Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет саласында 91 қызмет комиссия шешімі негізінде көрсетіледі

Мемлекеттік қызмет саласында 91 қызмет комиссия шешімі негізінде көрсетіледі
Фото: pixabay.com 15.03.2023 16:44 772

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген талдау нәтижелері кейбір комиссиялардың қажет емес екенін көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте агенттік төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов мәлімдеді.

"Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 91 қызмет түрі комиссия шешімінің негізінде көрсетіледі. Оның ішінде бірқатар комиссиялардың қажеттілігі жоқ. Мұны өткізілген біздің талдаудың нәтижесі көрсетіп отыр. Қызметті кейінге қалдыру туралы мәселе комиссиялық түрде шешіледі. Алайда кейінге қалдыру туралы негіздер заңда жазылған. Олар ресми құжаттармен расталады. Бұл мәселелер талқылауды немесе ведомствоаралық келісуді қажет етпейді", деді спикер.

Бұдан басқа 190-нан астам мемлекеттік қызмет келісу рәсімі арқылы көрсетілген. Оның 113-і басқа мемлекеттік органдармен,  77-ге жуығы сарапшылармен келісуді талап етеді. Рұқсаттардың 17,6% алдын ала тексеру кезеңін қамтиды.

Салауат Мүксімовтің айтуынша уәкілетті орган олардың орындылығына тиісті сараптама беруі тиіс.

"Себебі оның барлығы бюрократияға алып келеті сөзсіз. Қызмет көрсетудің мерзімін негізсіз ұзартып, ұлғайтып отырады. Өз кезегінде 374 мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері мерзімді болып табылады. Бұлардың көбін қызмет алушыларды қолданылу мерзімі өткеннен кейін қайтадан жаппай қызметке жүгінуге мәжбүрлемей, мерзімсіз форматқа ауыстыру қажет", деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.

Осыған дейін өткен жылы қазақстандықтарға 270 млн мемлекеттік қызмет көрсетілгенін хабарлаған болатынбыз. Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің орынбасары электрондық үкімет порталында жұмыс істемей тұрған 25 қызмет қалпына келтірілгенін мәлімдеген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға