Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Нью-Йорктегі халықаралық семинарға қатысты

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Нью-Йорктегі халықаралық семинарға қатысты
Фото: ҚР МҚІА 29.11.2023 19:03 704

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай «XXI ғасырдағы меритократия негізінде мемлекеттік қызметтің адам ресурстарын басқару» халықаралық семинарына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Семинар Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссиясы және Астана мемлекеттік қызмет хабымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Семинардың негізгі мақсаты – БҰҰ тәжірибесі негізінде адам ресурстарын басқару жүйесінің заманауи әкімшілік және техникалық аспектілерін талдау.

Шараға Астана хабының резидент-елдері Әзірбайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Украина, Өзбекстанның мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органдарының басшылары қатысты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, Халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссияның төрағасы Ларби Джакта БҰҰ әлемнің түрлі аймақтарында мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекеттік секторда адам ресурстарын басқарудың үздік тәжірибесін тарату үшін осы бағыттағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде, МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай қазіргі заманғы үрдістер мемлекеттік қызмет тиімділігін үнемі арттыруды қажет ететіндігіне назар аударды. Ол семинарға қатысушыларға мемлекеттік қызметтің гибридті моделі негізінде «адамға бағдарланған» және сервистік мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жетілдіру шаралары туралы айтты.

Дархан Жазықбай Президенттік жастар кадр резерві және өзге де жастарға арналған әлеуметтік лифттер құру, мемлекеттік қызметке жоғары оқу орнының үздік түлектерін конкурссыз тағайындау, жеке сектордан тәжірибелі мамандарды тарту сынды мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар жайлы баяндады.

Сондай-ақ кадрлық бизнес-процестерді толық автоматтандыруды және мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін цифрландыруды көздейтін «e-Qyzmet» жүйесін жаңғырту шараларымен оның мүмкіндіктері туралы хабардар етті.

Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қызметті дамытудың өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасып, адам ресурстарын басқарудың озық тәсілдері, әдістері мен үрдістері туралы мұндай семинарлардың оң әсерін атап өтті.

Семинар аясында мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органдардың Астана мемлекеттік қызмет хабының резидент-елдерінің мемлекеттік басқару комитетінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өтеді деп жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға