Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметке орналасу онлайн форматқа ауысады

Мемлекеттік қызметке орналасу онлайн форматқа ауысады
Фото: © Pixabay.com 17.05.2023 13:19 1152

Мемлекеттік қызметке орналасу ендігі таңда толыққанды онлайн форматқа ауысады. Бұл туралы елордада өткен «Астана» мемлекеттік қызмет хабының отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол жиын барысында шетелдік қызмет істері өкілдері мен сарапшыларға мемлекеттік қызметкерлерге арналған отандық «Е-қызмет» жүйесін таныстырды.

«Е-қызмет» жүйесі 2022 жылы қолға алынды. Қазіргі таңда портал толыққанды автоматтандырылып, бірнеше модуль іске қосылды. Наурыз айынан бастап жүйе 5 мемлекеттік органда пилоттық жоба ретінде жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, Сауда және интеграция министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Ақмола облысы, Шымкент қаласы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде толыққанды жұмысқа орналасу онлайн түрде жүргізіліп жатыр, - деді Дархан Жазықбаев.

Жүйеде мемлекеттік қызметкерлерге арналған бос вакансиялар тізімі ұсынылады және сол бойынша жұмысқа орналасамын деушілер прокторинг бағдарламасы арқылы онлайн тест тапсырып, мемлекеттік қызметте жұмыс істей алады.

Жүйенің пилоттық жобасы іске асырылған екі айдың ішінде Сауда және интеграция министрлігіне 8 адам өтініш беріп, бір адам жұмысқа орналасты. Ақмола облысында 2 адам өтініш бергені белгілі, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.

Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінде мұндай жоба жоқ. Сондай-ақ жыл соңына дейін жоба сәтті түрде тәжірибеден өткен соң, келесі жылдан бастап барлық мемлекеттік органда жүйені енгізу жоспары бар.

Бұл жүйе мемлекеттік қызметке орналасу талаптарын өзгертпейді, тек оның ашықтығын қамтамасыз ететінін түсіндіріп өтті.

Мемлекеттік қызметке орналасу үшін 5 кезең беріп отырмыз. Олар: тест тапсыру (екі кезеңнен тұрады), қабілетін анықтау, эссе жазу және сұхбаттан өту. Мұның барлығы онлайн өтеді және ең соңында жиынтық балы белгілі болады. Қай үміткердің жиынтық балы жоғары болса, соңы жұмысқа орналасады, - деді Дархан Жазықбаев.

Бұл жүйе мемлекеттік секторды білімді, білікті және тәжірибелі мамандармен қамту үшін жасалғанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға