Мемлекеттік органдардың ЖИ енгізу жөніндегі алғашқы қазақстандық-ресейлік диалогы өтті

Мемлекеттік органдардың ЖИ енгізу жөніндегі алғашқы қазақстандық-ресейлік диалогы өтті
Фото: gov.kz

Мәскеуде AI Journey 2026 жасанды интеллект жөніндегі халықаралық конференция аясында мемлекеттік органдардың ЖИ енгізу бойынша алғашқы қазақстандық-ресейлік диалогы өтті.

Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, көлік, мемлекеттік және өңірлік басқару салаларында ЖИ-ді азаматтық мақсатта қолдану сценарийлеріне арналды.

AI Journey 2026 конференциясының ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің стратегиялық мақсаты - мейлінше қысқа мерзімде толыққанды цифрлық мемлекетке айналу екенін мәлімдеді. «Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді, «Жасанды интеллект туралы» Заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, жаңа цифрлық экономиканың қарқынды дамуы үшін қажетті құқықтық және институционалдық негіз қалыптасты. Ең бастысы, бұл ауқымды жұмысты қоғамымыз қолдап отыр, өйткені ол азаматтар мен бизнеске нақты пайда әкелуде», - деді Президент.

Мемлекеттік органдардың ЖИ енгізу жөніндегі қазақстандық-ресейлік диалогының ашылуына Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Чернышенко, Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Максут Шадаев, сондай-ақ Сбербанктің аға вице-президенті - «Технологиялық даму» блогының басшысы Андрей Белевцев қатысты.

Три человека в деловых костюмах сидят за столом на конференции.
Gov.kz

«Қазақстан үшін жасанды интеллектіні енгізудің азаматтардың күнделікті өмірі мен бизнес жұмысында айқын нәтиже беруі маңызды. Денсаулық сақтау саласында бұл - дәрігерлерді қолдау және медициналық көмектің сапасын арттыру, білім беруде - педагогтер мен оқушыларға көмек, ал көлік және қалаларды басқару салаларында - неғұрлым дәл аналитика мен ақпаратты жедел өңдеу. ЖИ-жобаларды бағалау кезінде біз нақты өзгерістерге: мерзімдерді қысқартуға, мамандарға түсетін жүктемені азайтуға және сервистердің адамдар үшін қолайлылығына бағдарланамыз», - деп ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин атап өтті

Бағдарлама екі блокты - салалық және өңірлік бағыттарды қамтыды. Негізгі назар денсаулық сақтау, қаржы, көлік, оқу-ағарту, ғылым, жоғары білім және өнеркәсіп салаларында ЖИ-ді тәжірибелік тұрғыда қолдануға аударылды.

Салалық блокта қазақстандық тараптан денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов, көлік вице-министрі Дамир Қожахметов, оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец, ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаевсөз сөйледі.

Ресей тарапынан Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вадим Ваньков, Қаржы министрінің бірінші орынбасары Павел Кадочников, Көлік министрлігінің Цифрлық даму департаментінің директоры Артем Юренков, Оқу-ағарту министрлігінің Цифрлық трансформация және басым жобалар департаментінің директоры Андрей Горобец, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және технологиялар трансфері департаментінің директоры Марина Францева, Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Василий Шпак қатысты

Ұсынылған материалдар медициналық диагностика мен дәрігерлік шешімдерді қолдауға, салық және бюджет ақпаратын өңдеуге, көлік инфрақұрылымын диагностикалауға, оқытуды дербестендіруге және геологиялық деректерді талдауға арналған ЖИ-құралдарды қамтыды.

Өңірлік блок аумақтар мен қалалық сервистерді басқаруда деректер мен ЖИ-ді пайдалануға арналды. Қазақстандық шешімдерді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жәркешов және Қарағанды облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий таныстырды.

Мужчины в деловых костюмах сидят за столом с ноутбуками на официальном мероприятии или конференции.
Gov.kz

Ресей тарапынан Мәскеу қаласының Ақпараттық технологиялар департаменті басшысының кеңесшісі Дмитрий Онтоев Мәскеу облысының вице-губернаторы Людмила Болатаева, Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаев және Ямал-Ненец автономиялық округі губернаторының орынбасары Константин Оболтин қатысты.

Астана қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған бейнеаналитика жүйесін таныстырды. Алматының таныстырылымы қалалық деректерге, ЖИ-ассистентке және Almaty AI City инфрақұрылымына арналды. Ақмола облысы Smart Aqmola ақпараттық-талдау платформасын көрсетсе, Қарағанды облысы тұрақтарды, бағдаршамдарды басқару және жол сапасын бақылау ісінде үлкен деректер мен ЖИ-ді қолдану тәжірибесін ұсынды. Ұсынылған құралдардың тәжірибелік мақсаты - ақпаратты өңдеуді жеделдету, қолмен орындалатын операциялар көлемін азайту және мамандарға деректер негізінде шешім қабылдауға көмектесу.

Оқи отырыңыз