәселесін теңдей алып жүру маңыздылығы артып отыр. Баланың қалай дамып, өсу үдерісіне асқан ыждахаттылықпен қарау ана ретіндегі міндетімізден тысқары қалмауға тиіс. Бүгінде қызметтегі әйел қызмет пен беделді, отбасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүріп, отбасындағы әке рөлін де арттыру мәселесі туындады.

Қазір отбасындағы ер азаматтардың беделін көтеруге көбірек көңіл бөлінуі керек. Өтпелі кезеңнің сын-тегеуріндері салдарынан ерлердің қадір-қасиетінің төмендеуі, әкелер тәрбиесінің кемшіндігі орны толмас рухани зардаптарға соқтыруы мүмкін. Әке тәрбиесін дұрыс алмаған, «әкең келе жатыр» деген ескертуді естіп өспеген бүгінгі бала буын ертең ел басына келеді. Егер ертеңгі болашағымызда адал, әділетті шешімдер қабылдасын десек, бұл мәселеге қазірден көңіл бөліп, алаңдауға тиіспіз, - деп түсіндірді Тансила Мұздыбекова.

Бала тәрбиесі соңғы кезекке қалдырылмауы керек. Бұл орайда бірінші кезекте әйел-ананың отбасы өмірі мен бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіне тиісті мүмкіндіктер әлі де берілуі қажет.

Әйел мемлекеттік қызметші ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтарымыз арқылы мемлекетке қызмет етсе, болашаққа ұлттық құндылықтарды сіңірген ұрпақтар келтірсе онда еліміздің келешегі де әркез кемел болмақ. Өйткені шынайы адамгершілік пен адалдыққа негізделген құндылықтар ғана құнын жоймайды әрі өміршең келеді. Біз қазір мемлекеттік қызметтегі әйел мәртебесіне қатысты да дәл осылай пайымдай аламыз, - деп түсіндірді ИИДМ өкілі.

«Ұлт болашағын ойлауымыз керек»

Біз шығыс әйелдері болғандықтан, қазақ қоғамының әйелдері болғандықтан өзіміздің менталитетіміздегі тәрбиеден алыс кетпеуіміз керек. Мысалы, бізде ұлттық тәрбие, ұлттық құндылық деген мәселелер басты орынға шығып жатыр. Себебі заманауи  тенденциялардың кей тұстары ұрпағымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Балаларымыз өз-өздерімен қалып, ата-анасы жұмыста, мемлекетте қызметте жүреді. Балалардың немен айналысып жүргенін ата-аналар ұмытпауы керек. Өзімнің де 4 ұлым бар. Олардың тәрбиесі менің мемлекеттегі қызметіме бола кемшін болмауы қажет, - дейді сарапшы.

Айтуынша, министрлікте ашық есік күндері ұйымдастырылады. Осы іс-шара аясында ведомствода жұмыс істейтін қызметкерлердің балалары келіп, ата-анасының қызметімен танысады. Бұл да беріліп жатқан тәрбие.

Қазақ қоғамында әйелдерге өзін дамытуға, оқуға, белгілі бір саладан өзін табуға ешқандай шектеулер қойылмаған. Десе де осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, негізгі құндылықтарымызды ұмыт қалдырмауға тиіспіз. Ұлт болашағын ойлауымыз керек. «Ертеңгі ұрпақ тілімізді біліп келе ме, салт-дәстүрімізді біліп келе ме?» деген сұраққа тәрбие беру арқылы жауап беруіміз керек, - дейді Тансила Мұздыбекова өз сөзінде.

Қазір қазақ қоғамында әйелдер заманмен ілесіп келеді.

Индустрияның өзі 7 бағытты біріктерген сала. Жоғарыда атап өткенімдей, авиация, теміржол, көлік, сәулет, жер қойнауы. Бұлар көбіне ерлер меңгеретін техникалық мамандықтар. Осы салалардан қорықпай, әйелдердің ерлермен қатар қызмет атқаруы – қазақ қоғамындағы әйелдердің өзіне деген сенімінің артуы. Яғни технологияларды меңгеруі, заманауи үдерістермен қатар дамуы қазақ қоғамында әйелдердің толыққанды азамат екенінің айғағы. Осыларды негізге алып қарасақ, біз заманның легімен ілесіп келе жатқан қазақ әйелдеріміз. Бізде тоқырауға ұшырап жатқан әйелдер қоғамы жоқ, - дейді Тансила ханым.

«Сен жұмыс істемей, үйде отыруың керек»

Тансила Мұздыбекова қыздар тұрмыс құрғаннан кейін еститін «сен келінсің, үй жұмысымен айналысуың керек» деген түсінікке қатысты ойын ортаға салды.

Әйел орны ошақ қасында, бала жанында болу сияқты түсініктерді шығыс тәрбиесін алған әйелдер бойларына сіңіріп өсті. Дегенмен ислам мемлекеттерінде де әйелдер алға шығып, заманауи технологияларды меңгеріп, космосқа да ұшып жатыр. Сондықтан адам заманға лайықты болуы керек. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін әйел-ана білімді болуы керек. Егер тек қана ошақ қасында бала-шаға қамымен ғана отыратын болса, онда ол әйел қалай дамиды? Адалдық, әділдік, парасаттылық және білім мен ғылым ана сүтімен беріледі деп айтамыз. Ал егер ананың бойында кемшілік болса, ол ұрпақ тәрбиесіне қандай үлесін қосады? Ер азамат баласын, оның болашағын ойлайтын болса, әйелді тығырыққа тіремеуі керек, - деп айтты Әдеп жөніндегі уәкіл Тансила Мұздыбекова.

Қазақта «Әйел қырық жанды» деген сөз бар. Қазақ әйелдері жұмыста да, үйде де тиянақтылығымен, жан-жақтылығымен осы ұғымды дәлелдеп келеді. Біздің қоғамның әйелдері жаңашыл, озық ойлы, жасампаз.

Ол сөз соңында мемлекеттік қызметшілерге жылы лебізін білдірді.

Өзіндік қиындығы бар, қоғам мен мемлекет сенім артқан, Мемлекет басшысы сенім артқан әйелдерге, аналарға, қыздарға зор денсаулық тілеймін. Отбасылық ауызбіршілік, бақ береке болсын, - деп сөзін түйіндеді мемлекеттік қызметші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға